«Қуатты өңір – қуатты Қазақстан»

фото Жаңалықтар

Мега-жобасы күй өлкесінен бастау алды.

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» мега-жобасы Құрманғазы ауданынан бастау алды. Оның мақсаты — осынау жылдар ішінде қол жеткен жетістіктерді насихаттап, ұрпақ бойында патриоттық сезім қалыптастыру. Сонымен қатар, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы құндылықтарын жүзеге асыруға барлық азаматтардың белсенділікпен қатысуына мүмкіндік жасау.

Экономика, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық, мәдениет, спорт және басқа да салалар бойынша ақпараттық-насихаттық қолдауды жандандыру қолға алынып, халықтың мәдени демалысын жақсартуға көңіл бөлінеді. Бүгінгі ауылдың ахуалы, оның инфрақұрылымы мен жетілу мүмкіндіктері ескеріліп, жас ұрпақтың халықтық өнерге деген құрметі мен қызығушылығын арттыру көзделіп отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігін құру мен нығайтудағы «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының құндылықтарын жүзеге асыру мақсатында және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты мега-жоба басталды.

Шара барысында Құрманғазы ауданының 19 округінде ауыл ақсақалдарымен кездесулер, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған таныстырылымдық көрмелер ұйымдастырылып, бейне роликтер, Елбасы туралы фильмдер көрсетіледі. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек беріледі, спорттық және ұлттық ойындар түрлері ойналады. Әрбір ауылдық округ тақырыпқа сай өзінің концерттік бағдарламасын ұсынады. Мега-жоба бұдан кейін  басқа аудандарда жалғасып, Атырауда қорытындыланады.

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-9

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бастаған  шараға қатысушыларды жетінші темір жол айырығынан аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров қарсылады. Аталған жерге жиналған ақ түсті 25 автокөлікке мінген  эстафеташылар алдында сөз сөйлеген Әлібек Ибатоллаұлы мега-жоба белгісін Жандос Мінафихұлына табыс етіп, шараға сәттілік тіледі. Әрбір көлікте бір-бірден көк туларды желбіреткен ақ шағаладай керуен бірнеше шақырымдық жолды басып өтіп,  аудан орталығына кіре берісте күтіп тұрған 25 жас велошабандозға келіп жетті. Одан әрі екі топ бірге қозғалып, Самаркин ауылына жиналған, марафонға қатысатын 25 спортшымен бас қосты. Бірі қолына еліміздің көк байрағын, екіншісі эстафета эмблемасын ұстаған қос салт атты алға түсті. Эстафетаны С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің алдында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өмірзақ Қажымғалиев қабылдап алып, белгіні Тәуелсіздік құрдасына берді. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде  қолөнер көрмесі тамашаланды.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы:

– Баршаңыз да бүгінгі «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан»  атты мега-жобаға қош келдіңіздер! Жыл басынан бері өткен шаралардың бәрі бағдарламаға сәйкес биылғы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына ұштасты. Күні кеше, 8 қыркүйек күні Атырауда, Қала күнінде басталған мега-жоба эстафетасы үлкен сахнада Құрманғазы ауданының азаматтарына табысталған болатын. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекетіміз Елбасымыздың бастауымен көптеген табыстарға жетіп жатыр. Қыс-қаша ғана мысал келтіріп өтсек, облысымызда осы жылдар ішінде 138 білім беру ошағы, 48 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Оның сыртында өздеріңізге мәлім Қиғаш бойындағы ауылдар газбен, ауыз сумен толықтай қамтылды. Биылғы жылдың өзінде Құрманғазы ауданында екі мектептің құрылысы басталса, Азғыр өңіріне газ жеткізу де шешімін таппақшы. Сондықтан, осындай жұмыстарға белсене атсалысып жүрген сіздерге облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Осыдан 25 жыл бұрын дүниеге келген балалар өсіп-жетіліп, ел дамуына үлестерін қосуда. Бұрын жастарымыз іргелес Ресейде білім алуды армандаса, қазір шетелдерге барып жоғары оқу орындарына түсулеріне де  жағдай туғызылған.  Мега-жоба бүгін Ганюшкин ауылдық округінде шымылдығын ашса, ертең ауданның қалған округтерінде де жалғасын табады. Содан соң Исатай және басқа да аудандарда басталып кетеді. Осылай облыстағы 72 округте өтіп шығады, – деп ізгі тілегін жеткізді.

Облыс басшысының атынан еңбек ардагері Зайт Хабибуллиннің иығына шапан жауып, эстафета белгісін аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміровке тапсырды.

– 1991 жылы желтоқсанда  халқымыз ел тағдырын Елбасымыз Н.Назарбаевқа сеніп тапсырған еді. Нәтижесінде бүгінгі даму деңгейімізге  қол жеткіздік. Сөйтіп, таңдаған дара жолымыздың дұрыстығын уақыт өзі дәлелдеді.  Тәуелсіздіктің арқасында тілімізді, дініміз бен салтымызды сары алтындай сақтаған, рухы мықты, ата-баба аманатына адал, бірлігі бекем, қуатты, беделді мемлекет ретінде жылдан-жылға алға басудамыз. Қазақстанның одан әрі де осы бағытта дамуына қажетті жағдай жасала бермек, – деді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров. Ол, сонымен  бірге, 1991 жылы отбасын құрған Рахметовтер жанұясына сый-сияпат табыс етіп, көп балалы Самал Шамхановаға 10 мың теңгенің сертификатын ұсынды.

Ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғыманов тәуелсіздікке арнаған өлеңін оқыды.

Ауданда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері атынан еңбек ардагері Антонина Даваева құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Қалмақ қызы болсам да Қазақстанға келіп өздеріңізбен араласып, осында 80 жасқа жеткеніме қуаныштымын. Ең алғаш 1958 жылы Еңбекші ауылына келдім. Сіздер өзекке теппей құшақ жая қарсыладыңыздар.  Өмірге, сіздерге ризамын.  Ынтымағымыз жарасса, алар асуларымыз көбейеді. Әрдайым деніміз сау, еліміз аман болсын, – деді ол.

«Серпер» ЖШС директоры Төреміс Шәріпов те аудан тұрғындарын  мерекемен құттықтап, әрқайсысы 100 мың теңгелік азық-түлік сертификаттарын Ганюшкин ауылдық округінің тұрғындары Анастасия Ким мен Бақыт Жәлеловаға табыс етіп, серіктестік атынан 25 адамды аудандық «Серпер»  газетіне жаздырғанын хабарлады. Аудандық мәслихат депутаты, аудандық аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы Гүлсара Мүтиева медицина қызметкерлерінің  сәлемін жеткізіп, Зоя Оразғалиеваға сый-сияпатын ұсынды.

Мереке соңы сазды бағдарламаға ұласты.

Қанат ҒҰМАРОВ,

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз