Жоспардан тыс тексеру арыз бойынша жүзеге асады

жоспардан тыс тексеру Жаңалықтар

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында кезекті брифинг өтті. Ол сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбына арналды. Журналистердің сауалдарына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абзал Жаншабай, әділет департаменті басшысының орынбасары Зульмирям Зульярова және облыстық жер қатынастары бас-қармасының басшысы Арман Баженов жауап берді.  

%d0%b6%d0%be%d1%81%d0%bf%d0%b0%d1%80%d0%b4%d0%b0%d0%bd-%d1%82%d1%8b%d1%81-%d1%82%d0%b5%d0%ba%d1%81%d0%b5%d1%80%d1%83

Аталған агенттіктің облыстық департаменті үстіміздегі жылдың тоғыз айында мемлекеттік қызмет көрсететін бірқатар мекемелерде тексеру жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде 40 мыңнан астам заң бұзушылық деректері анықталыпты.

– Тексеріс барысында талапта көрсетілмеген құжаттарды сұрату, бизнес-үрдістердің бұзылуы, сондай-ақ, өтініштерді қарау мерзімінің сақталмауы жиі орын алып отырғандығы анықталды. Одан бөлек, азаматтардың арыздары негізінде де жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, – дейді  Абзал Жаншабай.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Арман Баженовтің айтуынша, Елбасы тапсырмасымен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы әзірленген. Соған сәйкес, жер қатынастары басқармасында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспары жасақталған. Ағымдағы жылдың тоғыз айында келіп түскен 56 арыз-шағымның 49-ы жеке тұлғаларға, ал, қалған жетеуі заңды тұлғаларға тиесілі. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 45 пайызға артық. Мұндай жағдай жер заңнамасына енгізілген биылғы өзгерістер есебінен қалыптасып отыр деуге толық негіз бар.

Аталған басқарма басшысының айтуынша, облыстың жер қоры 11 млн. 863 мың га аумақты құрайды. Оның 2 млн. 372 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Ауыл шаруашылығы алқаптары бойынша жайылымдық жерлер 81 пайызды құрап отыр. Егістік жерлеріміз былтырғы жылмен салыстырғанда 800 гектарға өсіп, 7604-ті құрады. Сайып келгенде, облыс бойынша биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 113,5 мыңға өсіп отыр.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында сегіз стандарт пен регламент бекітілді. Ағымдағы жылы облыс бойынша 5408 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның басым көпшілігі Атырау қаласына тиесілі болып отыр.

Жер учаскелері сауда-саттық арқылы берілуде. Аукциондар, конкурстар ашық мүмкіншілік пен бірдей кепілдік береді. Сондықтан, бұл өте тиімді, айқын және әділ шара болып табылады. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – облыс бойынша агроқұрылымдарға берілген, бірақ, пайдаланылмай тұрған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу. Қазір осындай 100,5 мың гектар  жер учаскесі анықталды.

Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға  бағытталған біршама нақты жұмыстар атқарылған. Осы орайда жоспардан тыс 711 тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, 432 заң бұзушылық анықталды. Сөйтіп, 593 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 483 нұсқама берілді. Сондай-ақ, 110 әкімшілік іс бойынша қаулы шығарылып, барлығы 49,7 млн.   теңге көлемінде айыппұл салынды. Күні бүгінге дейін 42,4 млн. теңге қаражат мемлекет пайдасына  өндірілген.

Нұрислам Ғұмар

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз