Ұлт болып ұйыса білсек, бағынбайтын белес болмайды

razvitiefarm1 Жаңалықтар

Аtr.kz/27 сәуір, 2020 жыл. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына тағы да мәлімдеме жасады. Президентіміз бұл жолы төтенше жағдай режимінде қандай нақты жұмыстар атқарылғандығын айта келіп, індетті жою жұмыстарына жан-тәнімен атсалысып отырған барлық сала қызметкерлерінің зор еңбегін бағалап өтті.

Карантин уақытының созылуына орай қазақстандықтарды шыдамдылыққа, ауызбіршілікке шақыра отырып: «Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ» деді. Осыған орай, барша халықты сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды. Жағдай барысында, кейбір шектеулер алынып, бірқатар салалар қалыпты режимде жұмыс атқара бастайтындығын жеткізді.

Осыларды айта келіп, еліміздің экономикасының негізгі болып табылатын ауыл шаруашылына да көңіл бөлді. Бұл сала еңбеккерлерінің қалыптасқан қиындыққа қарамастан тынымсыз жұмыс істеп отырғандықтарына шынайы ризашылығын білдірді. Көктемгі егіс науқаны мәселелерінің  оң шешім тауып отырғанын мақтанышпен айтты.

Иә, расымен де ел диханшылары осындай қысылтаяң кезеңде босбелбеулік танытпай, зор ыждахаттылықпен жұмылған жұдырық бола білді. Әр өңірдің егіс егу науқаны  жоспарлы түрде жүзеге асты. Мұнайлы аймағымыз да бұл сынға дайын болды. Атырау облысы бойынша биылғы егістіктің жалпы көлемі 9 222 гектарды құрады. Оның 2 668 га көкөністер, 1 182 га бақша, 2 040 га картоп, 3 332 га мал азықтық дақылдар. Күні бүгінге облыс бойынша жоспарланған 8 300 га көлемдегі жер жырту жұмыстары толықтай атқарылып, қазіргі уақытта 1 286 гектар алқапқа тұқым себілді.

Ендеше, қашанда осылай бірлігіміз жараса жұмыстансақ, қандайма қиыншылықты да жеңіп шығатынымыз сөзсіз. Президентіміз айтқандай, ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмәніміз  жоқ.

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

облыстық ауыл шаруашылығы ардагерлері бастауыш ұйымының төрағасы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз