ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА АСЫҒАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

Өткен сенбіде облыстық әкімдікте «Жақсылық жаса!» жобасы аясында Астанадағы орталық коммуникациялар қызметімен онлайн режимінде конференция өтті. Онда еліміздің әр өңірінен кәсіпкерлер тікелей бейнебайланысқа шығып, барша қазақстандықтарды жақсылық жасауға үндеді.

 

Қазақстанда аталмыш жоба кең ауқымда бастау алды. Оның мақсаты – жақсылық, бейбітшілік, мейірімділік секілді құндылықтарды халық бойына сіңіріп, оны кеңінен насихаттау. Шараның көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылуы тегін емес. Екі аптаның ішінде «Жақсылық жаса!» және «Делай добро!» хэштегімен «қазнетте» еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам пост пен бейнеролик жарияланды.

Бір ерекшелігі, қайырымдылық шарасына тек қалталы азаматтар ғана емес, қарапайым дәрігерлер, полицейлер, тіпті, эстрада жұлдыздары да белсенді атсалысып жатыр. Тікелей желіде белсенді топтармен қатар Димаш Құдайбергенов секілді отандық өнер жұлдыздары да ойларын ортаға салды. «Қамқорлық жасауды өміріміздегі маңызды әдетке айналдырсақ, адам еріксіз жақсылық жасауға асығып тұрар еді. Сол себепті жүрегімізден мейірім кетпесін. Осындай игі істерді жасауға баршамыз атсалысайық» деді шығармашылық бірлестік өкілі Мөлдір Әуелбекова.

Ал, Атырау облысының кәсіпкерлері мен қайырымды жандары атынан «Райхан» қонақ үйінің иесі, жеке кәсіпкер Раиса Көшекова сөйледі.

– Біз, мұнайлы өлке тұрғындары да мүгедек жандар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, денсаулығына зақым келген әйелдер мен аз қамтылған отбасы мүшелеріне қолдан келгенше қол ұшымызды беріп келеміз. Өзім кәсіпкерлік саладағы жиырма жыл уақыт ішінде алдыма келген адамнан көмегімді аяған емеспін. Бірде жасөспірім қыз байқауға қатысу үшін жолақысын төлеп беруді өтініп, көмек сұрағаны есімде. Міне, сол кезде уақытында көрсетілген көмек пен аялы алақан жылуының адам өмірінде алар орны ерекше екенін түсіндім, – дейді ол.

Айта кетейік, қазір Атырауда кәсіпкер Мұрат Сармановтың ізімен жүздеген кәсіпкер көмекке зәру отбасыларын өз қанаттарының астына алуда. Дүкендерде әлеуметтік аз қамтылған топтар үшін жеңілдікпен азық-түлік сатып алуға арналған бөлімдер ашылған. Ендеше, жақсылық жасауға бірге атсалысайық, ағайын!

А.САҒЫНТАЙҰЛЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз