ЖУРНАЛИСТ ЖӘНЕ ӨМІР

Таяуда байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай №1 қалалық орталық кітапхана ұйымдастыруымен «БАҚ өкілдері – бізде қонақта» атты «дөңгелек үстел» өтті. Оқырманға жас журналистердің қызметін таныстыру мақсатында өткен шараның жүргізушісі кітапхана әдіскері Гүлжан Сүндетова баспасөз қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларды келген жұртшылыққа таныстырып өтті.

Шараға «Қазақстан-Атырау» телеарнасының редактор-жүргізушісі Айымзада Сәндібаева мен таспагері Айбек Өтемісов, облыстық «Атырау» газетінің мәдениет бөлімінің тілшісі Нұргүл Ысмағұлова, «Қазақстан-Атырау» радиосының редактор-жүргізушісі Алтынай Серікбай қатысты. Қоғамдық пікірдің ұйытқысы болған «төртінші билік» өкілдерінің қиындық пен қызыққа толы қызметі әңгіме болды. Мәселен, Айымзада Аманғалиқызы тікелей эфирде орын алған күлкілі жағдаяттармен бөліссе, Айбек Асылбекұлы ұйымшылдық пен бірліктің операторлық істе қаншалықты маңызды екенін айтып өтті.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің І курс студенті, әрі қосымша облыстық радионың жүргізушісі Алтынай «Талғам» сайтында қызмет атқарады екен. Ол ғаламтордағы қазақтілді парақшалардың санын көбейтуге өз үлесін қосуды мақсат ететінін айтады. Ал, Нұргүл Сәрсенқызы бос уақытында балаларға арналған әдеби шығармаларды жазумен айналысады. Осындай қызу әңгіме барысында журналистиканың өткені мен келешегі де сөз болып, күрмеуі қиын мәселелер де талқыға салынды.
Сондай-ақ, «блогер деген кім, оның қоғамға берер пайдасы пен зияны» және журналист пен блогшы байланысы жайлы тақырыптар да қозғалды.

Аян ҒИЗЗАТОВ,
С.Демирел атындағы университеттің студенті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз