Жуырда жарық көрген «Жігіттердің жырымын» антологиясында не айтылған?

72419bfa1e65466f030d3fe9e1451d69 Жаңалықтар

Atr.kz/4 ақпан, 2020 жыл. Жақында Түркияда ноғай халқының ақын қызы Кадрия Темірболатованың «Жігіттердің жырымын» антологиясының тұсаукесері болған еді. Ақынның жырларын қазақ тілінде сөйлеткен – біздің жерлесіміз, ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу. Түркиядағы ақынды ұлығылаған шарадан оралған Маржан Аманқосқызымен сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– М а р ж а н , ж а қ ы н д а Түркияда ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен шарадан оралдың. Осы сапар барысы туралы айта отырсаң…

– Анкарада ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде өмірден ерте кеткен ноғай халқының ақын қызы Кадрия Темірболатованың туғанына 70 жыл толуына орай конференция өтті. Сол жерде Кадрияның өлеңдерін он екі тілге аударған «Жігіттердің жырымын» атты антологиясының тұсаукесері болды. Қазақстаннан Кадрия өлеңдерін қазақ тіліне аударған аудармашы ретінде мен де бұл шараға шақырылған едім. Бұл шараға жер жерден аудармашы-ақындар шақырылған екен.

Сондай-ақ, Дағыстанның Ноғай ауданынан өнерпаз жерлестері, мәдениет басшылары қатынасты. Кадрияға арналған шаралар Түркияның Стамбул, Ялова, Ескішехир қалаларында жалғасты. Яловада Кадрия Темірболатова атында көше ашылса, Анадолы университетінде әдеби басқосу ұйымдастырылды. Бұл шаралар жоғары денгейде өтті. Және біздер, ақындар үшін поэзия мерекесіне айналғандай болды.

– Кадрия өлеңдері қандай тілдерге аударылды? Саған аудару жөнінде ұсыныс болды ма әлде өз бетіңше аудардың ба?

– Кадрия жырлары қазақ тілінен басқа қырғыз, өзбек, башқұрт, татар, құмық, орыс, әзербайжан, түрік, татар, түркімен тілдерінде сөйледі. Ал, аударма туралы айтар болсам, былтыр ақпан айында Анкарада және Стамбулда менің «Дина Нұрпейісова» және екі аударма кітабым «Қожанасыр жырлайды», «Сезім музейі» кітаптарымның тұсаукесері өткен еді.

Сол барған сапарымда ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов маған Кадрия Темірболатованың ноғай тілінде шыққан «Үйіңізге жақсылық» атты кітабын беріп, «Кадрияны қазақша сөйлеткенің дұрыс, біздің жобамызға қатыс» деген еді. Ноғай тілі қазақ тіліне жақын тіл, дегенмен едәуір айырмашылықтар бар. Бірақ, неге екенін білмеймін, Кадрия жырларына ықыласым ауды. Аударма соншалықты қиынға түскен жоқ. Ол – менің жаныма жақын ақын. Болашақта Кадрияның кітабын шығарғым келеді.

– Кадрия Темірболатова туралы деректер айта кетсең…

– Кадрия Оразбайқызы 1948 жылы Дағыстанның Ноғай ауданында Терекли-Мектеб ауылында туған. М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1977 жылдан СССР Жазушылар Одағының мүшесі. 1970 жылы «Таулар даладан басталады», 1972 жылы «Жолдар» және «Жастық әуендері» т.б кітаптары шыққан.1975 жылы Мәскеу «Молодая гвардия» баспасынан «Улыбка луны» кітабы шықты. «Современник» баспасынан «Спасённые звёзды» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.

«Улыбка луны» кітабы үшін Кадрияға ДАССР республикалық Ленин комсомолы атындағы сыйлық берілді.
Жақында Түркияда ноғай халқының ақын қызы Кадрия Темірболатованың «Жігіттердің жырымын» антологиясының тұсаукесері болған еді. Ақынның жырларын қазақ тілінде сөйлеткен – біздің жерлесіміз, ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу. Түркиядағы ақынды ұлығылаған шарадан оралған Маржан Аманқосқызымен сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

М.Лермонтов, В. Маяковский, Н. Хикмет, Р. Ғамзатов тағы басқа ақындардың шығармаларын ноғай тіліне аударды. 1984 жылы «Современник» баспасынан «Дочь степей» кітабы шықты. Кадрия Темірболатова Дағыстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, Мәскеуде өткен VI Бүкілодақтық Жас қаламгерлер Кеңесіне қатысушы болды. VI РСФСР Жазушыларының съезіне қатысты. Дағыстанда туған ноғайдың талантты ақын қызы Кадрияның өткір де жалынды жырлары өз заманында Кеңестер Одағын аралап кетті. Танымалдыққа ерте жетті.

Кадрия поэзиясында от бар, мінез бар, ноғайдың асау қаны бар, тамыры бар, жаны бар. Оның махаббат лирикасында да қайсарлық бар. 1978 жылы жас талант күйіп кетті. Жүрек отына емес, қаскөйлердін салған отына. Өлең мен қоғам! Талант пен тобыр! 30 жасында қызғаныштың құрбанына айналды ма?! Әйтеуір Кадрия өлімі жұмбақ! Өмірден өткеніне 40 жыл өтсе де, не үшін өлтірді? Кім? Бұл сұрақтың жауабы табылмай келеді. Кадрия отызға толмай кетті өмірден. Оның таланты мен сұлулығы қызғаныш отын маздатты ма, кім білсін?!

Жас та болса алғыр, ақылды, білімді, талантты жас ақынның жолы оңай болмаса керек. Кадрия Махачкалада пединституттың 3-курсында оқып жүргенде, оның талантын ерте таныған Расул Ғамзатов Мәскеуге М.Горький атындағы Әдебиет институтына ауыстыру жөнінде хат жазады. Осылайша Кадрияның алдынан алтын қақпа ашылады. Мәскеуде ол талантымен танымалдыққа ие болады. Оның өлеңдері орыс тіліне аударылып, үлкен басылымдарда жарық көреді. Мәскеуден кітаптары шығып, Одақ аумағына тарала бастайды. Әдебиет институтын бітірген соң оны Орталық комитетке жұмысқа шақырады.

Бірақ, Кадрия «халқыммен бірге боламын, мен ноғай халқының қызымын ғой» деп, бас тартып, Дағыстанға келіп, сол жерде Дағыстан ЛКСМ-да жұмысқа орналасады. Өнер қайраткерлеріне арналып салынған үй де бұйырады. Оның ата-анасы Терекли деген жерде тұрған. Қарапайым адамдар. Әкесі – колхоз басшысы, анасы – үй шаруашылығындағы адам. Кадрия бала кезінде әжесінің тәрбиесін алған. Әжесі ескі жырларды көп білетін және мақалдап сөйлейтін кісі болыпты.

Кадрияның әдебиетке құмарлығын оятқан әжесі екен. 1978 жылы Гаваннада Бүкілдүнижүзілік Жастар мен студенттердің фестиваліне қатысуға Мәскеуден жолдама алады. Сол кезең ол үшін қиын болған сияқты. Гаваннаға аттануға екі күн қалғанда ол үйінде өлі күйінде табылады. Біреулер өртеп жіберген. Ауылдан алыс жолға қыздарын шығарып салуға келген ата-анасын Дағыстан милициясы вокзалдан ұстап алып, түрмеге қамайды. Сенімсіздікпен бе, әлде солай жасауға жағдай болған ба?

Кадрияның денесін Украинаға апарып жерлеген. Расул Ғамзатов Мәскеуге, Бас Прокуратураға Кадрия өлімін ашу жөнінде бірнеше хат жазған. Бірақ, нәтиже шықпаған. Кадрия аты оның жетпіс жылдығы қарсаңында айтыла бастады. Қазақ оқырмандары енді танып біліп жатыр.

– Кадрияның басқа ақындардан айырмашылығы бар ма? Айырмашылық дегеніміз өлеңі, ақындық мінезі деген сияқты.

– Ноғайдың талантты ақын қызын жаныма жақын тұттым. Ең алғаш оның поэзиясымен танысқанда жан әлемімдегі бір толқуды сезінгендей болдым. Ол маған бұрыннан таныс әрі өте жақын адамым сияқтанды. Оның жырлары мені сан күйге түсірді. Біз, әйел ақындар, жырлар жазамыз. Бірақ, көбінесе өз сезімдерімізден айналып өтіп кететініміз бар. Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Өлең деген өсекші жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» деп айтқан. Ұлы ақын Абай сөздің шындығын айтқан. Абай осы сөзі арқылы өлеңнің бағасы өте жоғары екендігін, өлең түсінген орта да, өлең түсінбеген орта да ақынды жеп қоятынын ескертіп отыр.

Кадрия жырларында өз шындығын жазып кеткен. Оның өлеңі – өзі, өзі – өлеңі. Күлсе, шын күледі. Жыласа, шын жылайды, сүйсе, шын сүйеді. Бұл – нағыз ақындық мінез. Қазір өзі басқа, өлеңі басқа ақындар толып жатыр. Кадрия ондай ақындардың қатарынан емес. Кадрия жырлары шынайылығымен жүректерге жетіп, поэзияның сұлулығына оқығанды таңырқатып отыр. Бұл қасиет – тек мықты, нағыз таланттарға бітетін мінез. Жаңа сөзімнің басында айттым. Оның поэзиясы жаныма жақын деп. Менің булығып айта алмай жүрген ойларымды Кадрия айтып кетіпті. Мен оның кейбір өлеңдерінен өз болмысымды көргендей болдым. Менің сағынышым, менің мұңым да Кадриямен егіз екен.

Сондықтан, маған Кадрияны қазақ тіліне аудару оңай әрі жақсы көріп жасаған ісім болды. Кадрия екеуміздің арамыздағы жақындықтың тамырын тереңнен іздеймін. Бір замандарда Ноғайлы дәуірінде басымыз біріккен жұрттанбыз. Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз атты ортақ жырау ақын бабаларымыз бар. Еділ-Жайықтай қос өзен де – біздің ортақ ардақтымыз. Мен Кадрияны сүйем, жырын сүйем. Жырдағы биік мәдениетін сүйем. Кадрия жырлары бүгінгі заманға өте керек деп ойлаймын.

– М а р ж а н , ө з і ң н і ң жоспарларыңмен бөлісе отырсаң…

– Былтыр Түркі дүниесінің мәдени астанасы – Ош қаласы болды. Соған орай мамыр айында Ошта өткен Түркітілдес халықтардың поэзия фестиваліне қатыстым. Сол кезде қырғыз ақын достарымның ұйымдастыруымен Бішкекте, Жазушылар Одағында қырғыз оқырмандармен кездесуім өткен еді. Қырғыз ақынжазушылары «сенің өлеңдерің қырғызша неге аударылмаған?» деп өзіме өкпелеп жатты. Қырғыздың белгілі ақыны Алтынай Темірова «мен аударам» деді де аударып шығыпты. Жақында жақсы хабар алдым. Бішкектен «Жүрегім» атты өлеңдер жинағым шығыпты. Келесі айда тұсаукесерге шақырып отыр.

Сұхбаттасқан:

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

  • Кадрия Темірболатова

Менің даусым тастардан да шығады

Кейде осы ойларыма сыймаймын,

Ми-санамды біреу мүжіп жатқандай.

Кейде өзімді азапқа сап қинаймын

Түпсіз терең тұңғиыққа батқандай.

Адамдардан өзім безген шақтар бар,

Менен үркіп қашты қанша пенделер.

Мені алда шақырады ақ таңдар,

Ал, өсектер ескен желмен тербелер.

Мен танимын табиғаттың дауысын,

Аталарым мінген аттың тұяғын.

Менің жаным қылдай нәзік қауырсын

Дала үнін жырларыма құямын.

Дала даусы,

Ғасырлармен үндескен,

Сол бір дауыс құлағымда тұрады,

Даламенен дала болып тілдескем.

Менің даусым тастардан да шығады,

Жүрегімнің жомарттығы қазына.

Небір ұсақ пендеге де ырзамын,

Өкпе мен мұң өткен күнге базына.

Тағдыр маған ұсынса егер тұз-дәмін,

Сөздер де бар суықтығы ақ қардай.

Мұз демімен мені үсітіп жатқандай,

Достар да бар тасадағы тас атар,

Көріскенде – тілектері мақпалдай.

Биік қойдым өлең деген өлшемді,

Өмірім тек адалдықпен өлшенді.

Сыймай жатсам, кінәлама, достарым,

Пақыр ақын… атанайын ең соңғы!..

Аударған: М.ЕРШУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз