Өзге елдің 522 азаматы Қазақстаннан аластатылды

Шектен шыққан шетелдік Жаңалықтар

Атырау облысында еңбек мигранттарының саны бір жылдың ішінде екі есеге өсті. Келушілердің дені – бұрынғы кеңестік республикалардың тұрғындары. Көші-қон заңнамасын бұзғандығы үшін шетел азаматтарына 17,6 млн. теңге айыппұл салынып отыр.Шектен шыққан шетелдік

Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай деректер айтылды. Облыстық ІІД көші-қон қызметі бастығының орынбасары Болат Досқалиевтің баяндауынша, биыл Атырау облысына 64 487 адам келген. Өткен жылы оның қатары 28 мың болатын.

– 2016 жылы облысымызда басқа елдерден келген 13 147 еңбек мигранты тіркелді. Ал, биыл 25 037 адамға еңбек етуге рұқсат берілді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге көп және өңірге келуші шетелдік азаматтардың да саны артуда. Жыл басынан бері қалаға 64 мың адам келді, – деді Болат Қабидуллаұлы.

Еңбек мигранттарының көбеюі өмірдің заңдылығы десек те, шекара аттағандардың тарапынан заңсыздық жиі орын алады. Мәселен, жыл басынан бері 3185 шетел азаматы еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған. Оларға 17,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Сот шешімімен миграциялық заңнама тәртібін бұзған 522 шетел азаматы Қазақстаннан шығарылып отыр. Ішкі істер департаментінің өкілі келушілердің сан салада еңбек етіп жатқанын айтты. Дегенмен, біз оған халықтың қауіпсіздігіне тікелей қатысты, атап айтқанда, қоғамдық көліктерді жүргізетіндерге орай сұрақ қойып көргенбіз. Бұл мәселе сұхбаттасушымызды да толғандырады екен. Ол келімсектердің автобус руліне отыратынын жасырмады. Мұндай заңсыздық жол сақшыларымен бірлесіп ұйымдастырылатын «Автобус» арнайы шарасы кезінде анықталатын көрінеді.

– Мигранттардың қатысуымен 29 қылмыс анықталды. Керісінше, оларға қарсы 24 қылмыс жасалған, – деді көші-қон қызметі бастығының орынбасары.

Брифингте жеделдетілген тәртіппен 219 адам Қазақстан азаматы атанғаны баяндалды. 18 тұлғаға қатысты 16 материал қаралып жатыр.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз