Жүргізуші куәлігін оқымай алу – ақылға қонбайтын бастама

1 Жаңалықтар

Сонымен, жол-көлік ережесіне биыл енгізілген өзгерістерге орай, А, А1, В және В1 категориялары бойынша автомектептерде оқу міндетті емес. Яғни, азаматтар өздігінен дайындалып, емтиханды арнайы қызмет көрсету орталықтарында тапсыра алады. Алайда, мұндай толықтыруларды құптамайтындар да бар. Мәселен, Парламент Сенатының депутаты Ахан Бижанов оқу орындарында тәлім алуды міндетті санайды.

1354166831_voditelskoe-udostoverenie

Жалпы, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, дүние жүзінде әр жылы 1 млн. 250 мың адам жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза табады екен. Сұмдық емес пе? Ал, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика комитеті ұсынып отырған деректер бойынша, биылғы бірінші жартыжылдықта еліміздің жолдарында 7900 оқиға орын алған. Соның нәтижесінде 11038 кісі зардап шегіпті. Олардың 910-ы мерт болса, 84-і балалар екен. Обал-ай, десеңізші. Тіпті осы жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандарды мамандар кішігірім ұрыс қимылдарының нәтижесіне теңеп те жүр.

Міне, осындай жан түршігерлік оқиғалар орын алып отырғанда азаматтардың арнайы оқу орындарында білім алуы міндетті еместігі жөніндегі бастама қалай көтерілді? Оны талқылауға алып шыққан кім? Депутаттар неге қолдады? Енді Парламент мүшелерінің бірқатары неліктен қарсы шығып отыр?

Жалпы, жол-көлік ережесіне қатысты бірнеше толықтырулардың қатарынан ұсынылуы халық қалаулыларының қырағылығына селкеу түсіргендей. Алдымен, биылғы 26 қыркүйектен бастап автокөлікті тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Енді әр азамат көлігін сатып алған қаласында-ақ тіркеуге құқылы. Мәселен, Оралда көлікке ие болған атыраулыққа транзиттік нөмір алу міндетті емес. Сол қаланың өзінде-ақ тіркеле алады.

Оның үстіне, жүргізуші куәлігін әр адам өзінің қайда тұратындығына қарамай кез келген облыстағы автокөлік иелеріне қызмет көрсету орталықтарынан алуына мүмкіндік бар. Ақырында, бұрын жоғалуына немесе жарамсыздығына байланысты машинаның техникалық төлқұжатының көшірмесін аларда көлік тексерілетін. Енді мұның да қажеті жоқ.

Міне, жұртшылыққа жайлы осындай өзгерістер тасасында азаматтардың автомектептерде оқуы міндетті еместігі жөніндегі бастама да өтіп кеткен тәрізді. Депутаттардың бір тобының дабыл қағып жатқандығы да сондықтан шығар, сірә. Ал, сараптама нәтижесі көрсетіп отырғанындай, еліміздегі жол-көлік оқиғаларының 90 пайызы адамдардың кінәсінен орын алады. Техниканың ақаулығы, жолдың сапасыздығы, көлденең жайлар басымдыққа ие емес. Соның ішінде жүргізушілердің жеке жауапкершілігінің төмендігі, кәсіби шеберлігінің нашарлығы, тіпті сауатсыздығы апатты жағдайға душар етіп отыр. Демек, бұл бағытта кешенді шараларды шұғыл қолға алатын кез туды. Талапты да қатайту қажет. Оның орнына жүргізушілік куәлігін оқымай-ақ алуға ұмтылу – ақылға қонбайтын бастама. Тіпті тәртіп бұзған жүргізушілерге төлейтін айыппұл көлемін азайту жөнінде де ұсыныс болды емес пе? Оны айтушылар мұның соңы нендей оқиғаларға соғуы ықтималдығын ойлады ма екен?

Сөйтіп, үстіміздегі жылғы маусымнан бастап республикада жүргізушілікке емтихан тапсыру және оның куәлігін алу тәртібі өзгертілді. Енді арнайы оқу орындарының есігін ашпай-ақ, емтиханға өз бетіңше дайындалып, бағыңды сынауға болады. Расын айтқанда, қызық өзгеріс. Ойлап көріңізші, жүргізуші куәлігі жоқ адам көлікті басқару құқына ие бола ма? Оны сол сәтте-ақ полиция қызметкерлері ұстап алмай ма? Ал, көлік жүргізіп көрмесе, қалай тәжірибе жинақтайды? Әлде жасырын істей ме? Қазір ауылдық елді мекендерде кез келген бозбаланың ауладағы машинаны мініп жүргені рас. Ақырында, тәжірибесі жоқ адамның емтихан тапсыра алмайтыны ақиқат. Міне, бір-біріне тәуелді осындай кереғарлықтар бар. Сонда әлгі енгізілген өзгерістер де кереғар емес пе?

Сондықтан, мамандардың пікірінше, бұл жаңалық жол қоз-ғалысына кері әсерін тигізеді. Ол жүргізушінің көлік басқаруға дайындығын кешенді түрде бағалай алмайды. Тек арнайы оқу орталықтарында ғана теориялық та, практикалық та тәжірибе жинақтауға болады. Өйткені, мұнда инструктордың жанында отырып, көлік жүргізіп көруге мүмкіндік бар. Мұны ішкі істер органдарының өкілдері де қолдайды. Бірақ, Үкіметке бас шұлғыған олардың да қолынан келер дәрмен жоқ.

Рас, арнайы оқу орындарын жан-жақты тексеру қажет. Қалай оқытып жатыр, техникалық жарақтандырылуы жақсы ма, мұғалімдері сауатты ма, талапшылдығы қандай? Соның бәрі таразыға тартылуы тиіс. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, кейбір автомектептер табыс табу жолына түскен. Тіпті бірқатар колледждерде ақылы курстар ұйымдастырылған. Солардың бәрінде сапалы мамандар даярланып жатыр ма? Айта алмас едік. Міне, соған қалай мониторинг жасауға болады? Қай оқу орнын тәмамдаған жүргізушілер жол ережесін жиі бұзады? Соны анықтауға бола ма? Әрине, болады. Тек Әкімшілік полициясы басқармасының басшылары тегеурінділік танытса жетеді. Жүргізушілерді даярлайтын оқу орындарына деген сенімсіздік те осыдан туындайды.

Жалпы, Ресейде сонау 1993 жылы жүргізуші куәлігін арнайы оқусыз алу тәртібі енгізілген. Алайда, 2014 жылы оны дереу тоқтатуға тура келді. Демек, өзін ақтамады. Германияда білім алғандығы жөнінде анықтама болмаса емтиханға жібермейді. Ұлыбританияда, АҚШ пен Францияда инструктормен бірге көлік жүргізіп үйренгенін дәлелдейтін құжат талап етіледі. Міне, осындай алдыңғы қатарлы мемлекеттер жол ережесіне қатаң қарап жатқанда, біз неге босбелбеулікке салынамыз? Әлде автомектептерге сенім жоқ па? Ендеше, даярлықтың басқа тиімді түрін ойластыру керек. Қайткенде де, бұл саланы бетімен жіберуге болмайды.

Әрине, жол ережесін сақтау – жүргіншіге де, жүргізушіге де парыз. Әйтсе де, көбіне кейінгілерінің кесірінен алдыңғылары зардап шегіп жатады. Сайып келгенде, сауатсыз жүргізуші – жүргіншінің соры. Жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің еңбегін жоққа шығармалық, бірақ, олардың да жұмысын әлі ширату керек. Жең ұшынан жалғасып, пара алатындары кездеседі. Жол-көлік оқиғаларының біразы да осындай көзжұмбайлық салдарынан болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз