Жантүршігерлік жарылыс сапасыз қондырғыдан ба, әлде…

ЖАНТҮРШІГЕРЛІК Жаңалықтар

…Бұл күннің өзгелерден еш айырмашылығы жоқ еді. Әдеттегідей балаларының сабағын оқытып болған жас келіншек енді ауладағы «времянкаға» барып, үй тірлігімен айналысып жүрген отбасы мүшелеріне қол ұшын созуға асықты. Қалған шаруаны өзі-ақ тындырып тастайтынына сендірген ол өзгелермен бірге іске кірісіп кетті. Сәлден соң құлақ тұндыратын жарылыс қос қабатты ғимараттың күлін көкке ұшырды. О баста асты гараж, үсті уақытша тұрғын мекен ретінде салынған баспана түгі қалмай қирады. Ең өкініштісі, адам өлімі орын алды. Қос сәби анасыз, аптал азамат жарсыз қалды.

ЖАНТҮРШІГЕРЛІК

Осы оқиғаны журналистік зерделеу барысында біраз жайға қанықтық. Мәселен, облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінен алған деректерге жүгінсек, өткен жылдың қарашасында 21 сағат 38 минутта Ардагер мөлтекауданында үйдің төбесінен түтін шығып жатқандығы туралы хабар түскен. Оқиға орнына барған кезде аталған ықшамауданның 4-көше, №11 үйдегі екі қабатты уақытша тұрғын үйі (времянка) толықтай отқа оранған. Отбасы мүшелері оның бірінші қабатындағы гараж ішінде автокөліктің қозғалтқыш бөлігіндегі газ фильтрін тазалау кезінде жарылыс (хлопок) орын алғанын айтқан.

Соның салдарынан екінші қабат опырылып, төменге құлауынан 1992 жылғы әйел адам мерт болған. Сағат 22:50-де сөндірілген өрттің зардабынан 1990 және 1991 жылы туған екі ер адам бірінші және екінші дәрежелі, 1974 жылғы әйел және 1992 жылғы ер адам екінші және үшінші дәрежелі күйік алған. Кейін араға үш күн салып, облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан 1974 жылғы әйел адамның көз жұмғаны белгілі болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Жасболат Бержановтың айтуынша, «Лексус 570» маркалы автокөліктің бұған дейін де ақауы болғанға ұқсайды. Оның үстіне, газдың жарылысы қатты болып, екінші қабат бірден опырылып түскен. Әрине, кісі өлімі орын алғаннан кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу-тексеру амалдары жүргізіледі. Бірақ, техникалық қауіпсіздік ережесін сақтамаудың салдары қайғылы жағдайға әкеп соқтырғаны өкінішті. Әрі соңғы уақытта Атырауда автокөліктерге газ баллондарын қондыру орындары көбейіп кетті.

Расында да, қазір күн сайын құбылған бензин бағасы шарықтап барады. Ал, басқа кезеңдерге қарағанда, қыс мезгілінде көлікті ұзағырақ оталдыруға тура келеді. Яғни, оған тиісінше жанар-жағармай да көбірек шығындалады. Бүгінде көлікке газ қондыру жағдайлары жиі кездесетіні де сондықтан.

«Барлық талаптар сақталса, газ қондырғанның еш айыбы жоқ. Көршілес Ақтау қаласында бұл үрдіс әуелден-ақ тәжірибеге енген. Тек уақытылы арнайы мекемелерде фильтрін ауыстырып, техникалық күтім жасап отыру керек. Оның үстіне, майға қарағанда газ ластау келеді. Сол себепті, оны үнемі тазалаған жөн. Бетін әрмен қылсын, бірақ, қате бензиннен де болып жатады. Бастысы, кепілдік беретін маманданған орындарға барып жөндеу жасатқан дұрыс. Айта кету керек, өткен жылдан бастап көліктерді техникалық қарау жекеменшікке берілді»,-дейді бізбен әңгімесінде Жасболат Бержанов.

Техникалық нормалары толық сақталған компаниялар болса бір сәрі, біз қаржымызды үнемдейміз немесе салдыр-салақтау қараймыз деп опық жеп қалатынымыз жасырын емес. Бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқан көлік жайынан хабары барлар еш кепілдіксіз-ақ газды орнатып жатыр. Мәселенің мәнісіне тереңірек бойлау мақсатында қаладағы бірнеше қызмет көрсету орталықтарына бас сұқтық. Алдымен, көлік құрал-жабдықтарын саудалайтын «Мерей» базарына аялдадық. Сұрастыра келе, мұнда көліктерге газ қондырылмайтынын білдік. Өзін Серік (есімі сұрауы бойынша өзгертілді-авт.) деп таныстырған жігіт ағасы облыс орталығында осындай қызмет түрімен айналысатын жеке кәсіпкерлер көп екенін, алайда, оның барлығына бірдей сенбеуге кеңес берді. Бағасы да газ қондырушы маманның еңбегіне қарай 100 мың теңгеден басталады. Алайда, бір рет ауыстырып алсаң, бензинге жұмсалған ақшаңды кәдімгідей үнемдейсің.

«Қарындасым, ақылым болсын, газ – қауіпті нәрсе. Сол себепті, тек кепілдік беретін мамандарға барғаның абзал. Жарнаманы ашып қалсаң, «газ қондырамын» деушілерден көз сүрінеді. Бірақ, барлығы бірдей кепілдік бермейді», – деді жігіт ағасы.

Жалпы, мамандардың айтуынша, көлікке газ қондырамын деушілер алдымен әкімшілік полицияға барып рұқсат қағазын алуы тиіс.

«Содан соң жүргізуші арнайы орындарда қондырғыны орнатқаннан кейін сынақ хаттамасын алады. Оны да түрлі мекемелер береді. Кейін әкімшілік полицияда оның техникалық төлқұжатына автокөлікке газ қондырылғандығы жөнінде мәлімет жазылады»,-дейді Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы Атырау филиалының маманы Нұрсұлтан Медетбаев.

…Әзірге өмірдің ащы-тұщысын танып-білмеген қос құлыншақ анасының енді қайтып оралмайтынын білсе де, келешегіне зор үмітпен қарайды. Ешқандай дақ түспеген кіршіксіз бала көңілі ғой. Шіркін, анасының аялы алақаны мен мейірімін өзгелер алмастыра ала ма екен?

Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА, облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі: Ардагер ықшамауданында болған оқыс оқиға бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 204-бабы, 2-бөлігімен №2 Атырау қалалық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Бірнеше сараптама түрлері тағайындалған.

Азамат ЖҰМАШЕВ, «Атыраугазстандарт» қызмет көрсету орталығының басшысы: Көліктерге газ қондырумен айналысқанымызға жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Бұған дейін Астана, Ақтау қалаларында табысты еңбек еттік. Мамандарымыз тұрақты түрде арнаулы курстардан өтіп, біліктілікті арттыру семинарларына қатысып тұрады. Шын мәнінде, қондырғыны орнату үшін кім-кімге де тәжірибе керек. Ал, бізде қалай? Көліктен хабары барлар ғаламтордан көріп алып, арзан бағасына қондыра береді. Алайда, оның арты қайғылы жағдайларға апарып соқтыратынын түсінбейді. Айталық, «Приора» автокөлігіне газ құрылғысын қондыру құны – 125 мың теңге, бірақ, көпшілігі 115 мың теңгеге салып береді. Оған кейін ешкім кепілдік бермейді.

Жалпы, Атырау нарқына келгенімізге үш жылдай болды. Басқаларға қарағанда, бұл өңір газының қоспалары бар. Сондықтан әр 8 мың километр сайын фильтрді ауыстырып отырған жөн. Оны тазалағанның өзінде газ баллонының үстінде шүмегі болады. Оны да көпшілігі ескермейді.

Білуімізше, мұнда жиырма шақты көлік қондырғыларын ауыстыратын жекеменшік мекеме бар, бірақ, барлығында бірдей кепілдік беріледі деп айта алмаймын. Біз тұрақты түрде «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығынан» лицензия алып отырамыз. Олар кез келгенге бұл құжатты ұстата салмайды. Жоғарыда айтқандай, талапқа сай болуы қажет.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз