«Жедел жәрдемдегі» бір күн

Жедел жардем Жаңалықтар

Бас ауырып, балтыр сыздай қалса, алдымен жүгінетіміз – «жедел жәрдем» қызметі. Кейде уақытында, кейде кеш болса да, олар халқадерінше шақырылған мекенжайдан табылып жатады. Жиі сынға да ұшырап жататын солар. Дегенмен, «жедел жәрдем» жұмысының қаншалықты жауапты, әрі қиын екенін біле бермейді екенбізОны олармен болған бір күнде анық сезінгендей болдық.

%d0%b6%d0%b5%d0%b4%d0%b5%d0%bb-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d0%b4%d0%b5%d0%bc

Үздіксіз қоңыраулар

Телефон атаулыға тыныштық жоқ… Бірінен соң бірі бебеулеп барады… Шақырту қабылдап отырған дәрігерлер… Межеге жеткенше асығатын көлік жүргізушілері… Дәрі-дәрмек қобдишасын жанынан бір елі қалдырмайтын фельдшерлер.

Бұл – күн-түні халық денсаулығын бақылауда ұстап, дертіне дауа іздеген науқастардың өміріне араша түсетін медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысы. Ақ халатты абзал жандардың бір күндік жұмысын бірлесіп атқаруды көздеген біздің кезекшілігіміз  осылайша жалғасты.

«Жедел жәрдем» шақыртқан тұрғындардың барлығы бірдей дәрігерлерге оң көзқараспен қарай бермейді. Зіркілдеп айқайға басатыны да, жылдам жеткен жедел жасақ мүшелеріне есікті күлімдеп ашатыны да кездеседі.

«Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем стансасы» мекемесі дәрігерлерінің күндізгі ауысымы таңғы сағат 8.00-де басталады. «103» нөміріне хабарласқан әр адамнан диспетчерлер жағдайды тәптіштеп сұрап алады. Сосын «жедел жәрдем» бригадасы үшін немесе емхана дәрігері үшін шақырту қабылдайды.

Қазіргі күнде стансада он диспетчер жұмыс жасайды. Білгеніміздей, шақырылымдардың басым бөлігі шұғыл болып келеді.

«Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем стансасының» бас дәрігері Гүлнәфис Таңбаеваның айтуынша, қалада жедел медициналық қызмет көрсететін бір орталық, екі шағын станса бар. «Тұрғындардан келген шағым орталықтандырылған стансадағы диспетчерге түседі. Оны қабылдауға кемінде  бір-екі минут уақыт кетеді. Сосын сол аумаққа жақын стансаларға хабарласып немесе босаған «жедел жәрдем» көлігін жібереміз. Бізге берілген уақыттың біршамасы осындай процедуралармен кетеді. Стансаға телефон шалғанда желі босамаса, қайталап хабарласуын сұраймыз» дейді ол.

Шақырту көп, маман тапшы

«Жедел медициналық жәрдем» қызметі шақырту түскеннен кейін 15 минут ішінде оқиға орнына жетуі тиіс. Жердің шалғайлығына, көшедегі кептеліске байланысты, кейде тұрғындар 20 минутқа дейін күтіп қалып жатады. Бірақ, шақырушылар «103»-ті сағаттап күтетіндерін айтып, жиі шағымданады.

Сонда кешігудің себебі неде? Осы сұрақты «Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем стансасының» бас дәрігері Гүлнәфис Таңбаеваға қойғанымызда, ол  тұрғындардың сала қызметіне түсіністікпен қарауын сұрады. Әсіресе, кешкі алтыдан кейінгі шақыртулар саны жиілейді. Бұл жұмыстан қайтатын уақыт болғандықтан, жолдағы кептеліс те кедергі.  Екіншіден, қала аумағының кеңеюі де себеп. Бізде небәрі 25 бригада жұмыс істейді. Халықтың саны көп, мамандар аз. Сол себепті, бригада санын көбейтуге ұсыныспен шығып отырмыз» – деді ол.

«Тәулік бойы тыным таппаймыз»

Орталықтағы Морозов көшесі, №66 үйден шақырту түскені хабарланды. Жүйткіген көлік Алмагүл  мөлтекауданы мен шойын жолдың арғы бетін жалғаған көпірдің жанына лезде жетіп барды. Көлік жүргізушісі мекен-жайды сұрап әуре болған жоқ, науқастың үйін бірден таба қойдық. Бағамдағаным, бұл үйден «жедел жәрдемге» жиі шақырту түсетінге ұқсайды. Ақ халаттылар бірден төргі бөлмеге озды. Ескілеу кереуетте жасы келген үлкен кісі жатыр. Ол Қалқаш Қуанова атты әжей екен. Дәрігер науқастың жай-күйін анықтап, дәрі екті. Сәл тыншыған соң ертеңгісін аймақтық дәрігерге жүгінуге кеңес берді.

Көлікке мінгенде, тағы бір  қоңырау Атырау мөлтекауданында орналасқан №441 үйге қарай бағыт сілтеді. Ата-анасының айтуынша, бір жастағы баланың қызуы үш күннен бері түспей, құсып жатыр. Ол – кішкентай Мәдияр есімді сәби. Мәдияр жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, оған қажетті ем-домдар жасалды.

Кезекті шақырту Нұрсая мөлтекауданындағы №77 үйден түсті. Мұнда кішкентай Нұртілек есімді баланың дене қызуы жоғарылап, ауырып жатыр екен. Анда-санда жөтеліп, мазасы қашатын оған салқын тиіпті. Күні бойына үйдегі әпкелері тиісті дәрі-дәрмегін беріп, ыстығын түсіргенімен, жағдай өзгермеген.

– Бала ауырып жатқанда оның диагнозын дәл табу қиын. Сондықтан 70 пайызын ата-анасына сұрақ қою арқылы анықтаймыз, мұны «анамнез» деп атайды. Ал, қалған 30 пайызын көзбен көріп, қажетті тексеру жұмыстарын жүргізген соң білеміз, – дейді  фельдшер Жақсылық Құлпейісов.

Сағат 12.45-те Береке Сидағалиев көшесі, №66 үйдің  тұрғыны Роза Жандыбаевадан шақырту түсті. Бұл жолы да тұрғынды ұйқы безінің созылмалы асқынуы мазалаған.

P.S. Осылайша бір күнде шақырту түскен ондаған үйде болдық. Дәрігерлерді қайдам, соларға еріп  жүріп, біз де қатты шаршадық. Бір сәт өзімізді «жедел жәрдем» қызметкері ретінде сезініп, абзал жандардың халыққа қызмет көрсетуі кезінде ұшырасатын қиындықтарын, жұмыстарының өте мазасыз және ауыр екенін көзбен көрдік. Осы сапардан кейін «жедел жәрдемге» кеш келесің деп ренжу орынсыз ба деген де ойда қалдық.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Жаксыбек Аманбаев

    әрине жедел-жәрдемнің келіп болмайтыны рас қой!