«Журналистиканы өнер ретінде бағалау керек»

praprarpa Жаңалықтар

Atr.kz/24 шілде, 2019 жыл. Облыстық «Atyray» газеті мен «Atyray» телеарнасының бірлескен жобасының кезекті қонағы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, белгілі тележүргізуші Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ.

 – Бір кезде көгілдір экран арқылы сүйсінген азаматы Нұртілеуді көрермені іздейді. Сол себепті, өзіңізді іздеген көрермендерге не дейсіз?

– Ештеңе өзгерген жоқ. Зейнетке шыққан соң, де­малатын шығармын деген ойдың бәрі далада қалды. Біріншіден, ұсыныстар көп болды. Министрліктен, басқа да арналардың ұсынысы бар. Солардың «Евразияның» бір жобасына келісім бердім. Неге десеңіз, жоба «Заң сөйлесін» деп аталады. Әр жұмада, кешкі сағат 18-45-те эфирдемін. Бір сағаттан артық авторлық бағдарлама десек те жараса­ды ғой деп ойлаймын. Біздің халқымыз заңды білмесе, заңның тілімен сөйлемесе, онда заң өзінің тілімен сөйлеседі.

Сондықтан, «Заң сөйлесін» де­ген хабардың баршаға пайдасы бар. Әркім өз құқығын білуі ке­рек.

Қазіргі құбылған қоғамда қадір-қасиеттің қашуына бай­ланысты әке мен бала арасында кикілжіңді жиі еститін болдық. Бұл – қазаққа тән дүние емес. Қалай болғанда да, кез келген мәселеде заңдылық орнауы керек.

Екіншіден, «Бай-қуатты болайық» деген бағдарлама бар. «Ютуб» желісінен көруге болады, әрине. Ол Талдықорғандағы «Жетісу» арнасынан көрерменге ұсынылып отыр. Дүйсенбі күндері 20.00-де көрсетеді. Қоғамдық жұмыстар бастан асады.

Биыл өзім көптен армандап жүрген үлкен шараны атқардық. Ол – қазақ телевизиясының ер дауысты бірінші дикторы, екі тілде бірдей интервью алған жүргізушісі, телевизия жайында кітап жазған адам, 38 жасында өмірден өткен менің де, басқа да біраз адамның ұстазы Сәбит Масғұтовтың туғанына 80 жылдығына орай өткен шара. 1958 жылы қазақ телевизиясы өмірге келсе, ол – 1959 жылы 19 жасын­да диктор болып орналасып, қазақ телевизиясының өсіп-өркендеуіне орасан зор үлес қосқан адам. Ұлттық арнаның Алматыдағы орталығында Байжанбаевтың жанына Сәбит ағамыздың бюстін орнаттық. Кітабының тұсаукесерін жасадық.

Биыл – үш алыптың, үш зиялы қаламгер Ілияс, Сәкен, Бейімбеттің 125 жылдығы.

Осы­дан 15 жыл бұрын, Иманғали Тасмағамбетовтің Премьер- Министр кезінде Ілиястың 110 жылдығын тойлағанбыз. Сол кезде Иманғали Нұрғалиұлына кітабының тұсаукесерін жасау туралы ұсыныс жасадым. Ол 15-20 минутта барлық мәселені шешіп берді де, қаламгердің кітабын шығардық. Сон­да Сәкеннің 14 томы, Бейімбеттің 12 томы, Ілиястың 8-ақ томы шықты.

Соңғы 15 жылдың ішінде Ілиястың шығармашылығын зерттеп, шығармаларын жинақтап, бұйырса, енді 25 томдығын шығарайын деп отырмыз. Біз Ілиястың тек қана «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» деп аталатын төрт поэмасын ғана білеміз. Енді оның жұрт білмейтін тағы да төрт ҰҚК-нің архивінен табылып отыр. Таш­кенттен, Омбыдан, Мәскеуден табылған көптеген дүниесі бар.

– Қазақ телевизиясында орныңыз бар. Дегенмен, жур­налистика, «бұл – өнер» деп жүрсіз. Өзгелер оны кәсіп дейді. Осы тұрғыда, «жазу өнерінің жілігін шағып, майын іштім» деп айта аласыз ба?

– Жоқ, айта алмаймын. Менің ойымша, кез келген салада «мен осыны бітірдім, мынаны тындырдым» деген адам тоқырауға ұшырайды. Менің ұғымымда «журналист деген мамандық – жоғарыдан келетін өнер» деп айту ке­рек шығар. Біз қазір ұсақтап алған шығармыз. Біз қазір журналистика мамандығын таңдап, ақымақ болып жүрміз деп ойлаймын. Керісінше, жур­налистика мамандығы бізді таңдауы керек. Журналистика, бұл – дарындылық, бөлекше ойлай алатын адамдардың мамандығы. Бұл – кәсіп емес.

Мен журналистерді екі топқа бөлемін, әсіресе, тележурна­листиканы. Біріншісі –телевизияға еңбегін сіңіргісі келетін, теле­арна десе, ішкен асын жерге қоятын, өзінің шамасы кел­генше еңбек етіп жүргендер. Екінші топ – телевизияны өздерінің мүддесіне пайдала­натындар. Соңғы топқа кіретін әріптестеріміз өкінішке қарай, өте көп.

Міне, осы мәселелердің арасын ажырата алмай жүрміз. Жалпы, телевизия – әлі жүйеленбеген, әлі ғылыми айналымға түспеген сала.

Егер, біз мамандығымызға, жұмысымызға адал болып, оны «ӨНЕР» деңгейіне көтеретін алсақ, әңгіме мүлде басқаша бо­лар еді. Біз телеарнаға шыққан адамды «тележұлдыз» санай­тын болдық. Өз бағамызды осы­лай төмендетіп алғаннан кейін әншілер де, әзілкештер де, тіпті, телевизияны өз мақсат- мұратына пайдаланушылар қаптап кетті.

– Айбарыңыз бар, көп жерде мысыңыз басады. Ал, сіздің мысыңызды басқандар болды ма? Аға буыннан, болмаса, қатарластарыңыздан?

– Менің ойымша, өте көп. Бұл жауапкершіліктен бо­латын шығар, әрине. Егер, «Ұстазыңыз кім?» деп сұрасаңыз, мен оларды түгел атамаймын. Себебі, менің ұстаздарым көп. Менің қадірлі көрермендерім де – ұстазым. Оралхан Бөкей ағамыздың «Азамат аяғын қара жерге, арқасын қалың елге тірегенде ғана өзінің азаматтық позиция­сын анықтайды» деп айтатыны бар ғой. Міне, осы ұстаным Нұртілеу Иманғалиұлын қалыптастырды ғой деп ой­лаймын.

– Техника да, заман да да­мыды. Техника жаңарған сайын жасайтын жұмыс азайды, әрі көбейді. Бірақ, қазақтың сөзі өзгерген жоқ. Ал, журналистердің жазуы неге өзгерді?

– Басты мәселе –бізде кадр дайындайтын орындардың тапшылығы. Кезінде журна­листиканы нағыз мамандар оқытушы еді. Ал, қазір еліміздің 27 оқу орнында журналисти­ка факультеті бар. Сұмдық осында.

Менімен бірге оқыған елу адамның қырығының есімі аталса, ел тани-тұғын. Қонысбай Әбіловты, марқұм Дидахмет Әшімханды , әнші Жәнібек Кәрменовті, Ұлықбек Есдәулетті, Қуандық Түменбаевты кім білмейді? Олар – тұлғалар. Қазір әр оқу орнынан 60-70 адам бітіріп шығады.

Бірақ, журналист жоқ. Мұның барлығы – журналистиканы өнер деп бағаламағаннан.

Мен жур­налистика факультетінде сабақ бергенде, «Қалай тез танылдыңыз?» деп студенттер сұрайтын еді. Ал, мен Сәбит Масғұтов секілді ағаларымнан «Қайткенде мықты маман болуға болады? Телевизия деген не?» деп сұраушы едім.

Студенттер мен менің сауа­лыма қараңыз, айырмашылық жер мен көктей. Кейде, тіпті сабақ бергің келмейді. Өйткені, олардың алдына қойған мақсат- мұраты дұрыс емес. Олар ма­ман болуды емес, ақша табуды, жылдамырақ елге танымал болуды ойлайды.

– Телевидениеде қызмет атқарып, кейін ба сқа жұмысқа ауысып кеткендер осы салаға бүйрегі бұрып, сағынып тұрады деп естиміз. Ал, осындай сағыныш сіздің басыңыздан өтті ме?

– Телевидение – сорғыш секілді дүние. Онда жұмыс жасап, тер төккен адамға кету қиын болады. Мен көптеген үлкен қызметте болдым. Президент Әкімшілігінде Президентті күнде көріп тұратындай беделді қызмет атқардым. Бірақ, телевидение менің түсіме ұдайы кіре-тұғын.

– Сіздің «Бай-қуатты болайық!» сөзіңіз афоризмге айналды десек те болады. Осы сөздің тууы қалай болды?

– Осы сұрақты маған жиі қояды. Әр азаматтың, әрбір істің жұрттың білуіне болмай­тын құпиялары бар. Бұл – менің құпиям.

– Сіз де пендесіз. «Толдым» деп, төгілген, «жеттім» деп жығылған кезіңіз болды ма?

– Көп қой. Мені сыртыма қарап, төрт құбыласы түгел, қосаяғын тең басқан жорға екен деп ойлайтындар өте көп. Өмірде олай бола бермейді. Кейде өз бармағыңды өзің шайнап тастайтын кез бола­ды.

Мен күнде қателесемін. Тіпті, сағат сайын қателесуім ықтимал. Бірақ, қателескенімді уақытында түсіне аламын ба, түзей аламын ба, мәселе – осында.

– Шығарманың кейіпкері санасаңыз, өзіңізді қалай су­реттер едіңіз?

– Түсініксіз кейіпкермін.

– Өзіңіз айтпақшы, бай- қуатты болыңыз!

– «Қара алтынды» аймақтың жерасты байлығы алдымен осы өңірдің игілігіне, артылғаны Алашқа жұмсалса екен деймін.

Сұхбаттасқан:

Балауса ПУШКИНҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз