Жол неге сапасыз?

1455160412 album pic Жаңалықтар

Қазақстан коммунистік халық партиясы Атырау облыстық филиалы өңірдегі жол мәселесіне қатысты «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Басқосуда қалаішілік жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолдарына қатысты пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

1455160412_album_pic

Жиында Қазақстан коммунистік халық партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев жолдың сапасына қатысты мәселемен тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар көптеп түсетінін айтты. «Тұрғындарды әсіресе, соңғы жылдары төселген жолдардың сапасы көбірек алаңдатады. Салынғанына бір жыл жетпей жатып бүліне бастайтын жолдардың жайы бәрімізге де белгілі. Сапасыз жолдың үстіне жауын мен қардан соң міндетті түрде шұңқырлардың пайда болатыны да әдетке айналғандай. Бұл жағдай  біріншіден, қаржылық шығын әкелсе, екіншіден, қаладағы жол қозғалысын қиындатады»  деді ол.

Соңғы жылдары облысымызда жолдар көптеп салынып, жөндеу жұмыстары да айтарлықтай жүргізілуде. Биыл да жол салуға ерекше маңыз беріліп отыр. Мәселен, Жылыой ауданында ұзындығы 31 шақырым «Құлсары-Ақкиізтоғай» автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізіліп, моноқалаларды дамыту бағдарламасымен 25 шақырым қалаішілік көше жолдары мен Мақат ауданы Доссор кентінің ішкі бес шақырым жолы қайта жаңартылмақ. Аудандық маңыздағы «Кудряшов-Жаңа ауыл-Арна» жолын және Ганюшкин селосындағы Көнеу, Тухлое және Ягодное өзендері арқылы жаяу жүргіншілер көпірі құрылыстарының жұмыстары да толықтай аяқталып, биылғы жылы пайдалануға берілмек.

Бұл туралы мәлімдеген Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаев өзге де аудандарда жүзеге асатын маңызды жобаларды атап өтті.

«Атырауда тікелей министрлікке қарайтын жол лабораториялық мекемесі жұмыс жасайды. Сол мекемемен ортақ графикалық жұмыстар атқарамыз. Құрылыс материалдары арнайы лабораторияда тексеріледі. Ал, қалаішілік жолдардың көпшілігінің сапалық мерзімдері өткен» деді басқарма басшысы.

«Жаңа жолдардың күтіміне кімдер жауап береді? Жолдың сапасына да мән беріп, күтімге де ала білу қажет. Күтімі жақсы болған жол ұзаққа шыдайды. Сондықтан, мұны да естен шығармаған дұрыс» деді жиынға қатысқан Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының саяси кеңесшісі Әбілхан Төлеушов.

Мәлике Қуанышева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз