Жұмыс уақыты шектеулі десе де…

Жаңалықтар ФОТОГАЛЕРЕЯ Құқық

Atr.kz/21 шілде, 2020 жыл. Бүгінде эпидемиологиялық ахуал ушығып тұрса да, бекітілген қатаң карантиндік шараларды сақтамау деректері әлі азамай тұр. Бұған мобильдік топтардың рейдтік тексерулері барысында анықталған бірқатар заң бұзушылықтар дәлел.

Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сәдуақас Байғабылов мәлім етті.

-Рейдтік тексеру барысында 1076 нысан қамтылып, шағын және орта
бизнес субъектілеріне, жеке тұлғаларға қатысты жалпы сомасы 10 млн. 028 580 теңгені құрайтын 54 әкімшілік іс қозғалды. Олардың ішінде 26 айыппұл жеке тұлғаларға салынды. Бұл көрсеткіштің ішінде сегіз дерек шағын және орта бизнеске байланысты емес нысандарға, 18-і нысандарда өзінің тікелей жұмысын орындау кезінде карантиндік шараларды бұзған жеке тұлғаларға қатысты, – деді Сәдуақас Байғабылов.

Спикердің айтуынша, орын алған бұзушылықтардың басым бөлігі жабық нысандарда бетперде тағу режимін сақтамаған. Сондай-ақ, түшкіру, жөтел кезінде белгіленген медициналық тәртіпке бейжай қарау, әлеуметтік қашықтықты сақтамау мәселелері орын алған.
–Жеке тұлғаларға салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн. 83 мың 420 теңгені құрайды. Сондай-ақ, 28 заңды тұлғаға әкімшілік шаралар қолданылды. Оның ішінде 21 азық-түлік дүкендерінің иелеріне, 4 қоғамдық тамақтану және 3 көлік жөндеу орталықтары бар, – деді сұхбаттасушымыз.

Бүгінге дейін «Super Marco» супермаркеті, «Алина», «Жайлан», «Інжу» және «Игілік» дүкендерінің иесіне қатысты бес әкімшілік іс қозғалса, «Монте Бьянко» дүкенінің сатушысы мен «Мегател» ұялы телефон дүкенінің операторына жеке тұлғаға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сұхбаттасушымыздың айтуынша, дүкендердің басым бөлігі шектеулі жұмыс уақытын сақтауға баса мән бермейді. Әсіресе, бұл деректер аудандарда жиі кездеседі.

Мәселен, Исатай ауданында карантиндік шараларды сақтамағаны үшін «Інжу» және «Игілік» дүкендерінің иелеріне 638 940 теңге көлемінде екі айыппұл салынды. Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің сөзінше, мобильді топтар рейдтік шаралармен қатар, түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Рейд кезінде 14 нысанда құзырлы орын өкілдерінің ұсынысы бойынша анықталған бұзушылықтар дереу жойылды.

Алтыншаш Құрмашева

9 күнде – 463 дерек

Атырауда тоғыз күн ішінде облыс бойынша карантин режимін бұзған 463 дерек анықталды.

«Бұл туралы індет кезінде санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторингтік топ жүргізген рейд барысында белгілі болды» деп хабарлайды Атырау облыстық ​ коммуникациялар қызметі.

Карантиндік шектеулерді ең көп бұзғандар Атырау қаласының тұрғындары. Мәселен, «үйге дейін жеткізу» қызметі ​ түрінде ​ ғана жұмыс істеуге рұқсат ​ берілгеніне қарамастан,​ Атырау қаласында мейрамханаларда тамақтанудың 14, азық-түлік​ дүкендерінің ​ жұмыс уақытынан тыс мезгілде сауда жасауының 39 дерегі анықталды.
Жиын-той өткізуден Жылыой ауданы көш бастап тұр.

Эпидемиологиялық ахуалдың ушығып тұрғанына ​ қарамастан, жылыойлықтар 16 рет отбасылық шара өткізген. Той, садақа түріндегі шаралар өткізудің ​ дерегі​ Атырау қаласымен бірге, ​ Исатай, Қызылқоға, Мақат ​ аудандарында тіркелді.

Қозғалыс тоқтаған уақытта себепсіз жүрудің ​ Атырау қаласында 35, Жылыой ауданында 100, Мақат ауданында 31, Исатай ауданында 19, Махамбет ауданында 17, Қызылқоға ауданында 20, Индер ауданында 9 дерегі тіркеліп отыр. ​

Еске сала кетелік, бұл 11-20 шілде аралағында жүргізілген рейд барысында анықталған жағдайлар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған