«ЖАҢА ӨМІР» ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ СЫЙЛАЙДЫ

«Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» жастар қоғамдық бірлестігі өңіріміздегі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, зағип жандарға қамқорлық көрсетіп, көптеген істердің ұйытқысы болып жүр. Олардың өткен жылы бастаған іс-шарасының жалғасы биыл «Жаңа өмір - 2014» деп аталыпты. С.Қазыбаев атындағы балалар үйінде аталмыш жобаның екі кезеңі жан-жақты талқыланып, жұмыстар жайы сараланды.

«Жаңа өмір – 2014» жобасы сәуір айының соңынан бастап, балалар үйінде екі кезең бойынша жүзеге асырылады.Алғашқысы – «Асырап алушы ата-аналар мектебі»,  келесісі «Интернаттан кейінгі балалардың жақсы жолға түсуіне септесу» деп аталады. 
– Өткен жылы С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін асырап аламын деп  ниет білдірген 49 ата-ана арасында оқу курстарын өткіздік. Ал, екінші бағыт бойынша отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінде болып, жасөспірімдерге экономика, психология бойынша оқу-жаттығулар жүргіздік,  – дейді аталған жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұлықбек Тінәлиев.
Жоба менеджері  Нелли Куликовскихтың айтуынша, шара аясында балалар үйінен бала асырап алғысы келетін ата-аналармен кездесу, жеке кеңестер, тестілеулер және сауалнамалар жүргізіледі.  «Балалар үйіндегі бала саны жылдан-жылға азайып келеді. Алғашында 250 тәрбиеленуші болса, қазір 3-18 жас аралығында 97 бала тәрбиеленуде, оның ішінде мектепке дейінгі бөлімде 13 бала бар. Көпшілігі түрлі білім, өнер, спорт жарыстарында жеңімпаз атанып жүр», – дейді С.Қазыбаев атындағы балалар үйі директорының орынбасары Гүлжан Отарқызы.
 
Нұргүл НАСЫР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз