«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ» – ЖАҢА АВТОКӨЛІК

 -1«Каспий құбыр консорциумы» жыл сайын әлеуметтік бағдарламалар аясында халыққа әлеуметтік көмек көрсетуді дәстүрге айналдырып келеді. Осы жолы да КҚК кеңейту жобасының қамқорлық акциясы аясында қалалық медициналық жедел жәрдем бекетіне халықаралық стандартқа сай соңғы үлгімен жабдықталған жапониялық «Тойота-Хайс» автокөлігі сыйға тартылды. Айта кетсек, бұл компания осыдан екі жыл бұрын да аталған кәсіпорынға дәл осындай төрт автокөлікпен қамқорлық танытқан болатын.

– Бұл консорциумның біздің кәсіпорын үшін жасаған игі істері өте көп, – дейді бекеттің бас дәрігері Мақсот Есеев. – Бірер жыл бұрын 14 миллион теңгеге автокөліктерді қоятын тоғыз гараж салып берсе, кейін төрт жедел жәрдем автокөлігінің кілтін және қыс мезгіліне арналған киімдерді медицина қызметкерлеріне тарту етті Ал, енді бүгін тағы соңғы технологиямен қамтамасыз етілген автокөлікті сыйға тартып, бізді үлкен қуанышқа бөлеп отыр. Бұл, сөз жоқ, медицина саласына деген үлкен қамқорлықтың белгісі. Біздің станцияға денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем қызметіне зәру болған қала тұрғындарынан тәулігіне шамамен 320-350 шақырту келіп түседі. Енді, міне, бүгінгі күні көліктеріміз толығып, қызметіміз мінсіз жүретін болады.
Мақсот Максимұлының айтуынша, қазіргі таңда бекетте 18 жедел жәрдем автокөлігі бар және 250 қызметкер жұмыс жасайды.
Науқастарға уақыт созбай, тез арада жету мақсатында қаланың Вокзал маңы ықшамауданы мен Авангард мөлтекауданында бекетке қарасты жедел жәрдем бөлімшелері де қызмет атқарады.
– Бүгін, міне, Атырау қалалық бекетке автокөлік кілтін салтанатты түрде табыстап отырмыз, – дейді аталмыш консорциум бас директорының Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі орынбасары Қанатбек Жумин бізге берген сұхбатында. – Жалпы, консорциум облыстағы медицина саласына үлкен қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы компания өңірдегі денсаулық сақтау саласына 60 миллион теңгеге демеушілік көрсетті. Сондай-ақ, Атырау қалалық №2 ауруханасының жылу жүйесін жаңарту, жапсаржай құрылысын жүргізу, облыстық аурухананы соңғы үлгідегі емдеу жабдықтарымен қамту жұмыстарын жүргізбекшіміз. Бұған қоса консорциумның қамқорлық бағдарламасы бюджеті есебінен облыстық перзентхана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Яғни, мұндай қамқорлық шаралары алда да жалғасын таба бермек.
Жаңа автокөлік науқасқа алғашқы көмек көрсету мақсатында барлық құралдармен қамтамасыз етілген. Яғни, медицина қызметкерлерінің бұл автокөліктер арқылы науқасқа кез келген жерде алғашқы көмек көрсетіп, емдеу жолдарын бастап кету мүмкіндігі бар.
Жедел жәрдем автокөлігін табыстау рәсіміне қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина Кәмелова «Каспий құбыр консорциумы» компаниясы басшылығына Алғыс хат табыс етті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз