Зейнетақы жинақтары қалай құралады?

dalanews zeinetaki Жаңалықтар

Бүгін біз бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты, уақытылы және толық аудару қажеттілігі туралы айтамыз.Сіздің белсенді еңбек қызметі аяқталғаннан кейінгі қамсыздандыруыңыз елеулі дәрежеде осыған байланысты.

dalanews-zeinetaki

  1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері неге байланысты?

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері осы қорға уақытылы аударылған зейнетақы жарналарының көлеміне, жиілігіне, ұзақтығына және толықтығына тікелей байланысты. Осыған орай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларға міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу бойынша агенттер аударымдарының уақытылы және толық болуын тұрақты түрде өз бетінше бақылауға кеңес береді. Зейнетақы жинақтарыңызды кез келген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бөлімшесіне барып не интернет-хабарландыруды таңдап тексере аласыз.

  1. Кім зейнетақы жарналарын төлеу бойынша агент бола алады?

– Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарын есептейтiн, ұстап қалатын (есебіне жазатын) және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатын жеке немесе заңды тұлға, сонымен қатар қызметiн Қазақстан Республикасында шетелдiк заңды тұлғалардың тұрақты мекемесi, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлға агент бола алады. Басқаша айтқанда, агент – сіздің жұмыс берушіңіз.

  1. Агенттің міндеттері және оларды бұзғандағы жауапкершілігі қандай?

– Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының (бұдан әрі – Заң) 39-бабының 10-тармағына сай агент Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорға міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақытылы есептеуге, ұстап қалуға (есепке жазуға) және төлеуге міндетті.

Заңның бұл нормалары бұзылса, нақты төленген және қызметкер кіріс алған жағдайда, агент уақытылы ұстап қалмаған (есебіне жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе агенттер мерзімі өткен әрбір күнге (Мемлекеттік корпорацияға төлейтін күн қосылады) уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде есептелген өсімпұлмен бірге міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының пайдасына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін қызметкерлердің пайдасына аударуы тиіс (Заңның 28-бабының 1-тармағы).

Сонымен қатар, Заңның 29-бабының ережелеріне сәйкес агенттер    заңнамада белгіленген тәртiпке сәйкес әрбiр қызметкер бойынша есептелген, ұсталған (есебіне жазылған) және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бастапқы есепке алуды жүргiзуге мiндеттi және мiндеттi зейнетақы жарналарының салымшылары мен мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары төленетін қызметкерлерге есептелген, ұсталған (есебiне жазылған) және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары туралы мәлiметтi есептiден кейiнгi айдың 15-нен кешiктiрмей ай сайын ұсынуға мiндеттi.

  1. Зейнетақы жинақтары жоқ не жеткіліксіз адамдар не істеуі керек?

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары жоқ не зейнетақы жарналары тұрақсыз аударылатын тұлғаларға, сондай-ақ, жұмысқа орналасқысы не қосымша жұмыс істегісі келетін адамдарға еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Тұлғаларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді нысандарына қатысуға жолдамалар беру» мемлекеттік қызметінің стандартын әзірлегенін хабарлаймыз, қызметті Астана және Алматы қалаларының, облыстық маңызы бар аудандардың және қалалардың жергілікті атқарушы органдары, оның ішінде облыстардың Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен Астана және Алматы қалаларының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары тегін көрсетеді.

  1. Бұл қызметті пайдалану үшін не істеу керек?

– Мемлекеттік қызметті пайдалану үшін жергілікті атқарушы органдарға (мекен-жайларын және байланыс телефондарын қоса беріп отырмыз) не www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталына өтініш білдіру қажет.

Аталған мемлекеттік қызметті көрсетудің түпкі мақсаты – өтініш білдірген тұлғалардың жұмысқа орналасуы.

Бұл ақпарат сізге пайдалы болады және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарыңыздың өсуіне, оның ішінде жұмысқа орналасу арқылы өсуіне, осыған орай сіздің Бірың-ғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын болашақ зейнетақыңыздың мөлшерінің ұлғаюына көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры байланыс орталығы 14-18 (Қазақстан аумағында қоңырау шалу тегін) www.enpf.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз