ЖАЛАҚЫСЫН ҮШ АЙДАН СОҢ АЛЫПТЫ…

Қазыналы өлкемізде алпауыт мекемелер жетерлік. Ал, онда қызмет етіп жатқан жұмысшылардың еңбегі қаншалықты қорғалуда? Бүгінгі еңбек адамдарының жалақысы өз уақытында төлене ме? Міне, осы және өзге де мәселелер облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында қозғалды.

 

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Әліпқали Дәулетияров облыс еңбек ұйымдарындағы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталу жайына тоқталды.

–  Еңбек заңнамасының талаптарын толық орындамаған «Строй Монолит Сервис», «Каспиан Контракторс Сервис», «Ариадна», «Каспиан Трас Групп», «Ақ-Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өз қызметкерлеріне уақытылы жалақы төлемеген. Жұмыстан босатылған қызметкерлермен түпкілікті есеп айырысуды кешіктірген. Басқармаға «Строй Монолит Сервис» ЖШС-нің қызметкерлері атынан наурыз-сәуір айларына тиісті жалақының кешіктірілгені туралы арыз келіп түсті. Тексеріс нәтижесінде ақпан-наурыз айларының жалақысы 40 күнге кешіктіріліп, сол күндерге ешқандай өсімақының төленбегендігі анықталды. Сөйтіп, ҚР Еңбек кодексінің 134 бабы 1-4 тармақтары бойынша заң бұзушылықтарға жол берілген. Ал, ұжым басшысы К.Минулиннің атына ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін берешекті төлеу туралы нұсқама беріліп, айыппұл салынды. Алайда,  нұсқама уақытылы орындалмағандықтан, Атырау қалалық сотына тиісті талап-арыз жолданды. Аталған берешектер шілде айында төленгендіктен, сот істі қараусыз қалдырды. Әлі күнге дейін қызметкерлердің өсімақысы төленбей келеді, – деді Әліпқали Төреұлы.

«Каспиан Контракторс Сервис» ЖШС-і бойынша қызметкер Г.Тультаевтың арызына қатысты тексеріс жүргізіліп, ақпан айына тиісті жалақының 43 күнге кешіктірілгені анықталды. Тиесілі өсімақы төленбек түгілі есептелмепті де. Өз еркімен жұмыстан босаған қызметкерге есеп айырысу төлемі он бір жұмыс күніне кешіктірілген.

Ал, «Ариадна» ЖШС-нің қызметкері Н.Тілеуовтің 2009-2015 жылдар аралығында демалыс күндері жұмыс жасағаны үшін екі есе төлемнің жүргізілмегендігі анықталды. Оның үстіне, екі жыл бойы кезекті еңбек демалысы берілмей келіпті. Мұнымен еңбек кодексінің 128, 108 баптарының 3-тармағының талаптары бұзылып отыр. Барлық берешектер мен айыппұлдар маусым айында ғана төленген.   

«Каспиан Трас Групп» ЖШС-і бойынша 12 қызметкерге мамыр айының есеп айырысу төлемі төленбеген. Тіпті, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қарапайым еңбек шарты да жасалмаған болып шықты. Сол сияқты, «Ақ-Нұр» ЖШС-інде 11 қызметкер биылдың алғашқы үш айының еңбекақысын ала алмай келіпті. Бұл да еңбек шартының жасалмағандығынан туындап отырған мәселе.   

Жиын төрағасы Сәлімжан Жұмашұлы тиісті органдарға еңбек нарығындағы тұрақтандыру шараларын қабылдауды тапсырды. «Әр мекеме еңбек шартында белгіленген жалақы мен өзге де төлемдерді уақытылы төлеуді қамтамасыз етсін. Жалақыны айына кемінде бір рет және келесі айдың оныншы күнінен кешіктірмей төлеу жолға қойылсын. Ал, еңбек шарты тоқтатылған жағдайда, барлық есеп айырысу үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілсін» деген жиын төрағасы облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына талаптардың орындалысы туралы жазбаша мәліметтердің бір айдан кешіктірілмеуін қатаң ескертті.   

Амандық  САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз