ЗАУЫТТЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ ШАРТ

Кеше Атырауға Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров бастаған делегация келді. Оның құрамында Мұнай және газ вице-министрі Болат Ақшолақов та бар. Іссапар барысында олар Қарабатандағы «Болашақ» зауытында болып, қалыптасқан ахуалмен танысты.

Делегация алдымен «Болашақ» зауытындағы жерүсті өңдеу нысанын тікұшақпен аралап, кейін газ құбыры бойындағы зақымдалған учаскемен танысты.
«Бүгінде Қашаған кен орнынан мұнай өндіру әзірге тоқтап тұр. «D» аралынан «Болашақ» зауытына тартылған мұнай және газ құбырлары роботтық тексеру құрылғысы арқылы мұқият тексеруге дайындалуда. Тексеру нәтижелері туралы толық мәлімет желтоқсан айында хабарланады» деп келтірілген НКОК компаниясының баспасөз баянында.
Белгілі болғанындай, бүгінде сарапшылар зақымдалып, кейін ауыстырылған құбыр торабын тексеріп жатыр. Тексеру мен зерттеу жұмыстары бірнеше аптаға созылуы мүмкін. «Қашаған» кен орнында мұнай және газ өндірісі тексеру аяқталып, сараптамалық зерттеу нәтижелері алынған уақытқа дейін тоқтатылды. Содан соң ғана нысандарды қауіпсіз жағдайда қайта іске қосу мүмкін болады» делінген баспасөз-мәлімдемесінде.
Астаналық ресми делегацияны облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдады. Онда зауытта қалыптасқан тосын жағдайға байланысты мәселелер кеңінен талқыланды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз