Қыз намысы – азаматтарға аманат!

original Жаңалықтар

«Атырау» газетінің «Қыз өссе – елдің көркі» атты жаңа айдарына шыққан мақалаларды «ата-ана өзі оқып қана қоймай, балаларына да жеткізіп отырар» деген мақсатпен өз пікірімізді ұсынсақ деген ой келді.

original

Кейде «вахталық» жұмыстарда жүретін ата-аналардың үнемі бақылай алмауынан жасөспірімдердің оңашада «нашар мазмұнды» киноларды көреді. Ондағы «бақыттылардың» рөлін өздері ойнауы да мүмкін. Ал, мұның соңы өмір туралы түсінігі жоқ қыз баланың арам пиғылды ересектердің қолына түсіп, бақытсыздыққа ұшырауына соқтырады.

Бізде «қызға қырық үйден тыю» дегенді «қыз балаға қайда барса да тыйым салып отыру» деп түсінеді. Өз басым «қыздың жасына, оның жағдайына барша адам алаңдаулы болса екен» деймін. Ересек қазақ жігіттері  әдеп-салтымызды есіне ұстап,  бұндай қарым-қатынасқа түсуге болмайтынын ескерсе,   жасөспірім  қыз тағдырын қорғау міндеті екенін түсінсе бақытсыздыққа жол жоқ.

«Қыз өссе – елдің көркі» деген мақалды ер баланың санасына сіңіріп өсіру керек» деп есептеймін.  «Ұл – ел егесі, ал, қыз – сол елдің сәні, ер бала оған үнемі қамқор болуы шарт» деп үйретсе, ол өзін «елдің иесімін, өзгеге қамқормын» деп санайтыны даусыз.

Ал, қыз бала он жасқа келгенде аналар оны болашаққа әзірлеп, олардың бойында  қандай өзгеріс болатынын, өмірде қандай қауіп-қатер барын ұқтырып,  сырласқаны абзал.

Жан-жағымызға көз салсақ, ой жүгіртсек «шортикті» әже мен ана, шалбарлы келін,  көзі-басын  баттастыра бояған бикештер бүлдіршіндерден бұрынырақ адасып жүрген жоқ па? «Тоқал аламын, алғанда әйел емес, қыз аламын» деп Амантай қажы сияқты желпілдеп жүрген аталар да негізгі жолдан әлдеқашан ауытқып кеткендей. Ата жолды ауызға алғанымен,  тура жүргендер көрінбейді. Кейінгі ұрпақты ата жолдан адастырмау – аға ұрпақ міндеті. Сол аға ұрпақ өз бойын да, ойын да түзейтін кез жетті. Салт-дәстүрдің тозығын емес, озығын алып, кейінгі ұрпаққа ұсыналық.

Мектеп бағдарламаларының жылда өзгеріп отыруы оқушыларды орта білім ұясынан жерітіп, колледждерге әкетіп жатыр. «Колледж студенті болу – ересек өмірді бастау» деп ойлаған жасөспірім, соның ішінде қыз балалар өздерін еркін ұстайды. Оңай олжа іздеген арам ойлыларға тап келеді. Міне, сөйтіп, жас қыздарымыз адасады.  Оларды шалыс бастырмас үшін мектептен бастап, колледж, институт, университет қабырғаларында алғашқы курс студенттеріне жүйелі өмір сабағын оқытатын тәжірибелі, жастарды түсіне алатын, өз ісіне шын берілген ұстаздар керек.

Қыздарымыздың бойынан қазақы иба, сыпайылықты көру үшін әр ана алдымен өзінен сол тәрбиені іздегені дұрыс. Әр әке өз отбасынан басқа «менің тағы кімдерге қамқорлығым керек?» деген сезімде өз ұрпағын тәрбиелесе, шіркін! «Сонда ғана «жаһандануға» жұтылмай, қазақтың мәңгілік елі болармыз» деген үміттемін. Абай секілді «Мен не болсам болайын, сен аман бол!» дей алатын әзіз жүректі ұрпақ өсіре алсақ, арман не?

Қазақ жігіттеріне «қарындастарыңа қамқор болып, өзге ұлтқа бермей, өздерің жәбірлемей,  олардың талғамынан шыға біліңдер» дегім келеді.

Жәниба ҚАРАСАЕВА,

ақын,

Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз