Қыз алып қашу: қазақы болмыс па, әлде қылмыс па?

журналистік зерделеу2 Жаңалықтар

Еріксіз неке. Психологиялық соққы. Шектелген құқық. Бұл – алып қашудың құрбаны болған, яғни, өз қалауынан тыс бөтен босаға аттаған бойжеткеннің басына бір-ақ сәтте тап болатын қиындықтар. Әңгіме, қаржылық жағдайына байланысты екі жақтың келісілген түрде «алып қашуы» туралы емес, кәдімгідей, айдың-күннің аманында еріксіз алып қашу туралы.

журналистік зерделеу2

Соңғы уақытта мұндай оқиғалар жиілеп барады. Себеп неде? Қылмыстық жазаның босаңдығы ма, әлде ескі салттың сарқыншағын қолдайтындардың әсері ме? Саралап көрелік…

Бұл – бізде жоқ

Бір қуанарлығы, бұл бізде, яғни, батыс өңірінде белең алмаған. Осы сөзімізді жергілікті құзырлы орындар да растап отыр. Негізі, заң тілімен айтар болсақ, қыз алып қашу деген арнайы тармақ жоқ, тек адам ұрлығына қатысты Қылмыстық Кодекстің 125-бабы бар. Айта кетелік, аталған бап бойынша тағайындалар жаза жеңіл емес. «Адамды ұрлау – алдын-ала сөз байласып адамдар тобымен жасалса, мүлкiн тәркiлеп немесе жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады»  делінген. Яғни, қыз алып қашу операциясына қатысқан барлық адам жауапқа тартылуы тиіс. Ал, бұл іске қатысы бар адам тек біреу болса, жаза мерзімі де азаяды. Сондықтан, көп ретте қылмысты топ болып жасағандар адам санын азайтуға тырысады екен.

Ресми емес мәліметтерге сүйенсек, республика көлемінде қыз ұрлығы бойынша көш басында Оңтүстік Қазақстан облысы тұр. Жалпы, елімізде қыздарды алып қашу дерегінің арнайы статистикасы жүргізілмейді екен. Нақты мәліметтер жоқтың қасы. Ашық дереккөздерде келтірілген көрсеткіштерге сүйенсек, соңғы жылдары 250 қыз алып қашудың құрбаны болған екен. Бұл сандар нақты оқиғалардың бір бөлігі ғана болуы мүмкін. Олай дейтін себебіміз, көбі шағым түсіруді жөн санамайды. Яғни, көп қылмыс «ұят болады» деген қазақы ұстанымның тасасында қалып жатыр…

Аталған тақырыпты интернет желісінен іздеуге тырыссақ, жүректі ауыртатын видеолар шыға келді. Бұл жабайылықтың бейбіт күнде белең алуына не себеп? Осы туралы таяуда мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских: «Мұны қоғаммен бірлесе отырып, жан-жақты талқылау керек. Менің ойымша, 60 пайыз қажеттілігі жоқ» деген еді.

Ал, жоғарыда атап өткеніміздей, «Шымкент жақта қыз алып қашу қалыпты жағдайға айналып барады» деген ел арасында қалыптасқан түсініктің ақ-қарасын анықтау үшін еліміздің Бас прокурорының көмекшісі Салтанат Тұрысбекова аталған өңірге арнайы барыпты. Ақпараттың ақиқатын айқындауға ниетті құзырлы орган өкілі «Қыз алып қашу – қылмыс!» деп, оған заң жүзінде тыйым салу жұмыстарын күшейтпек. Бұл ретте тиімді тәсілдің бірі ретінде некеге тұру орталықтарында жастарға арнайы семинар-тренинг өткізу жобасы да бар.

Тақырыпты талдау барысында, әлеуметтік желілерде осы мәселеге орай сауал тастағанбыз. Өңірімізге белгілі ұлтжанды азамат Мұрат Сарманов: «Қыз алып қашу батыс өңірінде көп естілмейді. Жалпы, ел ішінде әлі де бар секілді. Бұл – жігіттердің әлсіздігі, намыссыздығы, мәдениетсіздігі деп ойлаймын» десе, белгілі суретші Аңсаған Мұстафа: «Ол – қылмыс, ал, қылмыскердің орны – түрме» деп қысқа қайырыпты. Өзге де пікір білдірушілердің барлығы «бұл – қылмыс, ал, оны тоқтату үшін арнайы бап қарастырылып, қатаң жаза бекітілсе» деп жазады.

журналистік зерделеу3

Күнгей мен көлеңке

Дайрект пен мессенджеріме төмендегідей мәтіндегі жазбалар келіп түсті. Екі хат. Екі өмір. Жариялауды жөн санадық. «Аты-жөнімді өзгертіп жазсаңыз, өз өмірімді баяндауға келісемін» деген мәмілеге келдік.

Сонымен, 38 жастағы Нұрлыгүлдің әңгімесі: «Студенттік шақтардың қызықты күндерін алаңсыз бастан өткеріп жүргенімде  бір-ақ сәтте тағдырдың жазуымен танымайтын босаға аттап, сыртынан ғана көріп жүрген жанның жары болуға мәжбүр болдым. Алайда, менің оқиғам қазіргі қыз ұрлау оқиғаларындағыдай жабайылықтан ада. Олай дейтін себебім, сөз байласпастан, менің келісім бермегеніме қарамастан, болашақ жарым мені сыртымнан аңдып жүріп, қысқы каникулға ауылға барайын деп, базарда жүрген жерімнен алып қашты. Десек те, «менен аттасаң, бақытсыз боласың, ақ шашымды сыйла» деген сияқты үркіту-қорқытулар болған жоқ. Жетпіске таяған анасының басыма ақ орамал салып, «осы күнге де жеттім-ау, ендігі арманым – тек сендер бақытты болсаңдар екен» дегеніне тоқтадым. «Тағдырдың жазуы осы шығар, ақыл тоқтатқан азамат қой» деген үмітім алдамапты. Артымнан келген аға-жеңгем алып кетпек болғанына қарамастан, сол шаңырақта қалып қойдым. Қазір еш өкінбеймін. Шүкір, бақыттымыз, үш баламыз бар».

Ал, мынау – Аягөздің   тағдыры: «Жас күнімдегі сол бір оқиға менің өміріме сабақ болды. Алматыда оқитынмын. Шымкент қаласындағы группаласым «әпкемнің ұзатылу тойына барайық, біздің үйге жүрші» деп қиылған соң, Атыраудағы ата-анамның жібермесін біліп, оларға айтпай, тойға кеттім. Сол қылығыма әлі де өкінемін. Той өтті. Ертесі күні сол үйдің іргелес көршісі мені улап-шулап жүріп үйіне кіргізіп алды. Жыладым. Көнбедім. Алайда, олар маған қарайтын емес, «біз де осылай келгенбіз, уайымдама, бәрі жақсы болады, әлі-ақ бақытты болып кетесің» деген жеңгелері мен алдыма жатып алған қарт әжелерден аттап кете алмадым. Қуғыншы болып келген анам мен жеңгелеріме де өтірік айтып, «өз келісіміммен келдім, сөз байласқан адамым осы» дедім. Шарасыздықтан олар елге кетті. Жат жер, бөтен салт, танымайтын адамдардың арасында қала бардым. Уыздай жап-жас кезім, көп нәрсені білмеймін, әрі салттары да қатаң. Ол шаңырақта бір жыл ғана шыдадым. Сөйтіп, бар шындықты анама айтып, Атырауға оралдым. Қазір қызым 16 жаста. Соның болашағы үшін қатты алаңдаймын. Бір қуанарлығы, біздің өңірде мұндай жабайы салт жоқ».

Осы орайда жуырда аталған тақырыпқа қатысты жантүршігерлік оқиға болып, интернет желісінде тез тараған еді. Осыдан төрт ай бұрын атыраулық жігіт көрші қаладан қалыңдық алып қашқан. Қыздың туыстары той енді болады деп күтіп жүрген кезде, қайғылы хабар жетіпті.

Жұмбақ жағдайда көз жұмған қыздың денесі қазіргі уақытта еліне жеткізілген. Туыстары нақты себептерін білу үшін сот-медициналық сараптама жүргізуге ниетті. Ал, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінен білгеніміздей, бұл іс тіркеуге алынған, қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, яғни «өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүруде.

журналистік зерделеу

Маман пікірі

Оразбике ХАМИЕВА, психолог: Бұл қадам – қыз бала үшін үлкен соққы. Екіаралық келісім жоқтығына қарамастан, оның құқығын шектеп, қалауына ырық берместен, біржақты шешім шығару – өміріне кері әсерін тигізетін қателік. Бұдан соң, қыз баланың бойында түрлі ауытқулар, тұйықтық, өмірге деген сенімнің жоғалуы, өзгелерден өзін төмен санау секілді әдет-қылықтар қалыптасуы да әбден мүмкін.

Осы іс-қимыл барысында кең қолданылатын әдіс – ақ орамалдан аттамау. Бұл неліктен біз үшін соншалықты қорқынышты? Өйткені, біз – үлкенді құрметтеп өскен, киеден қорыққан елдің ұрпағымыз.

«Осылай барып та ел ішінде бақытты болып жатқандар жетерлік» деген уәждер айтылуы мүмкін. Бірақ, шырылдап жылаған қыздың орнында өз қызыңыз болмасына кім кепіл болмақ? Ендеше, бұл – қылмыс, ал, оны дәстүрмен ақтағымыз келетіні – ақымақтық.

Түйін: Ұрпақ өсіріп отырған әр ата-ана ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды парыз санайды. Балаларының бақытты болуын тілейді. Алайда, «оңай олжаға» кенелуді көздеп, тағдыр, сезім, сыйластық секілді ұғымдардан аттап өтіп, жабайы қылмысқа жол ашатындардың арамызда бар екені – өмір шындығы.

Қалай десек те, әр бойжеткен бақытты болуға лайықты! Сіз қалай ойлайсыз?

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз