Ынтымақтастық ырысты молайтады

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атырауға келген Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Корхан Кюнгерюды қабылдады.

– Қазақта «Елдестірмек елшіден…» деген қанатты сөз бар. Сондықтан, қадамыңыз құтты болсын. Екі бауырлас мемлекеттің экономикасын жақындатуға, екі Президенттің ұстанған бағыттарын тереңдетуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз деп түсінемін. Қош келдіңіз, – деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.

Сонымен қатар, кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Аймақ басшысы Атырау облысының инвестициялық мүмкіндіктері және шетелдік инвесторларға, сондай-ақ, біріккен кәсіпорындарға жасалып жатқан жағдайлар туралы баяндады.

Айта кететін жайт, қабылдау кезінде қызық жағдай орын алды. Бастапқыда қос тараптың диалогы аудармашы арқылы жүргізіліп отырды. Кейін облыс әкімі аудармашыны күтпей-ақ өзі түрік тілінде сөйлеп кетті. «Мен танитын түріктер қазақ тілі ежелгі түркі тіліне ұқсас екендігін  айтады», – деді әкім.

– Иә, бұл айтуыңыз өте орынды, – деді консул. – Біздің тілдеріміз өте ұқсас. Қазақстанның батыс өлкесі біздің елдеріміз үшін дипломатиялық достықтың қақпасы саналады. Қазақ даласын түріктер әрдайым киелі санайды. Біз бауырлас елдер арасында экономиканың барлық саласында екі жақты іскерлік байланысты дамытуға ниеттіміз. 

Қолда бар деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында Атырау облысы мен Түркия мемлекеті арасындағы ішкі тауар айналымы 68,9 миллион АҚШ долларын құраған, ал, экспорт – 64,2 миллион доллар. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда артып отыр. Статистика департаментінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда облыс аумағында Түркия капиталының үлесі бар 21 кәсіпорын тіркелген.

Кездесу соңында тараптар бұдан әрі де өзара тиімді ынтымақтастық  сәтті жалғасын табатынына  сенім білдірді.  

Айгүл  СОЦИАЛҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз