ЖЕР КОНКУРС АРҚЫЛЫ БЕРІЛЕДІ

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың қатысуымен жер қатынастары саласындағы мәселелер  жөніндегі мәжіліс өтті. Жиынға қалалық және аудандар әкімдерінің жер саласына басшылық жасайтын  орынбасарлары, жер қатынастары мен сәулет және қала құрылыстары бөлімдерінің басшылары, «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау филиалы бөлімшелерінің және өзге де мекемелер басшылары қатынасты.

Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Арман Баженов «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты ұйымдастыру жөнінде» баяндама жасап, жуырда Ақмола облысына барып жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. 

– Үкімет тарапынан бекітілген «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) ұйымдастыру және өткізу ережесіне» сәйкес жер учаскелерін конкурс және аукцион арқылы беру жүзеге асырылмақшы. Бұл мақсатта елді мекен жерлерінен берілетін жер учаскесі аукцион арқылы, ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер конкурс арқылы бөлінеді, – деді ол. 

Жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының жерді пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Жазира Жұмаханова ҚР Жер кодексіне өткен жылғы желтоқсанда енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде толық мәлімет берді.

Сонымен қатар, Атырау облысының облыстық және базалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрының есебі жөнінде «Геослужба» ЖШС-інің өкілі Андрей Четверия баяндап, «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ-ның геоөнімдерді жасақтау басқармасының басшысы Оңғарбек Әліпбеки жерді қашықтан зондтау жұмыстарының  тиімділігімен  таныстырды.  

Мәжіліс соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы құзырлы органдарға бекітілген заңда келтірілген талаптарды толық орындауды тапсырды. 

Айгүл Социалқызы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз