Жастар арасындағы жұмыссыздықты қайтсек азайтамыз?

АПТА: түйін ЖАСТАР ЖЫЛЫ Жаңалықтар

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Лаура Меңдіғалиеваның айтуынша, бүгінде аймақта 154343 жас бар екен. Олар облыстағы барлық тұрғынның 26 пайызын құрайды. Солардың 80905-і ауылда тұрса, 73438-і – қалалықтар.

жастар

Лаура Мұханбетқалиқызының айтуынша, жастарды еңбекке ертерек баулу бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, биыл «Жасыл ел» бағдарламасы біраз жаңғыртылды. Алдымен, оған қатысушылар бұрынғы жылдардағыдай тек көшеттер отырғызумен немесе ағаштарды баптаумен ғана шұғылданбайды. Әрине, бұл жұмыс та атқарылады. Ал, үстіміздегі жылдың жағымды жаңалығы – құрылыс отрядтарының құрылуы. Облыста ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындары жетерлік. Әр жылы соларды ондаған түлек бітіріп жатады. Бірақ, олардың өндірістік тәжірибе алатын жері жоқ. Міне, осы олқылықтың орнын құрылыс отрядтарына қатысу арқылы толтырады.

Одан әрі, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен «Жасыл ел» бағдармасына қатысушылар саны бұрынғы 600-ден екі мыңға дейін өседі. Демек, жазғы демалыс кезінде барынша көбірек адамды қамтуға ұмтылыс бар. Яғни, тағы да бірнеше құрылыс және агроотрядтар құрылмақ.

Ақырында, «Жасыл ел» бағдарламасына қатысушылардың жалақысы өсті. Оның көлемі бұрын 47 мың теңге болса, енді 60 мың теңгені құрамақ. Бұл – қазір еңбек етіп жүрген кейбір адамдардың айлық табысына тең. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасында да біраз өзгеріс бар. Бұрын ол «Жұмыспен қамту– 2020» аталса, енді «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» деп өзгертілді. Бұл бағдарлама – сайып келгенде, оқуын енді ғана бітірген, бірақ, әлі тәжірибе жинақтамаған жастарға үлкен қолдау. Олардың осындағы алты айы еңбек кітапшаларына жазылады.

қоғам2

Әрине, оны әлі де жетілдіре түскен жөн тәрізді. Өйткені, біріншіден, тәжірибе жинақтау мерзімі тым аз. Осы уақытта бұрын-соңды өндіріс табалдырығын аттамаған    жастың толыққанды маман болып жетілуі мүмкін емес. Екіншіден, алдынан қамқор жандар шықса жақсы. Әйтпесе, мамандығына сәйкес келмейтін «апарып таста, әкеліп бер» секілді шапқылауға салып, түк үйретпесе ше? Ендеше, тәжірибе жинақтауға жіберген түлектерін құзырлы орындар қадағалап отырғандары дұрыс.

Тағы бір жағымды жаңалық – үстіміздегі жылдан бастап әлеуметтік осал топтағы жастарды оқытудың қолға алынуы. Яғни, бұған тұл жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көп балалы отбасынан шыққан жастар қамтылады. Сонымен қатар, жұмыссыз және бала күтімімен отырған жас аналар да ұмыт қалмайды. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылатын жобада жыл соңына дейін бір мың шамалы жасты компьютерлік сауаттылыққа, ағылшын тіліне, тігіншілік пен аспаздық мамандықтарына оқы-туға мүмкіндік бар. Бастапқы курстар сабағын бастап та кетті. Алайда, жастардың белсенділігі тым төмен. Тегін тәлім алудан бас тартып жүргендерді біз де түсінбедік.

Белсенділік демекші, аймақта барлығы 63 жастар ұйымы тіркелгенімен, солардың 29-ы ғана түрлі шаралардың ұйытқысы болып жүр екен. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы 11-мен тығыз байланыста. Ендеше, саны бар, сапасы жоқ жастар ұйымдарынан жер-гілікті ұл-қыздарға келер пайда мардымсыз. Статистикалық мәліметтерге сәйкес,   жастар арасындағы жұмыссыздар саны 1050-1300 шамасында саналады. Бірақ, мамандардың пікірінше, олар үш мыңның төңірегінде. Біз бұдан да көбірек емес пе екен деп те ойлаймыз. Өйткені, құзырлы орындарға тіркелмей, әр жерде өз бетінше күн көріп жүргендер де болуы ықтимал.

Эльнара ОРАЛОВА,

Құралай ТАҒАНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған