«Жасыл ел» еңбек жасағына қатысушы жастар археологиялық қазба жұмыстарына жұмылдырылуда

IMG 8737 09 06 17 03 46 Жаңалықтар

Атырау облысы «Жасыл ел» жасағын археологиялық қазба жұмыстарына тартқан бірінші аймақ болып отыр. Қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша 16-29 жас аралығындағы жастардың бес еңбек жасағы жұмыс жасауда. Олар – көгалдандыру, құрылыс, ауылшаруашылық, педагогикалық және археологиялық жасақтар.

IMG_8737-09-06-17-03-46

– «Жасыл ел» бағдарламасына археологиялық жасақтың қосылуы – үлкен жаңалық. Мұндай қадамға бүгінгі таңда тек Атырау облысы ғана барып отыр, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев. – Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аталмыш бағдарламаға қатысатын жастардың санын 600-ден 2000-ға дейін көбейтуді тапсырды. Бұл үшін 140 миллион теңге бөлінді. Оның 39 миллионы – республикалық бюджеттен болса, қалған қаржымен жергілікті бюджет қамтамасыз етіп отыр. Мұндай қолдау студенттік жасақтардың қызметін кеңейтуге мүмкіндік берді.

Ағымдағы жылы 1 маусымнан бастап Қызылқоға ауданының Қарабау елді мекені аумағында 14 адамнан тұратын еңбек жасағы жұмысын бастады. Олар ескі қорғандарды қазып, Ұлы Жібек жолы бойында қалған тарихи құндылықтарды іздестіруде. Ал, шілде-тамыз айларында «Хан ордалы Сарайшық» қалашығы, Мақат ауданындағы «Таскешу – Керуен сарайы» көшпелі өркениет ескерткіші аумақтарында қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз