#ЖАҚЫНЫҢА ЖАНАШЫР БОЛ! Атырау облыстық Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы төрт ұсынысты ортаға тастады

COVID-19: Соңғы поштадан... Адамгершілік айнасы Жаңалықтар

Atr.kz / 14 шілде, 2020 жыл. Құрметті Атырау облысының мемлекеттік қызметшілері! Көбіңіз осындай қиын-қыстау уақытта баршаға көмек көрсетіп жүргендеріңізді білемін.

Айналамызға, ағайындарға іспен, сөзбен, қаржылай қол ұшын беріп келеміз. Қызметте шектеулер көп, заң талаптарына қарап көмек бере алмайтын да жағдай аз емес. Заңгер, мемлекеттік қызметтегі заң талаптарын тексеру жөніндегі уәкілетті органның басшысы, облыстық Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы ретінде өз позициямды айтуға рұқсат етіңіздер. Олар Агенттік басшылығы тапсырмасы аясына жасақталды. Сондықтан да толық қолдау табады деп сенемін.

Құқықтық доктринада «Аса қажеттілік» және құқықтық аналогия деген ұғымдар бар. Аса қажеттілік жағдайда адамның өміріне, денсаулығына тікелей қауіп-қатер төндіретін қауіпті жою үшін жасалған заңсыз іс-әрекет құқықбұзушылық болып саналмайды. Әрине, егер бұл қауіпті өзге амалдармен жою мүмкін болмаған жағдай болғанда.

✔️Осыларды ескеріп, біріншісі, мемлекеттік қызмет көрсету барысында заңда көзделген тәртіп мүмкін болмаса, аса қажет жағдайда адамдардың өміріне, денсаулығына қатері болса – заңда көзделмеген тәртіпте қызмет көрсету заңбұзушылық емес деп есептеймін. Демек, egov немесе басқада жолдармен қызмет көрсету мүмкін болмаса, телефон арқылы қызмет көрсетуді сұраймын.  Мысалы, емханаға тіркелу қажеттілігі интернет немесе керекті цифрлық сауаттылық болмаған жағдай туындаса учаскелік мейірбикеге телефон соғу арқылы тіркелуге болады. Дәл осы бағытта барлық қызмет көрсету салаларында жұмыс істейік, әріптестер!

✔️Екіншіден, Атырау облысында қызметтік көліктерді санамағанда жеке және басқа көліктерді пайдалануға шектеулер бар.
Аса қажет жағдайда,емделуші науқастың үйіне барып келу қатынасын, ем-дом  шараларын алуға көмектесу үшін қызметтік көлікті пайдалануға болады. Мен өз қызметтік көлігімді сол үшін арнаймын! Көлік жүргізушісінің аты Сағындық (телефон нөмірі: + 7702 941 48 06). Ол да өз тарапынан осы көмекті көрсетуге дайын. Ал, жанармай жеке менің есебімнен. Барлық әріптестерімді қызметтік көлікті, байланыс телефондарын күн сайын жария етіп, көмек көрсету амалдарын іздеуге шақырамын.
 
✔️Үшіншіден, мемлекеттік қызметте жалақы аса жоғары болмаса да, тұрақты. Сондықтан, әріптестерімді әр айдың соңында жалақы алатын күні өз мүмкідіктеріне қарай, ішкі қалауыңызға сай тұрақты түрде қайырымдылық мақсатында қаражат аударып тұруға шақырамын. Ішкі саясат басқармасы мен аудандардағы бөлімдерді, үкіметтік емес ұйымдарды, жеке азаматтарды жіті зерделеп, сенім талаптарына сай тізімді жасақтап, барлық мемлекеттік орган назарына  жеткізіп тұру сұралады.

✔️Төртіншіден, емханаларда, жерлеу, қоғамдық бақылау, мониторинг, түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекеттік қызметшілерді еріктілер ретінде атсалысуға шақырамын. Осы жұмысты аудан,қала әкімдері қолға алуын сұраймын. Басты талап – қорғау құралдары мен сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс. Еріктілердің денсаулығына қауіп төнбеу қажет.

Өз кезегінде мемлекеттік органдардың басшыларын еңбек кодексінің 124 бабына сәйкес қоғамдық міндеттерді орындауға тартылған уақыты, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнын сақтап, еңбек міндеттерінен босатуды сұраймын. Осындай қоғамдық міндеттер «Волонтерлік қызмет туралы» заңмен заңдастырылды. Қажетті құжаттар: қызметкердің арызы және жұмыс берушінің бұйрығы.
Басқа да мемлекеттік қызметтің потенциалын қажетті жолға қоюға қатысты ұсыныстар болса, құқықтық сараптамадан өткізіп, іске қосуға дайынбыз.

Қымбатты атыраулықтар, жерлестер! Басқа түскен ортақ қайғы ешбір отбасыны айналып өткен жоқ. Біреуміз әке-анамызды, іні-қарындас, аға-апаларымызды, біреуміз ата-әжелерімізді, ұл-қызымыз бен туыстармызды, достарымызды мәңгі жоғалттық. Осы қайғыға ортақпын. Бұл тоқтайтын емес, сондықтан, барлығымыз жұмылып күресейік!

Салауат МҮКСІМОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған