ЖАТ АҒЫМҒА АЛДАНБА!

Экстремизм мен радикализм идеясына қарсы биыл 1500 шара ұйымдастырылған. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Халық бірлігі» бағыты бойынша өткен сараптама тобының отырысында атап айтылды.

 

Шараға қатысқан облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев қоғамдағы кез келген адамның теріс діни ағым ықпалынан сақтануы қажеттігін сөз етті. «Теріс діни ағымдар жетегінде жүргендердің қатарынан материалдық жағдайы өте жақсы азаматтарды да кездестіреміз. Сондықтан, сақтық керек. Ел ішіндегі теріс идеялардың таралуының алдын алу үшін халықтық сипаттағы шараларды өткізуді жолға қойып отырмыз. Себебі, экстремизм мен радикализм проблемасынан ешкім толығымен сақтандырылмаған. Бұл орайда халық ішіндегі көпшілік шаралар негізгі тәсілдердің бірі ретінде танылуда», – деді ол.  Басқарма басшысы қазан айында жеті елдің сарапшыларының қатысуымен Атырауда өткен «Ислам мәдениеті: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларға қарсы тұрудың жолдары» атты конференцияға ерекше тоқталды.

Ол жастардың өзге ағымдарға қосылуын аймақта діни сауатты мамандардың жетіспеуінен деп түсіндірді. «Сондықтан, біз мамандарды өзге облыстардан шақырттық. Өткен жылы Мысыр елінен және басқа облыстардан 20-ға жуық маман тартылды. Бірақ, бұл мамандар біздің аймақты түгел қамти алмайды. Қызметкерлерді оқыту, қайта даярлықтан өткізу маңызды істің бірі болып отыр», – деді Еркінбек Шоқаев.

Жиын барысында экстремизмге қатысты қылмыстық баппен істі болған азаматтардың отбасын қоғамдық ортаға тарту, балаларына көмек көрсетіп, жұбайларын жұмысқа орналастыру мәселесі туралы да айтылды. Өскелең ұрпақты экстремизмнен сақтандыру мақсатында мектептерде дінтану пәнін тұрақты түрде өткізу, өзге ағымдағыларды тура жолға тартып, дәстүрлі ислам дінінің уағызын тарату секілді көкейкесті проблемалар да қозғалды.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз