У таратар БУ

8327be1c6ebc0528ff6f437aed936ba6 Жаңалықтар

Atr.kz/19 қараша, 2019 жыл. Баға бұғауға, нарық ырыққа көнбеген кезде де өтімді болатын тауар бар. Қаланың әрбір көшесіндегі дүкендүңгіршектерінен бастап, ірі супермаркеттердің саудасын «жүргізіп» тұрған, әрине, темекі. Жұртшылық денсаулыққа қаншалықты зиян екенін біле тұра темекі тартуды доғарар емес.

Керісінше, уақыт өткен сайын темекінің заманауи электронды түрі пайда болып, сатылымға шыға бастады. Десек те, мамандар мұның да ағзаға тигізер зиянын айтып, дабыл қағуда. Жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс жобасын әзірлегенін хабарлады. Онда электронды түріне қарапайым темекіге қойылатын талап сияқты дүкендерде «жайып» сатуға тыйым салынған. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына толықтай сай келетін көрінеді.

Біз әңгімеге тартқан қала тұрғыны Асылхан Қадыровтың да темекіні мүлде тұтынбаймын дегеніне біраз жыл болды. Тіпті, бірнеше рет тастауға оқталғанмен, бір-екі күннен кейін никотинге тәуелділіктен арыла алмады. Тынысты тарылтатын жағымсыз иістен «құтыламын» деп электронды темекіге ауысты.

– Жалпы, қазіргі таңда сауда орталықтарында олардың бірнеше түрі сатыла бастады. Тіпті, қаланың өзінде электронды темекі сататын арнайы дүкендердің бірнешеуі бар. Таңдау да, түрі де көп. Бәсекелестік ортада саудасын жүргізіп, тауарын өткізу үшін олар да түрлі акциялар ұйымдастырып жүр. Мәселен, «IQOS»-тың аппараттары Алматыда ғана сатылатын. Оны өз атыңызға тіркетіп, біреуін 25 мың теңгеге сатып алу керек еді. Жеңілдік ретінде бір қорап темекісін сыйға тартатын.

Бірақ, бұл маған ұнамады. Өйткені, оны жиірек қуаттау қажет болатын. Оның үстіне, оны пайдаланғаннан кейін жөтел қысатын. Бұдан кейін «GLO» деген түрін қолдандым. Олардың бір темекісінің өзі 460 теңге тұрады. Қуаттағышы бір күнге жетеді, – деген әңгімелесушіміз электронды темекілерде никотиннің жоқ екендігіне және оның құрамында смола мен бу барына сенімді.

– Бір қорап маған біраз уақытқа жетеді. Электронды темекілерді жабық ғимараттарда тартуға болады. Түтіні тез тарқайды, иісі ағаштың қатты қабығына ұқсайды. Темекі шегетін достарымның басым бөлігі «GLO»-ны қолданады. Қуаттағышы 18 сағатқа жетеді. Оның бағасы 15-18 мың теңге көлемінде, тамыз айынан бері акция жүріп жатыр.

Яғни, 10 мың теңгеге аппарат алсаңыз, қуаттағышы мен бір қорап темекіні тегін береді. Жеңілдіктер де қарастырылған. Енді олардың нәзікжандарға арналған түрлері шықты. Электронды темекілерге үйреніп алғаным соншалық, кәдімгі темекіден жүрегім айнитын болды,- дейді ол.

Алайда, жақында Американың Небраска штатының денсаулық сақтау саласының өкілдері электронды темекіден қайтыс болған алғашқы адам туралы мәлімдеді. Небраска штаты Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрлігінің мәлімдеуінше, Дуглас округінде тұратын 65 жастағы ер адам биыл мамырда қайтыс болған. Ал, жазда электронды темекі тартудан індет тарағаны туралы ресми жарияланды.

Вейпинг Калифорния штатының екі тұрғынын жалмаған, сондай-ақ, Канзаста екі адам, Орегонда тағы екі адам вейпинг құрбаны болған. Бұдан бөлек, Иллинойс, Индиана, Миннесота, Миссури, Флорида, Миссисипи және Джорджия штаттарының бір-бір тұрғыны электронды темекіден зардап шеккен. АҚШ-тың ауруларға қарсы күрес орталықтары 46 штатта және Виргиния аралдарында 805 адамның өкпесі электронды темекіден зақымданғанын мәлімдеді.

Ұлттық сипат алған індеттің нақты себебі әлі анықталған жоқ. Дәрігерлердің пайымдануынша, оған вейп құрамындағы тетрагидроканнабинол, марихуанадағы есірткі заттар себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Сондай-ақ, Невада университеті м е н Ш ө л д і з е р т т е у институтының ғалымдары электронды темекіні шеккен кезде қатерлі ісік тудыратын химиялық қосылыстардың басым бөлігі өкпеге жинақталады деген қорытынды жасады.

Тәжірибе барысында мамандар 12 адамның ағзасындағы электронды темекі шеккенге дейінгі және кейінгі альдегидтер мөлшерін сараптаған. Альдегидтер – қауіпті токсиндер. Олардың біраз бөлігі обыр дертін тудырады. Ғалымдар электронды темекі түтіні мен тәжірибеге қатысушылардың электронды темекі шеккен кезде шығаратын деміндегі токсиндер деңгейін салыстырып қарады.

Нәтижесі көрсеткендей, электронды темекі шеккеннен кейінгі шығарған дем құрамындағы альдегидтер мөлшері шеккенге дейінгі шамадан он жарым есе көп болған. Ғалымдар анықтағандай, формальдегид сияқты қауіпті заттардың мөлшері электронды темекі түтінінде жүз есе көп. Демек, бұл заттың айтарлықтай бөлігі адам
ағзасында сақталады деген сөз.

Бұдан бұрын ғалымдар «электронды темекі пайдалану ауыз қуысының қатерлі ісігін тудырады, қаупі кәдімгі темекіден кем түспейді» деп дабыл қаққан еді. Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің дәрігері Дәметкен Тайпанованың айтуынша, туберкулез дертіне шалдыққандардың қатарында электронды темекінің салдарынан науқастанған жан ауруханаға жатқызылмағанмен, оның инфекциялық және жүрек қан-тамыр аурулардың пайда болуына әкеліп соқтыратыны даусыз.

Себебі, соңғы 15-20 жылда зерттеу жүргізген ресейлік ғалымдардың мәліметіне сәйкес, электронды темекі денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе, герпес вирусы, туберкулез секілді инфекциялық ауруларға шалдықтыру қаупі зор. Туберкулездің микобактериясы бу шығарған кезде электронды темекінің жылуына жойылмайды.

– Негізінен, мұндай темекілердің тыныс алу жолдары ауыратын жандарға зияны шашетектен. Бронх астмасы, өкпенің созылмалы ауруларының бастапқы кезеңдерінде ауырып жүргендерге қаупі аз емес. Темекі шегу осындай ауыр дерттерді қоздырады. Сонымен қатар, инсульт, инфаркт алған науқастарға да пайдасы жоқ, – дейді дәрігер.

Осыны ескере келе, Қазақстанда электронды темекіге қарсы шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов заңнамалық тұрғыда электронды сигареттерді темекілерге теңестіруді көздеп отыр.

«Бұл мәселені құқықтық база аясында шешу үшін заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, электронды сигареттерді, вейпингтерді дәстүрлі темекілерге теңестіру керек. Бізде дәстүрлі темекіге деген талап қатал. Мейрамханада, қоғамдық орындарда темекі шегуге болмайды. Алайда, бұл жерде мәселе заңнамалық түрде реттелмеген жаңа өнімдерде болып тұр. Парламентте заңнамаға енгізілетін жаңа өзгерістерді таныстырамын. Онда жоғарыда аталған өнімдер қатаң реттелетін болады», – деді Елжан Біртанов елордада өткен Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде.

Р.S:

Тәуелділік өз алдына, мамандардың айтуынша, электронды шылымның құрамындағы никотин тез сіңіп, 8 секундтың ішінде миға тарайды екен. Никотин қантамырлардың тарылуына ықпал ететіндіктен, барлық ағзаларды қанмен қамтамасыз ету нашарлап, бірінші кезекте жүрек-қантамыр ауруларының дамуына әкеліп соғады. Бірақ, соған қарамастан электронды темекі тұтынушылар қатары азаяр емес. «Өз тамырына өзі балта шауып», тапқан табысын желге ұшырғандар ойланса екен дейміз. Қашанға дейін улы заттың буына байланып жүре береміз?

Айбөпе САБЫРОВА

Электронды темекі – ішіне сұйық ерітінді құйылған, ауыстырылатын картриджі бар және никотин жеткізетін электрондық жүйеге жататын құрал. Оның буында адам денсаулығына зиянды химиялық заттар бар. Олар – формальдегид, ацетальдегид, карбол қосындысы, ауыр металлдар (қалайы, мыс, хром, никель және т.б.).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз