Жұмысшы құқығы қалай қорғалады?

Ағымдағы жылдың 1 сәуірі күнгі мәлімет бойынша, жинақтаушы зейнетақы қорларына аударылуы тиіс зейнетақы жарналарының берешегі — 36 миллион 560 мың теңгені, ал, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар берешегі 15 миллионнан астам теңгені құрап отыр. Бұл туралы Атырау қаласы бойынша мемлекеттік  кірістер басқармасы басшысының орынбасары Бекен Шанаев әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында хабарлады.

Осы орайда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпанов облыс бойынша бір айдың ішінде 18600 адамға 10 пайыздық зейнетақы төлемдері аударылмағанын айтты. «Бұл – республика бойынша өте үлкен көрсеткіш. Яғни, бір айдың ішінде жиырма мыңға жуық адам жұмыссыз қалды дегенді білдіреді. Осы мәселені жан-жақты зерттеу керек», – деп ұсынысын білдірді.

Ал, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Қарабалиева өткен жылы аймақта бірде-бір еңбек даулары болмағанын айтты. Алайда, «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Диас Сұлтанов бұл мәліметке қарсы шығып, «АйсТрансХолдинг» мекемесінде еңбек нормалары қатаң бұзылып отырғандығын және бұл туралы аталмыш басқармаға шағымданғандарын да жеткізді. Бірақ, мәселе әлі шешілмеген.

– Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлу керек. Мекемеден төрт-бес адам әділетсіздікке төзбей, басқармаға арызданады. Мұны мекеме басшылығы біліп қойып, шағымды кері алдырады. Ал, мәселе шешілмей сол күйінде қалады. «АйсТрансХолдинг» мекемесі – бүкіл қала тұрғындарын тасымалдаумен айналысатын үлкен компания. Халықтан түскен қаржы қаншалықты кассадан тыс өтіп жатқанын бақылау – кіріс департаментінің де айналысатын жұмысы. Алматыда «Оңай» деген жүйе іске қосылды. Бұрын қала бойынша 600-700 миллион теңге түседі екен, ал, қазір осы жүйе арқылы түсетін ақша бір миллиардтан асып кеткен. Яғни, қаржының жартысы «көлеңкелі» экономикаға бағытталып тұр. Мұны біз өзіміз қолдан жасап алып отырмыз, – деді комиссия төрағасы Шыңғыс Мұқан.

Айгүл  ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз