Жол сапасын бақылаудың маңызы зор

20201023 153823 scaled Жаңалықтар

Жолдың жайын жүрген біледі. Бүгін «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесі Тасқала-3 елді мекеніндегі ауылішілік жолдардың жағдайын білу мақсатымен кезекті мониторинге шықты.
«Сапалы жол» жобасы аясындағы бірлескен бақылауда мамандар арнайы жылжымалы зертхананы қолдану арқылы асфальт жолдан сынама алды. Ұзындығы 1170 метр болатын №5-көшеден үш рет алған керн кескіні сараптамаға жіберіледі.
Аталған ауылдағы жол құрылысын жүргізген «Атыраукөлік» ЖШС өкілі Қайрат Махановтың айтуынша, жұмыс 2018 жылы басталған.
-Жол салуды өткен жылы аяқтадық. Биыл көшелерге жол белгілерін орнату жұмыстары жүрді. Әлі де аяқталмаған жұмыстар бар. Толық біткесін тапсырыс берушіге тапсырамыз,-деді мердігер мекеме өкілі.
Келесі кезекте ұзындығы 1180 метр болатын №7-көшенің жол сапасы бақылауға алынды. Мұнда да үш жерден алынған керн кескіні жолдың нақты жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ұзындығы 368 метр болатын №13-көшенің екі жерінен бұрғылап алынған сынама үлгілері де зертханада тексеріледі.
-«Сапалы жол» жобасы аты айтып тұрғандай, жол сапасын зерделейді. Бұдан бұрынғы бақылау нәтижесінде асфальт жолдардың бүгінгі талапты қанағаттандырмайтын деректері анықталды. Жол сапасын тексеретін мамандар мердігерлерге олқылықтарды жою үшін мерзім белгілейді. Содан кейін жол учаскесінде нұсқаманың орындалуы бақылауда болады, – дейді «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Дәурен Құндызбай.
Тасқала-3 елді мекеніндегі ауылішілік жолдарға сараптамалық бақылау жасаған жұмыс тобы мердігер мекеменің жұмысына өзінше баға берді. Олардың айтуынша, асфальт жолдардың ұзындығы талапқа сәйкес келеді. Ал, үш көшеден алынған сегіз сынама үлгісінің көлемі 9,8-10,1 см шамасында болып, жол-құрылыс жобасында көрсетілген 10 см-ден ауытқымаған.
Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің маманы Жеңісбек Байшеркешовтің айтуынша, «Сапалы жол» жұмыс тобы 40 рет рейдке шыққан. Жол сапасын жіті бақылау барысында 33 бұзушылық анықталып, 24-і нұсқау бойынша қалпына келді. Ал қалғандары олқылықтың орнын ретке келтірумен айналысуда. «Антикордың тағы бір міндеті – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу» дейді департамент өкілі.
Облыс бойынша жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру шаралары – басты назарда. Сондықтан осы тектес тексеру жұмыстары әр учаскеде жалғасады. Ал, бүгінгі алынған үлгілер арнайы сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде мердігер мекеменің атқарған жұмысына тиісті баға берілетін болады.


Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз