Жазылған жайдың жаңғырығы

Қартымыз үйсіз жүрсе, елдігіміз қайсы?

(«Соңғы үмітім –  сіздерде!», 28.09.2016ж.)

Өзіміз асыға күтіп, сүйіп оқитын облыс айнасы – «Атыраудан» жүрек қылын шертер қаншама мақала оқып жатырмыз. Соның бірі – күні кеше ғана жарық көрген үй-күйсіз жүрген қария туралы мақала. Мен де оны тебірене, толқи отырып оқып шықтым. Бұрын біз өзге ұлт үлкендерінің үйсіз жүретіндерін көруші едік. Енді, міне, солардың қатарында өзіміздің  еңкейген қарияларымыз да жүр. Өкінішті, әрине… 

Мақала авторы да қиналып: «Енді не істейміз, Нәсіпқали ағайға қалай көмектесеміз?» – депті ғой. Қалай көмектесеміз? Меніңше, ол кісіге құзырлы орындар ғана көмекке келе алады. Бірінші жолы – қарттар мен мүгедектер үйіне орналастыру, екінші жолы – өзі сұрағандай, бір бөлмелі пәтер беру. Мен басқадай көмекті көріп отырған жоқпын. Қартымыздың өзі айтқандай, қос жанары суалған болса, ол бір бөлмелі пәтерде жалғыз өзі қалай тұрады? Осы жағын да ойлау керек.

Не дегенде де, бұл – елдігімізге сын. Әсіресе, төрт бірдей ұл-қызы бар әкеге…

Гүлшара  ИСАЕВА,

№24  орта  мектеп  мұғалімі,

Атырау  қаласы.

Әкенің бәрі асқар тау емес…

Біз қандай мәселеге де бір жақты қараймыз. Осылайша қарттарымыз қаңғып жүрсе, «Оның отбасы қайда, бала-шағасы не істеп отыр?» деп байбалам саламыз. Оның балалары да ет пен сүйектен жаралған адамдар ғой, оларда да жүрек бар, сезім бар дегендей. Мүмкін, әкелерінің өзі кезінде дұрыс адам болмады ма, кім білген…

Мәселен, менің де әкем бар. Аты ғана – әке. Тұрақты жұмысы жоқ, қолына ақша түссе, арақ ішеді. Мас болып келіп, үйдегі анам мен біздің берекетімізді ала береді. Осындай әкемнің болғанына қатты өкінемін. Анама талай рет: «Мама, ажырасып кетсейші. Бөлек тұрайық!» – деп жалынғанмын. Бірақ, анам «қартайғанда ұят болар» дейді.

Жасымыз келді. Үйленіп жатсам, келіншегіме әкемді қалай көрсетемін? Мені осы сұрақ  қатты қинап жүр…

ҚОБЫЛАНДЫ,

23  жаста,

дәнекерлеуші,

 Махамбет  ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз