Ұлттық Банк базалық ставканы 12 пайызға дейін көтерді

photo 311249 Жаңалықтар

Atr.kz/10 наурыз, 2020 жыл. Ел Үкіметінің отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мұнай нарығында орын алған жағдайға байланысты қаржылық реттеу бағытында қолға алынып жатқан шаралар туралы айтты. Оның айтуынша, Қазақстандағы соңғы оқиғалардың нәтижесінде 2020 жылы инфляция қарқыны жылдамдауы мүмкін.

Ұлттық банк басшысы атап өткендей, әлем нарығындағы энерготасымалдаушылар арасындағы баға бәсекесі биылғы әлемдік экономиканың дамуын қиындатуда. Оның үстіне коронавирустың таралуы тағы бар. Досаевтың сөзінше, әлемдегі жалпы ішкі өнім өсімінің күрт төмендеуі күтілуде. Тіпті, биыл 1,5 пайызға дейін баруы да әбден мүмкін. 

Мұндай жағдайда қазақстандық экспортқа сұраныс та төмендейді. Бұл өз кезегінде шикізат тауарларына әлемдік бағаның құлдырауы аясында ағымдағы төлем балансының нашарлауына әкеледі. Өткен жылы бұл көрсеткіш $5,5 млрд дефицитті құрады. Теңгенің айырбас бағамы мен инфляция өсіміне осының да әсері тиюі мүмкін екенін айтты Досаев.  

«Ұлттық банк өзінің мандаты шеңберінде кезектен тыс отырысында 10 наурыздан бастап базалық мөлшерлемені 12 пайызға (+/-1,5% пайыздық нысанда) көтеруге шешім қабылдады. Базалық ставканың жоғарылауы макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты саққтауға мүмкіндік береді» деген ол Ұлттық банктің теңге курсын сақтап қалатынын айтты.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айының аяғында Ұлттық банк базалық мөлшерлеме 9,25% деңгейінде қалатынын мәлімдеген еді. Сонымен, базалық ставка дегеніміз не және ол қалай әсер етеді?

«Базалық ставка Ұлттық банктің қаржы-несиелік саясатының басты құралы болып табылады. Бұл ақша нарығындағы номиналдық банкішілік пайыздық мөлшерлемелерді реттеу үшін керек. Ставканы белгілей отырып, аталған банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді» деп түсіндірілген Ұлттық банктің ресми сайтында.

Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме – пайыздық ставка. Сол арқылы Ұлттық банк коммерциялық банктерге несие береді және сол банктерден депозиттер қабылданады. Сәйкесінше, базалық ставка көтерілген сайын банктердің халыққа несие беретін пайыздық мөлшерлемесі де жоғары болады. Депозитпен де дәл солай.

Базалық мөлшерлеме елдегі инфляция деңгейіне әсер етеді. Ставканың төмендеуі нарықтағы қаражат көлемін арттырады. Ал, жоғарылауы, керісінше, қаражат көлемін азайтып, теңге курсын нығайтады және инфляцияның күрт өсіп кетуін тежейді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-ortaly%d2%9b-meshit-amin-kz-sajtyn-iske-%d2%9bosty/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз