Заңсыз алынған банк комиссиясын қалай қайтаруға болады?

5a70559556cea Жаңалықтар

Atr.kz/11 наурыз, 2019 жыл. Атыраулық заңгер Рысты Қалиева мынадай мысал айтты…

Тараз қаласының тұрғыны 2013 жылы бұрынғы Альянс, қазіргі Форте банк-тен 4 млн. 800 мың теңге несие алып, оны былтырғы мамыр айында толық өтепті. Арада уақыт өткенде ол банктердің комиссиялық төлемдерді қайтарып жатқанын естиді. Содан қаржылық құрылымға барса, олар ат-тондарын ала қашады. Ешқандай ақша төленбейтінін жеткізеді. Өзге мекемелерге шағымданғанында да естігені осы. Соңында Атыраудағы заңгерге хабарласып, мұң-зарын жеткізеді. «Алдымен шағымданушының құжаттарына, атап айтқанда, банктің несие шарты мен оны қайтару жөніндегі төлемдеріне назар аударамыз. Бұл тұста қарыз алушының төлемді ешқандай кідіріссіз, жүйелі түрде төлеп келгені маңызды. Несие бергені үшін банк сыйақы алады. Оның ішіне барлық қызмет түрі кіреді. Бірақ, көп жағдайда қаржылық құрылым сыйақыдан өзге, қосымша комиссия төлемдерін қосып қояды. Тараздық тұрғынға да осындай заңсыз комиссиялық төлем қосылғаны белгілі болды. Сот арқылы шағымданудың арқасында бүгінде ол 1 млн. 600 мың теңгесін қайтарып алып отыр» деді заңгер.

Заңсыздыққа жол берілген

Биылғы жылдың алғашқы айында облыстың екінші деңгейлі банк филиалдары 27,1 млрд. теңге несие беріпті. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 55,5 пайызға көп. Ұлттық банктің Атырау филиалының мамандары азаматтардың тұтыну мақсатында жиі несие алатынын айтады. Қарыздың «күліп келіп, жылап қайтатынының» көрінісіндей, қазір уақытында төленбеген берешектің көлемі де өсуде. Жалпы сомасы 391,1 млрд. теңгеге, оның ішінде жеке тұлғалардың қарызы 229 млрд. теңгеге жеткен. Дегенмен, Ұлттық банктің жергілікті филиалы тұрғындарға нақты қандай банкке, қанша сомада берешек екендігін ашып айтып бере алмады. Банктердің комиссиялық төлемдеріне қатысты мәселе де осындай жариялылықтың, ашықтықтың аздығынан туындаған секілді.

anatomiya kredita na novoe avto pravila rascheta i poryadok uplaty 3

Бүгінде екінші деңгейлі банктердің заңсыз әрекеттері белгілі болып жатыр. Олар жеке тұлғаға несие бергенде оған ай сайын төлеуі үшін несие шотын ашып отырған. Сол несие шотын ашқаны және оны жабылғанша ұйымдастырғаны үшін банктер комиссия ұстап келіпті. Шындығында, Ұлттық банк 2012 жылдың ақпанында коммерциялық банктерге жасырын комиссия алуға тыйым салынатынын хат арқылы ескерткен. Өйткені, еліміздің заңдылығына сәйкес, несие шоттары банктік шоттарға жатпайды. Ашылған несие шоттары бойынша ешқандай бөлек банктік операциялар жүргізілмеуі керек. 2016 жылы Ұлттық банк оған қатаң тыйым салатын қаулы шығарған. Қазіргі күні банктер несие комиссиясы үшін ұстаған ақшасын кері қайтарып жатыр. Ол тұтынушылардың сотқа жүгінуінен соң мүмкін болуда.

– Банк келушінің қолына несие төлеудің кестесін береді. Мұнда ай сайын төлемақы күні, негізгі қарызы, банктің сыйақысы көрсетілген. Мұнда «несиеге қызмет көрсеткені үшін комиссия» деген баған бар. Міне, осы талап заңсыз болып тұр. Мәселен, тұрғын ай сайын банкке 50 мың теңге бережағын төлейді дейік. Соның ішінде 5 мың теңгесі заңсыз комиссияға кетеді. Ал, тұтынушыға сол үшін ешқандай қызмет көрсетілмейді, тауар алмайды. Сонда ол артық төлемді не үшін төлейді? Біз банк заңгерлерімен сот алдында кездескенімізде осы сауалды қоямыз, – дейді заңгер Қайрат Жұртболов.

Комиссияны несие жабылғаннан кейін де қайтарып алуға бола ма? Мамандардан білгеніміздей, бұған мүмкіндік бар. Басты талап, берешек өтелген соң жеке тұлға үш жылдың ішінде сотқа жүгінуі қажет.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз