Жауапкершілікті арттыра түседі

Жауапкершілікті арттыра түседі Жаңалықтар

Жарылғас ҒҰБАШҰЛЫ,

еңбек ардагері:

Жауапкершілікті арттыра түседіМен Мемлекет басшысының халыққа арнаған Үндеуін мұқият оқып шықтым. Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу  – дер кезінде қолға алынған көкейкесті мәселе. Оны уақыттың өзі туындатып отыр. Қазір сәт сайын өзгеріп жатқан әлемде Қазақстан да заман талабына сай жаңарып келеді. Еліміздің дамуы  жаңа сапалы кезеңге бет бұрғанда, әрине, конституциялық реформалар қоғам үшін маңызды. Бұл жаңашылдық біздің еліміздегі мемлекеттік басқару ісін жетілдіре түсетіні сөзсіз.

Мәселен, атқарушы биліктің құзыретіне республикалық бюджеттік комиссияны құру, арнайы экономикалық аймақтарды жасақтау және тарату, арнайы валюталық режімдерді енгізу, мерекелік даталар тізімін бекіту, қалалардың шекарасын белгілеу және басқа да өкілеттіктердің берілуі мүмкін екен. Мұның өзі «биліктің халықпен бірге болуы» деген сөз ғой. Осы жерде елдің әлеуметтік жағдайына сын көзбен қарап, зейнеткерлердің және мүгедектердің зейнетақысын көбейтудің арнайы бағдарламасы жасалуы қажет. Сонымен қатар, студенттердің шәкіртақысын өсіруді қолға алмаса болмайды. Өйткені, азық-түлік, киім-кешек бағасы өсіп жатқан қазіргі таңда ұрпақтың оқып, білім алуына жағдай жасамаса болмайтыны анық. Ал, үлкен мегаполистерде оқитын студенттер ата-анасынан қаражат сұрауға ұялады. Сөйтіп, әр істің басын бір шалады, кейде қылмыстық топтардың қармағына түсіп қалады. Білім беру саласына, әсіресе, медицина мен педагогикаға, жоғары оқу орындарына грантты көптеп бөлген дұрыс. Осының бәрі Парламент пен Үкімет  тарапынан ескерілгенін  қалаймын.

Өйткені, енді Үкіметке берілетін өкілеттіктер зор жауапкершілікті жүктейді. Елбасымыз осы Үндеуі арқылы ел тарихындағы жаңа кезеңді бастап берді. Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз мемлекетімізді бүкіләлемдік дағдарыстан аман алып шықты. Әлем алдында абыройлы мемлекетке айналдырды. Енді конституциялық өзгерістер  елімізді  саяси, әлеуметтік-экономикалық  одан әрі дамуын  жаңа белеске  көтереді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз