Жәрмеңкеде жұмыс бар

f1dc7b3604904039305ba199d6a1e388 Жаңалықтар

Атырау қалалық жастар ресурстық орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған қала аумағында орналасқан 28 жұмыс беруші  мен мыңға жуық жұмыссыз қатысты. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдауға, ал, азаматтар мамандықтары бойынша жұмысқа тұруына мүмкіндік алды. 

f1dc7b3604904039305ba199d6a1e388

«Идеал-Маркет» ЖШС кассир, сатушы,  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесі (КСК) кассир, аула сыпырушы мамандықтарына, қалған кәсіпорындар техникалық мамандарға бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Бұдан басқа, шараға мемлекеттік мекемелер де қатысты. Мәселен, №28 балабақшаға қазақ және орыс топтарына тәрбиеші, орыс тілі мұғалімі мен медбике ауадай қажет.

Алайда, аталған мекеме әдіскері Тойған Сапарова  түйіндеме тапсырып, қызығушылық білдіргендердің аздығын жеткізді. Керісінше, «Сенімді құрылыс» ЖШС-не түйіндемелерін таласа тапсырғандар көп болды. Жәрмеңкеде «Fircroft Kazakhstan» мамандары жастарға  жұмысқа орналасу үшін түйіндеме дайындау, оны тапсыру және  әңгімелесуден өту жолдарының қыр-сырын түсіндірді.

Аталған орталық басшысының орынбасары Әйгерім Досқалиева шара өтпестен бұрын әлеуметтік желілерде алдын ала хабарланғанын айтады.

– Мекемелерден техникалық мамандықтарға сұраныс мол. Жәрмеңкеге келе алмаған жұмыссыз жастар түйіндемелерін zhas_center@mail.ru электронды поштаға жібере алады. Біз оны тиісті кәсіпорындарға тапсырамыз. Бүгінгі шараға 28 мекеме қатысса, алдағы уақытта базамызды 50 компанияға дейін жеткізгіміз келеді, – дейді Әйгерім Досқалиева.

ол «Жүректен – жүрекке» қоғамдық қорының «Bilim for All»  жобасы аясында әлеуметтік осал топтағы жастарды 11 мамандық бойынша оқытуға құжаттар қабылданатынын да жеткізді. Айтуынша, бүгінге дейін 38 адам мамандық алып шыққан.

Рита Өтеуғали

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз