«ЖАНАШЫРДЫҢ» ЖАН ЖЫЛУЫ

Айман  мен  Ерсұлтанның  болашағына  жол  ашылды

Жуырда облыс әкімінің тапсырмасымен басталған  «Жанашыр» жобасы аясында қамкөңіл балаларды аймақтағы іргелі компаниялар өз қамқорлықтарына алуда. Соның ішінде Атырау қаласындағы С. Қазыбаев атындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері – Ерсұлтан Өрбаев пен Айман Баяуова да бар.

Аталған балалар үйінде күні бүгін 72 бала тәрбиеленуде. Оларға мемлекет тарапынан және жеке секторлардан қолдау көрсетіліп жатқанымен, балаларды әлеуметтік жағынан қамту әлі де қажет. Мекеме басшысы Сәния Мусиеваның айтуынша, «Жанашыр» жобасына ниет білдірген кәсіпорындарға 24 тәрбиеленуші ұсынылған.  Кәсіпорын басшылары олардың арасынан қамқорлыққа аса мұқтаж деген екі баланы таңдады. 

Ата-анасы хабар-ошарсыз кеткен он алты жасар Ерсұлтан Өрбаевты «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қамқорлыққа алды. Ерсұлтан 2006 жыл балалар үйіне қабылданып, содан бері осы шаңырақта тәрбиеленіп келеді. Атырау қаласындағы №19 орта мектептің сегізінші сынып оқушысы. Мінезі ашық, достарымен қарым-қатынасы жақсы. Спорт сүйгіш жеткіншек балалар үйіндегі футбол, баскетбол секцияларына қатысады.  Мектеп оқушылары арасындағы  бірқатар облыстық спорттық сайыстың жүлдегері. Сондай-ақ, «Қазақстан Геологы» емдеу-сауықтыру пансионатында спорттық шараларға белсене араласқаны үшін «Үздік футболшы» номинациясымен марапатталды.

Болашақта инженер-технолог болуды мақсат еткен Ерсұлтанға «Атырау мұнай өңдеу зауыты» серіктестігі басшылығы оны өмірге бейімдеуде барлық жағдайда қолдау болатынын, кейін зауытқа қызметке орналастыратынын айтады.

Ал, «Атырау су арнасы» КМК қамқорлыққа алған Айман Баяуованың да болашақтағы армандары асқақ. Бүгінде ол облыс орталығындағы №19 орта мектептің тоғызыншы сыныбында оқиды. Мінезі ашық. Достарының арасында сыйлы. Ортада өзін еркін ұстайды. Ән-би үйірмелеріне қатысып, бірнеше сайыстардың жүлдегері атанып жүр. Жыл сайын республикалық «Таң шолпан» фестивалінде ерекше көзге түсіп келеді.

«Биыл музыкалық академияға оқуға түсіп, болашақта хореограф болсам деймін. Өзімнен кейінгілерді де өнерге баулу – арманым. Бұл жолда бізді қамқорлыққа алған кәсіпорын басшылығының үмітін ақтаймын деп сендіремін» дейді ол. 

Ендігі уақытта іргелі мекемелер мен компаниялар бұл жеткіншектердің тағдырына жауапты болады. Дәлірек айтқанда, қамқоршылар интернат тәрбиеленушілерін оқытып, кейін жұмыспен қамтамасыз етеді. «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы балаға арнайы есепшот ашып, оған ай сайын 50 мың теңге аударып отырады. Бұл – бала кәмелеттік жасқа толғанда баспана алуға арналған қаржы.

Жергілікті билік ұсынған «Жанашыр» жобасы қазірдің өзінде көптеген мекеме-кәсіпорындар мен кәсіпкерлер тарапынан қолдау табуда.

Айта кету керек, бүгінде «Өнерпаз» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Әлия Бекқожиева да балаларды қамқорлыққа алуға ден қойды. Кәсіпорын басшысына С.Қазыбаев атындағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар үйінен 22 баланың тізімі жолданды.

Алдағы уақытта мұнайлы өңірде қамкөңіл жандарға қолдау болар қамқоршы компаниялардың қатары артады деп сенеміз.

Алтыншаш

НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз