Жемқорлықтан жариялылық құтқарады

  «Мынау сенің үйің» деп, бос тұрған үйдің есігін жеті бірдей адамға ашып көрсетіп, әрқайсысынан 30-40 мың доллар ақша алған алаяқ өткен жылы сотталыпты. Және ол мемлекеттік қызметкер болған екен. «Басыбайлы баспана алып беремін» деген желеумен талайларды теспей сорған мұндай фактілерді көптеп келтіре беруге болады. Осы проблемадан шығу жолы ретінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев азаматтарға тұрғын үй бөлуде ашықтықты қамтамасыз етуді және істі жүйелеуді міндеттеді.

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІН ҒАЛАМТОРДАН ҚАРАЙСЫЗ

   Облыс әкімі жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аймақтық комиссия отырысында баяндама жасаған Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаевтың айтуынша, халықты тұрғын үймен қамтудың ашық механизмі жасалған. «Тұрғын үй кезегінің жылжуы туралы мәліметті азаматтар жылына бір рет тиісті орыннан алып отырады. Құжаттар ақпарат құралдарында хабарландыру беру арқылы жаңартылады. Және әкімдіктің ресми сайтында кезекке тұрғандар тізімі жариялануда. Онда азаматтың тіркеуге қашан тұрғандығы және кезек нөмірі туралы мәліметтер ашық көрсетіледі. Баспаналы болғандардың тізімі он күн ішінде сайтқа салынады. Осының өзі тұрғын үй кезегінің жылжуында ашықтықтың болуын қамтамасыз етеді» дейді ол. Бірақ, «құзырлы органдағы ықпалды адамдардың көмегімен үй алып беремін» деп, талайларды құмға отырғызып кететін фактілер де бар.

  Қала әкімі Нұрлыбек Ожаевтың айтуынша, жемқорлық фактілері негізінен тұрғын үймен қамту, жер учаскесін бөлу, сәулет және жетім балаларды асырап алу төңірегінде көптеп тіркеледі екен. «Бұл мәселеде әкімдік ішкі істер органымен бірлесіп жұмыс атқарып отыр. Аталған төрт бағытта өткен жылы 37 материал тіркеліп, соттың шешімі алынды» деген қала әкімі алаяқтар «фантазиясының» күн санап жетіліп жатқанын айтты. «Сырттан келген адамдардың қолында қала әкімінің қаулысы, хаттамасына дейін жүр. Жалған бланкілермен де ұсталғандар бар. Олар осындай жолмен халық сеніміне кіріп, көктен ақша «сауумен» айналысып келген» деген Атырау қаласының басшысы Нұрлыбек Ожаев биылдыққа осындай екі фактінің тіркелгенін хабарлады.

  Айта кеткен жөн, бір ғана Атырау қаласы бойынша қазір 16 мың 552 адам пәтер кезегінде тұр. Өткен жылы 179 адам ғана үй алған екен. Бір қызығы, баспана тапсыру осындай қарқынмен жалғасатын болса, тізімдегілерді толық қамту үшін 90 жылға жуық уақыт керек болады екен. Осы мәселеге назар аударған кеңес мүшелері тұрғын үй салу ырғағының қалай жалғасатынын сұрады. Бұл ретте қала әкімі «Береке» мөлтекауданынан жаңа үйлер салынатындығын жаңалық етіп жеткізді. «Бүгінде бос жатқан жерлерге инфрақұрылымдар жүргізу, тұрғызылатын үйлердің жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау бағытындағы жұмыстар атқарылуда. Оның сыртында «Нұрлы жол» есебінен «Тұрғын үй құрылыс» комбинаты – сегіз үй, «Кадрлық қауымдастық» компаниясы алты үй салуда. Яғни, тұрғын үй салу ырғағы бәсеңдемейді» деді ол.

БЕС АЙДА – АЛТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

  Облыстық ішкі істер департаменті басшысының міндетін атқарушы Аян Дүйсембаев полиция қызметкерлері тарапынан тіркелген сыбайлас жемқорлық фактілері туралы баяндады. «Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында алты қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде алаяқтық, пара, заңсыз сыйақы алу фактілері бар. Тергеу жұмыстарынан кейін екі қылмыстық іс сотқа жіберілді» деді ол.

  Бұдан бөлек, Атырау облысы ішкі істер департаментімен тәртіптік кеңес отырысы сегіз мәрте өткізіліп, 41 қызметкер жаза алған. «Оның ішінде 15-і басшылық қызметтегілер болды. 6 қызметкер лауазымдық орнынан босатылып, 15 полицейге «қызметіне сәйкес келмеушілік» жазасы қолданылды. Он екі қызметкер жұмыстан қуылды»,- деп мәлімдеді облыстық ішкі істер департаменті басшысының міндетін атқарушы Аян Дүйсембаев. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кейде полицейлерді әдейілеп арандату фактілерін ғаламторға салу арқылы ұпай жинағысы келетіндер барына да назар аударды. «Ақтөбедегі лаңкестік оқиғалардан кейін қауіпсіздік кеңесін өткізген Президент Нұрсұлтан Назарбаев полиция қызметкерлерінің мемлекет қолдауын сезінуі тиіс екендігін атап өткен болатын. Азаматтарымыз да погон таққан полицейлерді сыйлап, қолдауы керек. Ал, жемқорлық жағдайлары мүлде болмауы тиіс»,- деді ол.

   Комиссия отырысында сенім телефондарының нәтижелілігі де сөз болды. Облыстық ішкі істер департаментінің мәлімдеуінше, өткен жылы сенім телефонына 13 қоңырау түскен. Алты факті бойынша полицейлерге қатысты шара алынған. Биылғы тіркелген қоңырау саны – үшеу. Белгілі болғанындай, азаматтар көп жағдайда жол полициясының қызметіне байланысты шағымданады екен. «Белгілі бір ақша төлеген жағдайда, мемлекет тарапынан үй алып беретініне сендіріп, халықты алдап жүрген алаяқтық фактілері бар. Өкінішке орай, азаматтарымыз сондайларға сеніп, қолындағысын беріп жатады. Үй кезегіне байланысты ақпаратты енді ғаламтордан көріп отыруға болады. Барлығы ашық. Бірде-бір құқықбұзушылық назардан тыс қалмайды. Бірақ, мұның өзі жеткілікті емес. Өйткені, компьютер қолданып білмейтін де азаматтарымыз бар. Сондықтан, бұл мәселені нақты, әрі жүйелі шешу қажет. Біздің азаматтарымыз әділдік пен заңдылыққа сенуі керек».

(Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың комиссия отырысында айтқан сөзінен)

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз