«Жайық нұры» Атырауды үш күн бойы ән қанатында тербеді

өнер Жаңалықтар

Облыс әкімдігі мен мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Жантөрин атындағы облыстық филармониясында Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ғафиз Есімовтің 70 жасқа толуына орай «Жайық нұры» атты республикалық әншілер байқауы өтті.

өнер

Өнер додасының мақсаты  Қазақстан Республикасының Халық әртісі Ғафиз Есімовтің 70 жасқа толуына байланысты туған жерінде өнерін дәріптеу, құрмет көрсету болды. Сонымен бірге, жастардың рухани-адамгершілік және көркемдік-эстетикалық дамуын қалыптас-тыру, ән өнерін насихаттау, жаңа талант иелерін іздеу, жас-тар арасында әншілік өнерінің кәсіби деңгейде көтерілуіне жол ашуды мақсат етті.

Байқау басталмас бұрын көрермендерге Ғафиз Қыдыр-ұлының өмірбаяны таныстырылды.

Ғафиз Есімов 1947 жылы 9 мамырда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сороченко ауылында дүниеге келген. Бала кезден ән-күйге ғашық болып өскен азамат осы елді мекеннен түлеп ұшып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алды. Оны бітірген соң опера әншісі болып еңбек жолын бастайды. Ұлы тұлғалар мен ұлағатты ұстаздардан тәлім алған Ғафиз аға өз өнерін шыңдай отырып, әлемдік операның классигі КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаевқа үзеңгілес іні атанып, қазақ өнерін, қазақ операсын шырқау биікке көтере білді.

1975 жылдан күні бүгінге дейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында үздіксіз еңбек етіп келеді. Халықта  «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген нақыл бар. Қазақ өнерінің атақты классиктерінен білім алған ағамыздың өзі де бұл күнде республикаға аты танымал баритон дауысты әншілердің ұстазы атанды.

өнер2

Ол Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында, Еркеғали Рахмадиевтің операсындағы Алпамыс рөлін, басқа да бейнелерді жоғары деңгейде сомдаған. Сонымен қатар, концерттік шығармашылық қызметімен бірге қазақтың халық әндерін, қазақ композиторларының ән-романстарын насихаттауға елеулі үлес қосып келеді.

Салтанатты шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатысып, өз сөзінде тарихы терең Атырау өңірінің таланттарға бай екенін, кейінгі жылдары рухани жаң-ғыру жолында көптеген игі, ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанына тоқталды. Өнер иелеріне сәттілік тілеп, жиналған жұртшылыққа деген ыстық ықыласын жеткізді.

Республикалық «Жайық нұры» әншілер конкурсының алқа төрағасы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ғафиз Есімов өз атына айтыл-ған жылы лебіздерге зор алғысын білдірді.

– «Ән – көңілдің ажары» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Ән бойыңды балқытып, ойыңды сергітеді, жан дүниеңе ләззат ұялатады. Халықтың әнсіз, әншінің халықсыз күні жоқ шығар. Осы байқауды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыс басшысы Нұрлан Ноғаевқа алғысымды білдіре-мін, – деді ол.

Бұдан соң жас әншілер жеребе бойынша сахнаға кезегімен көтеріліп, өнерлерін ортаға салды. Олар алғашқы айналымда  ежелгі ария, орыс немесе батыс классик композиторларының және Ұлы Отан соғысы тақырыбында жазылған әндерді, екінші кезеңде Абайдың сөзіне жазылған Қазақстан композиторларының шығармаларын орындады.

Кейбір қатысушылардың тарапынан «әттеген-ай» дейтін тұстары да болып жатты. Бірақ, үміткерлердің дені өздерінің музыкалық мүмкіндіктерін әйгілеуге барынша тырысып, өнер сайысының көрігін қыздырды. Оны өз кезегінде қазылар алқасы да айтып, нағыз жеңімпаздарды анықтаудың қиынға соққанын жасырмады. Өнер сайысына еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан 39 жас қатысты.

өнер3

– Байқауда бағын сынаушылардың дайындықтары жоғары деңгейде екенін атап өткен абзал. Олар сайыс кезеңдерін-де қарым-қабілеттерін барынша көрсетуге тырысты. Осы орайда айта кеткен жөн, бұл жоба жастарға үлкен мүмкіндік сыйлайды. Олар өз бойындағы өнерін ғана көрсетіп қоймайды, сондай-ақ, жоғары оқу орнының маман вокалистерімен де жұмыс істеп, дәріс алады. Бұл келешекте кәсіби әнші ретінде шыңдала түсуіне себеп болмақ. Сонымен қатар, мұндай байқау өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырғандығын да айта кеткіміз келеді, – дейді қазылар алқасының мүшелері.

Сонымен, өңірімізде алғаш рет өткен «Жайық нұры» атты республикалық әншілер бай-қауының бас жүлдесі Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан облыстық өнер училищесінің ІІ курс студенті Андрей Медведевке бұйырды. Ал, жүлделі бірінші орынның биі-гінен  алматылық Бегім  Айдос пен Әсем Сергеева және ақтөбелік Аманжол Өтемұратовтар көрінді. Екінші    орынға астаналық Талғат Аллабірінов пен атыраулық Нұрсәт Алмас және маңғыстаулық Мөлдір Жайлыбаева мен шығыс қазақстандық     Андрей Шагидевичтер лайық деп табылды. Жүлделі үшінші орынды Алматы қаласынан келген  Жандарбек Еркінбаев, Халид Орынқұл, Назгүл Орынбай, Болат Марғұлан, астаналық Мұхтар Ромашев, жерлесіміз Ілияс Бөлекбаев, қызылордалық Әзиза Әбдірейімдер өзара бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар берілді. Басқа да қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Ал-ғыс хаттар табыс етілді.

Кеше Махамбет атындағы қазақ драма театрында Ғафиз Есімовтің 70 жасқа толуына орай шығармашылық кеш өтті. Ол туралы газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.

Абай АҚМҰРЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз