«Зейін-Атырау» дамыту орталығы ашылды

img 8675 1 Білім

Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. Облыста 7-10 жас аралығындағы  ерекше балалар саны 6000-нан асады.  Олардың зейін салу,  ой қабілетін дамыту, қалыпты балалар арасында бірдей білім алуына жағдай жасау қажет. Бұл туралы Атырау қаласынағы «Зейін-Атырау» балаларды дамыту орталығының ашылуында баса айтылды.

Аталған орталықта психикалық және сөйлеу дамуы тежелген, сондай-ақ, аутизм белгілері бар балаларға арнайы көмек көрсетіледі.  Мұнда логопед, дефектолог, емдік дене шынықтыру мамандары, АВА-терапевттер қызмет етеді. «Инклюзия Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігінің қолға алуымен ашылған бұл орталықта тәжірибелі мамандар балаларды мектепке даярлайды.

Олардың өй-өрісін, сөйлеу, қоғамда өзін-өзі ұстауын дамытуға және балалардың әлеуметтік жағдайға бейімделуін үйретеді. Орталықта әр баламен жеке және топпен оқу, түзету-дамыту жаттығулары жүргізіледі.

Аталған қоғамдық бірлестік төрайымы Арайлым Нұғыманованың айтуынша,  «Зейін-Атырау» дамыту орталығы «Орталық Азияның Еуразия қоры» «Теңізшевройл» компаниясымен жүзеге асыратын «Жарқыра» жобасы мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту жобасы аясында мүмкін болды. «Биыл тамыз айында біздің бірлестік грант иегері атанды. Бөлінген қаражатқа орталыққа қажетті жиһаз, жабдықтар, дидактикалық материалдар сатып алынды.

Сондай-ақ, арнайы тағылымдама аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алуа» аутизмі бар балаларға арналған АВА орталығында жеке оқыту бағдарламасы құрастырылатын тестілеу әдістемесі бойынша курсты оқыдық. Биылғы оқу жылында бұл орталықта білім беруде ерекше қажеттіліктері бар 235 баланы қамтып, 24 тьютор дайындаймыз деген жоспар бар. Мамандар аутистік спектрі бұзылған, психикалық және сөйлеу дамуы тежелген, ДЦП, Даун синдромы бар балалармен жұмыс істеу бойынша біліктіліктерін арттырады» деді Арайлым Бақытжанқызы.

Сондай-ақ, орталықтың ашылу салтанатында «Жарқыра» жобасының кординаторы Ирина Горбаченко мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қызметкері Жанар Жақсылықова ерекше балаларға қолдау көрсетуге қашан да жан-жақты дайын екендіктерін жеткізді. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев бүгінде инклюзивті білім беру жүйесіне ерекше ден қойылып жатқанына тоқталды.

«Бұл қоғамдық бірлестік бұған дейін өткен жылы құрылған сәтінен бастап Атырау қаласындағы №6, №3 және №24 орта мектептерінде инклюзивті сыныптар ашқан болатын. Бүгінгі дамыту ортағының ашылуы да – игі істің бірі. Бұл жұмыстар ерекше баланың дамып, жетілуімен қатар, өздерін қоғамның бөлігі ретінде сезінуінде маңызды рөл атқарады. Бүгінге дейін Атырау қаласында ерекше балаларға арналған бір балабақша жұмыс жасаса, қазіргі уақытта төрт балабақшада инклюзивті топтар ашылып, жұмыс жасауда» деді Ұлықбек  Серікұлы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз