«Жүректерде жырың жүр, өзің жүрсің…»

журектерде Жаңалықтар

Аты шартарапқа тараған, ақындық әлемі нұрлы, лирикалық өлеңдердің өршіл жүйрігі, ақиық ақын Меңдекеш Сатыбалдиев – әдебиетіміздің қақ ортасынан ойып тұрып орын алатын тұғырлы тұлға. Өйткені, бүкіл ғұмырын қастерлі қағаз бен қасиетті қаламға арнап өткен қаламгердің аз ғұмырында бітірген шығармашылығы ұлан-ғайыр.

журектерде

Мен – бозала таңмын, тамылжып әлі атпаған,

Сайрампаз құспын, даусымды жаңа баптаған.

Жартасқа соқсам, жуаси қалар жөнім жоқ.

Мен – ақ толқынмын, нөпірімді артқа сақтаған, – деп өлеңдегі өзіндік өрнегі, дара дарынымен, бар қазақ даласына алдымен, ақ моншақ болып шашылып, кейін жыр-нөсер болып күркіреп, селдетіп өткен ақын  1937  жылы 3 қазанда Атырау облысы, Жылыой ауданы, Амангелді  ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ол жастайынан ата-анадан айырылып, ағайындарында тәрбиеленеді. Өлең-жырға әу бастан әуес болған ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ «Социалистік құрылыс» газетіне (қазіргі «Атырау» газеті) екі-үш өлеңін жариялап, 1955 жылдың 15 сәуірінде осы газеттің қызметкері атанады. Арада 16 күн өткенде оның 1 мамыр мерекесіне арналған «Бейбітшілік көктемі» атты алғашқы туындысы баспадан жарық көреді. Содан бастап Меңдекеш газет өміріне батыл араласып, түрлі жанрларда қарапайым ақпараттық есеп, суреттеме, очерктер, әзіл әңгімелерді бұрқырата жазды. Қаламы төселіп келе жатқан жас журналист ретінде қалың қауымға танылып, атағы шыға бастады.

Редакция маңына жас талапкер қаламгерлерді тартып, тәрбиелеуде көп жұмыс атқарды.  Облыстық комсомол комитетінің жанынан өнерге бейім жастармен жұмыс жасап, «Жас дәурен» деп аталатын қоғамдық бірлестік құруға мұрындық болады, редакцияда жүріп соның жұмысына жетекшілік етеді. Бұл бірлестік құрамына талапкер ақындар, домбырашылар, бишілер, саз әуесқойлары, суретшілер тартылып, олар бес-алты адамнан бригадаға бөлініп,  мезгіл-мезгіл совхоз, колхоздарға, өнеркәсіп орындарына шығып өнер көрсетеді. Ел арасында халқымыздың мәдениетін насихаттауда қыруар жұмыс атқарды.

Газет редакциясының КСРО Журналистер одағы облыстық ұйымымен бірлесіп, «Правда» газетінің елу жылдығына арнап өткізген үздік очерктер конкурсында оның «Мөлдір аспан» деп аталатын дүниесі жүлдегер атанып, есімі елге кеңінен таралды. Бұл 1962 жыл еді.

Республикалық «Қазақстан» баспасының редакция меңгерушісі, «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат» журналдарының жауапты хатшысы бөлімдерін басқарып, айналасына өлеңге, өнерге деген қабілеті бар жастарды жинады, олардың қанаттары қатаюына ықпал етті. Сол кезде газетте жас әдебиетшілердің өлең-жырлары, әңгімелері жиі жарияланып, мәдениет тақырыбында көбірек жазылды.

Денсаулығына байланысты өзінің өтініші бойынша жұмыстан біржолата босатылып, Алматы қаласына келеді. Астанада аз ғана уақыт болса да денсаулығын түзеді, шығармашылық жұмысқа  беріліп, қалған өмірін осы арнаға арнады. Меңдекештің өзі де осы кезде:

«Журналистпін!

Табам сөзден теңіздің тереңдігін,

Мүсіндеймін сол сөзден ел ерлігін.

Дана-дүние ең ұлы жаңалығын –

Жариялай алмайды менен бұрын!-деп мамандығына өлең арнап, «Жұлдыздар», «Шоқ жұлдыздар», «Парасат», «Бел-белес» очерктерін дүниеге әкелді.

«Махамбеттің монологы», «Исатайдың соттағы сөзі», «Батырдың бас сүйегі», «Атырау әуендері» атты  ғажайып өлеңдерін туындатты.

М.Сатыбалдиевтің «Ақ моншақ» (1966), «Шулайды толқын» (1968), «Жартастағы жазулар» (1970) кітаптарын өз оқырмандарына ұсынып, «Қоңыр қозы» (1971) повесі, «Күн шуағы» (1976), «Қызғыш құс» (1975, 1979, 1988, 2007) деп аталатын таңдамалы өлеңдер жинақтары жарық көрді.

Бүгінде  ақынның атын мәңгі есте қалдыру мақсатында Атырау қаласындағы көшеге және Құлсары қаласындағы орталық көше мен №18 орта мектепке М.Сатыбалдиевтің есімі беріліп, мектеп-мұражайы ашылып, мүсіні орнатылған.

Өкіндірдің еліңді ерте кетіп,

Біз қамықсақ тірлікте келте-кетік,

«Біздің қарлығаштар» деп шашымыздан,

Сипайтұғын сен жоқсың еркелетіп.

Сен барда сезбеуші ек,

Жанашырлық  дегеннің құнын бұлай,

Мына жұртқа бәрібір – жығыл, мұңай,

Асып-тасып, мен-мендеп бара жатсақ,

Ұрсып алар сен жоқсың бұрынғыдай,

…Жүректерде жырың жүр, өзің жүрсің –

Тегі, осы сен өлмеген шығарсың-ау,-деп ақын Ф.Оңғарсынова апамыз жырлағандай, қазақ әдебиетінде өлеңде өріліп, жыр аспанында жұлдыздай жарқыраған қазақ поэзиясының маңдайына сыймай кеткен ақынның біреуі  Меңдекеш Сатыбалдиевтің орны бөлек.

Оқырманы өте жоғары бағалаған «Қоңыр қозы» хикаясының өзі неге тұрады?

«Азырақ болып ортаңда,

Көңілде тұрсам көбірек,-

деген өлең жолдарында өзі айтқандай, ортамызда аз болды, өкіндіріп кетті. Бірақ, көңілімізде өшпейтін, өлмейтін із қалдырды.

Емен-дағы құласа бетеге екен,

Дара туған тұлға да  өтеді екен.

Тек қана қараңғыда жанған оттың,

Жарығы тым алысқа жетеді екен, – деп, Жұмекен ақын жырлағандай, қазақтың талантты тұлғасы 36 жасында өмірден озды.

Жылдар жылжып, заман ауысса да, артында өлмейтін сөз қалдырған ақын мұрасы  мәңгіліктің еншісінде сөнбес сәуледей салтанат құрып тұрары сөзсіз. Меңдекеш ақынның жыр-мұрасы да мәңгілік жасайтынына сенеміз.

 Нұргүл  ҚАМИЕВА,

Атырау облысы тарихи-өлкетану

музейінің бөлім меңгерушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз