«ЖҮРЕКТЕН – ЖҮРЕККЕ»

Ассамблея ең үздік қайырымдылық жобаға байқау жариялады. «Жүректен – жүрекке» деп аталатын конкурс бизнес-құрылымдар, компаниялар, қорлар, банк секторы және өзге де республикалық мекемелер арасынан ең үздік қайырымдылық жобаны анықтайтын болады.

 Ондағы мақсат – әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға қайырымдылық көмек көрсете отырып, қоғамдық келісімді дамыту. «Сол арқылы бизнес-құрылымдардың қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін ынталандыру, ұжымдық қайырымдылық жүйесін дамыта отырып,  қоғамдағы әлеуметтік проблемалардың шешілуіне ықпал ету» дейді ұйымдастырушылар.

Білгеніміздей, конкурс үш кезеңнен тұрады. Алдымен, қатысушылар «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесіне немесе Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығына өтініш білдіреді. Келіп түскен өтініштер жергілікті деңгейде қаралып, іріктелген жобалар Астана қаласына жолданбақ. Аймақтардан келіп түскен жобалар қазан, қараша айларында сұрыпталып, желтоқсан айында жеңімпаздар анықталып, марапатталады деп күтілуде. Өтініштер үстіміздегі жылдың 30 қыркүйегіне дейін қабылданады. Қосымша ақпараттарды www.assembly.kz сайтынан алуға болады.

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының хабарлауынша, жобалар алты талап негізінде сұрыпталады.Яғни,ұсынылған жобалар жергілікті проблемалардың кешенді түрде шешілуіне жол ашуымен ерекшеленуі қажет. Сондай-ақ, проблемалардың шешімін табуына жергілікті билік пен коммерциялық емес ұйымдардың атсалысуы маңызды. Жобаның нәтижелі болуы, мұқтаж жандардың әлеуметтік, материалдық проблемаларының шешілуі, жергілікті қоғамдастық өміріне кеңінен араласу, қоғамдық бастамаларға, соның ішінде жастардың бастамаларына қолдау көрсету деңгейі сарапталатын болады. Ал, егер  жоба өзгелерге үлгі боларлықтай, тәжірибе алмасарлықтай деңгейде болса, тіптен құба-құп.

Ассамблея жылы аясында өтіп жатқан конкурс, шаралар бір бұл емес. Мұқтаж жандарға көмектесу, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін, қазақ мәдениетін дәріптеу («Мың бала» жобасын еске түсіріңіз – Ред). мақсатында түрлі шаралардың, акция, жобалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бастысы, мұның барлығы – халықты одан әрі топтастыру, әлеуметтік әлсіз топтардың жағдайына жұртшылықтың назарын аудару, сол арқылы  бұқараны  біріктіру  мақсатында қолға алынып отырған шаралар.

Иә, Қазақ елі бүгінде қоғамдық  келісімнің киелі бесігіне айналды. Жүз отыздан астам ұлт өкілдері бір мақсат, бір мүддеге тоғысқан біртұтас халыққа айналды. Демек, келісім мен бірлік тіркесінің Қазақстан халқы Ассамблеясымен егіз ұғымға айналуы заңдылық.

Биылғы жылдың елдігіміз үшін маңызды бірнеше атаулы даталарды біріктіруімен ерекшеленіп отырғаны белгілі. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу датасы – тарихымыздың әріден басталатынын көрсетсе, Жеңістің 70 жылдығы халық бірлігінің нәтижесін паш етіп тұр. Конституцияның өзі «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деген жолдармен басталады. Сайып келгенде, мұның барлығы бірлік, ынтымақ, татулық пен келісімді ту еткен Ассамблея жылының маңызын паш етіп тұрғандай.

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз