Жылыой ауданында жаңа су таратқыш салынады

20190124122956 Жаңалықтар
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен Жылыой ауданына барды. Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, қарқынды даму әлеуеті жоғары ауданда 2018 жылы көп жұмыстар атқарылды.
20190124123031
Өткен жылы ауданда 31,5 млн тонна мұнай, 15,8 млрд текше метр газ өндірілді. Аудан әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, құрылыс саласына 444 млрд теңге инвестиция салынды. Құлсарының жаңа ықшам аудандарына инфрақұрылым жүргізуге ерекше көңіл бөлініп отыр. «Береке», «Мұрагер» ықшам аудандарында екі балабақша, музей мен кітапхана, өнер мектебіне жаңа ғимараттар салынады. Жол құрылысы жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Құлсарыға 107 км жол салу керек. Бірінші кезеңде 5,7 шақырым жолға асфальт төселеді. Бірінші кезең бойынша қаланың 14 ықшам ауданын қамтитын 45 км автожол салу жоспарда бар. Құрсай өзенінің түбін тереңдету және жағалауын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы ауданда 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
20190124122956
Аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау нысандарында кәсіби кадрлар жетіспейтінін атап өтті. Ауданға 31 мұғалім, екі дәрігер (окулист және кардиолог) керек. Бұл проблеманы шешу үшін білім беру, денсаулық сақтау басқармаларымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімі Азамат Бекет 2019 жылдың басты жоспарларын айтты. Жаңа автожол құрылысы жалғасады, тұрғын үйлер құрылысына, бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларын сатып алып, орнатуға қаражат қаралған. Жалпы ұзындығы 68 км көшені жарықтандыру, қоғамдық көліктің үзіліссіз жүруі үшін қосымша 20 автобус сатып алу жоспарланып отыр.
Жылыой ауданы әкімінің есеп беру жиынын қорытындылаған Нұрлан Ноғаев алдымен ауданның дамуына тоқталды. «Өткен жыл өңір үшін табысты болды, бірқатар жұмыстар атқарылды. Ауданның, жалпы еліміздің дамуы барлық қазақстандықтардың ортақ табысы, Мемлекет басшысының елдің ішіндегі және халықаралық аренадағы сарабдал саясатының жемісі»,-деді Нұрлан Ноғаев. Аймақ басшысы Үкіметтің облысқа берген барлық тапсырмалары толық көлемде орындалғанын атап өтті.
Мұны аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен де байқауға болады. Өткен жылы нақты қандай жұмыстар жасалғанын облыс әкімі 20 ақпанда халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтады. «Жылыой ауданы тұрақты дамып келеді. Бұл барлық жылыойлықтардың еңбегі. Ауданда көп жылдар бойы шешімін таппай келген жұмыстар атқарылды. Мысалы, Құрсай өзенінің түбін тереңдету және жағалауын бекіту, әлеуметтік маңызы бар жаңа нысандар салу, тұрғындардың әлеуметтік ахуалдарын оңалту»,-деді Нұрлан Ноғаев.
20190124123004
Облыс әкімі кездесуге келген тұрғындардың қойған сауалдарына жауап берді. Аудан тұрғындары автожолдарды жөндеу, бейнебақылау камераларын орнату, экологияның жағдайы, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашалық мәселелері жайлы сұрады. Жылыойлықтарды ауыз сумен қамту мәселесі де толғандырады. Билік алдында аймақты сумен қамту бойынша стратегиялық міндет тұр. Осыған байланысты ұзындығы 30 км жаңа су таратқыш құрылысын салу жөнінде шешім қабылданды. Құбыр желісі қолданыстағы «Қиғаш-Жаңаөзен» су құбырына қосылатын болады.
Тұрғындар Атырау-Құлсары әуе бағыты ашылуы мүмкін бе деп те сұрады. Облыс әкімі қазір авиакомпаниялар алдында ел ішінде тұрақты рейстерді қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. Болашақта оларды жергілікті, облыс ішіндегі маршруттар да қызықтыруы мүмкін. Жалпы аймақ басшысы аудан әкімі Азамат Бекеттің жұмысын оң бағалап, аудан дамуы бойынша нақты тапсырмалар берді.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз