ЖҮГІҢДІ ТЕЗ ЖЕТКІЗЕДІ

«Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы таяуда ғана республика аумағында болат жолдың бойымен тасымалданатын халық шаруашылығы жүктерін тиісті жеріне  жеткізудің жаңа тәсілін қолданысқа енгізді. Енді, «шаттл» жүйесі бойынша жүкті жеделдетіп жөнелту мақсатында «Алматы-1-Астана-Алматы-1» маршрутымен жүрдек пойызын шығарды. Қанатқақты жоба ретінде игілікке беріліп отырған бұл пойыз әр аптаның сәрсенбісінде жүкпен жөнелтіліп, оның жолда жүру уақыты бір тәулікті құрайды.

Және бір мәлім болғаны, жоғарыда айтылғанға қосымша сервистік қызмет көрсетуді жетілдіру үшін пайдалануға берілген «Алматы-Қандыағаш-Алматы» бағытындағы жүрдек пойызына Орал, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырауға қатынайтын вагондар жалғанады. Осы жерде нақтылай кетер бір жайт, Алматыдан шығатын пойыздың жолда жүру  уақыты Атырау мен Ақтөбеге дейін үш, ал Орал мен Маңыстауға дейін төрт тәуліктен аспайды, деп күтілуде. Жаңадан енгізілген қызметтің басты артықшылығы сол, мұнда, біріншіден, жүкті тасымалдап жеткізу мезгілі үнемделсе, екіншіден, клиенттің шығындары азаяды. Одан бөлек, бұндағы процестерді реттеу мен қызмет көрсетудің тиімді жүйесі құжаттарды рәсімдеу мерзімін мейлінше қысқартып, тасымалданып-жеткізілетін жүктердің аман сақталу деңгейін арттырады. Сайып келгенде, бұрынғыларға қарағанда жылдамдығы анағұрлым жоғары жүрдек жүк пойыздары алдымен тапсырыс берушілер үшін вагондардың қолжетімділігін, сонсоң тасымалдап-жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Жамағатқа жария қылар жағымды жаңалықтың бірі ретінде, «шаттл» жүйесімен жолға шығатын мұндай пойыздар алдағы   наурыз айының орта шенінен бастап коммерциялық пайдалануға беріліп, аптасына үш мәрте қатынайды, деп жоспарлануда. Ал, осы қызметтің операторы, яғни жауапты компания «KTZ Express» АҚ болып табылады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз