ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АССА… Ерік-Мостовой каналы туралы ұсыныс-пікір

23online3 Жаңалықтар

Atr.kz/4 тамыз, 2020 жыл. Масамен күресуші мамандар қансорғыштардың күрт көбею себебін көлшіктер мен тайыз тоғандардың қараусыз қалуымен түсіндіреді. Осындай назардан тыс су көздерінің бірі – Ерік-Мостовой каналы. Түбі тұрмыстық қалдықтарға толып, түйір тамшы ылғалы жоқ нысан бүгінде әбден тозған.

Оның атқарушы билік үшін көзге шыққан сүйелдей көрінгені соншалық, канал тағдырын тұрғындардың талқысына салып отыр. Яғни, қалалықтармен келісіп, нысанды келешекте қалай қолдану жайын шешпекші. Сонымен, бірінші ұсыныс – осы күйінде қалдыру. Таратылған мәліметте дәл солай жазылған. Сірә, бер  жағындағы   орындаушылар шаһар басшысының ойын жеткілікті жеткізе алмаған секілді. Әйтпесе, қалай түсінуге болады? Қазір Ерік-Мостовой каналы – түрлі қоқыстың қоймасы. Түбінде жатқан нәрсені тазарту талай айдың еншісіне кетуі мүмкін. Ит-мысықтың өлекселері де кездеседі, төрт түліктің терілері жатыр. Ендеше, соны сол қалпында қалдыру қажет пе? Біздің түсінігімізше, Атырау қаласының әкімдігі каналды мүлдем жоқ етпей, болашақта барынша пайдалану туралы айтқан шығар. Тазалау керектігін түсіндірген болар.

Ал, екінші бағыт – мұнда жаяу жүргіншілер мен веложүргізушілер жолын салу. Яғни, тегістеп көміп тастау. Әрине, қазіргідей иесіздік күйін кешкенше, бұл да дұрыс болар. Бірақ, о баста осы канал еріккеннен салынып па еді? Екі миллиард теңге төңірегінде бюджет қаржысы текке жұмсалды ма? Тұрғызу қиын, бұзу оңай. Трактормен күрей салу – екінің бірінің қолынан келетін шаруа. Рас, оған да аз-кем қаражат жұмсалатын шығар. Бізде қиратуға да қыруар ақша шығындау әдеттегі іс емес пе? Жә, жаяу жүргіншілер жолы салынды делік. Оның қала аумағындағы адамдарға демесек, шаһар сыртындағы елді мекендер тұрғындарына түкке қажеті жоқ. Анау Жұмыскер, Балауса секілді ауыл кісілері онымен мүлде жүрмейді ғой. Сонда бұл жерлерді не істейді? Жай топырақ үйіндісі болып қала ма? Әйтпесе, орталықта болмаса, шетте кім велосипедпен серуендер екен? Жалпы, Нұрсая жақтағы әуежайға қарай тартылған осындай жолмен күніне сол көлікті тізгіндеген қанша қалалық қыдырады? Егер ол көпшіліктің көңіліне жағар орынға айналмаса, онда шыққан шығынды ақтай ма?

Үшінші ұсыныс – канал үстіне асфальт төсеу. Мұндай әңгіме шаһар сыртындағы елді мекен тұрғындары арасында әуелден-ақ айтылатын. Яғни, Еркінқаладан әуежайға тура тартылатын жол тұрғызылмақшы-мыс. Мұны да тиімділік демес едік. Алдымен, ол күрделі қаржыны қажет етеді. Әлі көшелер абаттандырылып үлгермей жатып, жаңасын салуды бюджет көтере ала ма? Одан әрі, пайдалануға берілгеннің өзінде кең қолданысқа ие бола ма? Ара-тұра бірер көлік әрібері қатынаса, шыққан шығын өтелер ме?

Сонда не істеу керек? Біздің пікіріміз – бардың бағасын білу. О бастағы бастамада Ерік-Мостовой шаһарды айналып өтіп, екінші шеті Каспийге қосылуы тиіс еді. Жайық жұтаңдық танытқанда да теңіздің телегей суы сарқылмас. Міне, сол каналды шайып жатуы шарт-ты. Әттең,бұл бастама аяқсыз қалды. Теңгелер текке шашылатындай сезді. Сөйтіп, құрылысты Еркінқала тұсынан күрт кесіп, бері бұрып кетті. Каналдың құрғап қалуының басты себебі де сол. Сонау жылдары өзен сумен толығып тұрғанымен, кейінгі уақытта мүлдем ылғал тамбады.

Әрине, тұрғындардың да теріс қылығы жеткілікті. Түбі тайызданып жатуы – тұрмыстық қалдықтар тастайтын орынға айналды деген сөз емес. Ендеше, неге өзіміз қоқысқа толтырдық? Енді оны кім тазалайды? Оны сырттан әкеліп ешкім тастаған жоқ қой.  Онда несіне ластанып кеткені жөнінде байбалам салып жатырмыз?

Ерік-Мостовой аймақта қолға алынған дренаж жүйесінің бір бөлшегі еді. Обалы не керек, облысты басқарып тұрған кезінде Серікбек Дәукеев осы мәселені мықтап қолға алған-ды. Алғашқы нәтижелері де көріне бастаған. Мәселен, облыстық азаматтық хал актілерін тіркейтін мекеме алдында жүргізілген жүйелі жұмыстардан соң осы маңдағы жерасты сулары едәуір таратылған. Сол төңіректе тұратындар оң бағасын да берген. Тіпті осы жерде жас жұбайлар саябағын орналастыруға қадам жасалды.

Яғни, жаңа ғана некеге отырған жандар осында ағаш отырғызуы тиіс-ті. Соңғы бірер жылға дейін «Жас жұбайлар саябағы» деген жазу ғимарат алдындағы аулада ілулі тұрған. Әттең, әп-әдемі басталған шаруа аяқталмады. Басшылық ауысса, берекелі істің де бітпейтіні бар ғой. Ал, дренаж идеясы шабытты басталған.

Сол кездегі аймақ басшысы алыс-жақын шетелге жауапты тұлғаларды жұмсап, солардың озық тәжірибесін зерттеген. Ертеректе облыс тізгінін ұстаған адамдармен ақылдасып, солардың пікірлерін білген. Әкімдікте өткен кезекті басқосуда ақсақалдарымыз мұндай шаруаның ертеректе де қолға алынғанын, бірақ, қаржы тапшылығынан өрістемей қалғанын айтқан. Тіпті «Дренаж» коммуналдықмемлекеттік кәсіпорны құрылған. Оны басқарған Ибрагим Әміров іскерлігін де көрсеткен. Марқұм ертелі-кеш құрылыс нысандарында жүретін. Сондағы атқарылған жұмыстардың құжаттары сақталған да шығар. Немесе кейбір жобалардың сызбалары табылар. Айтпақшы, Атырауда жерасты суларының жиналған жерінің картасы жасақталып еді. Сол қайда екен? Қайткенде де, қажетті істің аяқасты қалмағаны жөн еді.

Бұдан үш-төрт жыл бұрын С.Дәукеев Атырауға келді. Естуімізше, дренаж мәселесін талқыламақ болған тәрізді. Бұл бағытта ғалымның айтары аз емес. Эколог ретінде де құнды пікірімен бөлісер. Тіпті осы шаруамен жергілікті мамандар да шұғылданып көрді. Бәрі де қолдауға, әсіресе, қаржыға байланысты.

Сонау жылдары шаһарды жаппай асфальттау басталды. Көшелерге тегіс қатқыл тас төселді. Атқарушы билік балшықпен осылай күрескенді жөн көрді. Бірақ, біраз ғалым бұл бастамаға қарсы шықты. Сөйтсек, қара жерге де ауа қажет екен. Оны төбесінен тұншықтыруға болмайтын көрінеді. Ойланбай істелген іс қой.

Атырауда жерасты сулары жақын екендігі белгілі. Шаһар ойпатта, бұрынғы теңіз түбінде орналасқандықтан шығар. Сондықтан, сәл жаңбыр жауса, кебуі ұзаққа созылады. Ал, бірер жыл бұрынғы нөсерден соң  жайқалып тұрған ағаштар опырылып құлады. Сөйтсе, түбі әбден шіріпті. Үнемі ылғалда тұрғасын қойсын ба, мүлдем жеп тастаған.

P.S. Қысқасы, Ерік-Мостовой каналы  текке тұрғызылған құрылыс емес. Шаһарға көрік беретіні өз алдына, ауа тазаруына да септігін тигізетін еді. Енді оның өткеніне көз жүгіртіп, ананы айыптап, мынаны кінәлаудың қажеті жоқ секілді. Түбін тазалап, қайтадан қатарға қосуға қызметтену керек. Ортақ нысанға кәсіпкерлер үлес қосса, тіпті жақсы-ақ. Қоршаған ортаға немкетті қарамайтын еріктілердің ерік-жігер танытар тұсы да осы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз