Туризмді қайтсек дамытамыз?

экспо 1 Жаңалықтар

«Астана ЕХРО–2017» Ұлттық компаниясы жанындағы қоғамдық кеңесінің қорытынды отырысында талқыланған он ұсыныс Үкімет қарауына жолданды. Ұлттық компанияның Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің хабарламасында кеңес төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов  жоғары оқу орны базасында  гидтер мен экскурсия жүргізушілерін дайындайтын орталық құруды ұсынғаны айтылады.

экспо

«Гидтер мен экскурсия жүргізушілері қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, түрік және басқа тілдерді үздік меңгеріп қана қоймай, Қазақстан мен дүние жүзі географиясын, тарихын, экономикасын да білуі тиіс. Мұндай критерийлер шетелдік туристерге елімізді ең жақсы жағынан көрсету үшін маңызды» дейді ол.

Сондай ақ, Ерлан Сыдықов ішкі және Байқоңыр ғарыш кешеніне келушілер туризмін дамыту үшін  «Астана – Байқоңыр – Астана» және «Алматы – Байқоңыр –Алматы» бағыттарында тікелей әуе жолын  ашуды ұсынды. Барлық ұсыныстар Қазақстан Үкіметінің қарауына жіберілді.

Екі орталық іске қосылды

Астанада халықаралық ЕХРО – 2017 көрмесінде қызмет көрсететін екі  орталықтың жұмысы іске қосылды. Бұл туралы бізге аталған ұлттық компанияның Қоғаммен байланыс жөніндегі департаменті хабарлады.

Ұлттық компанияның Сервистік қызмет көрсету департаментінің директоры Диас Әзбергеновтің айтуынша, іске қосылған Бірыңғай қызмет көрсету орталықтары «Бір терезе» принципі бойынша жұмыс жасайды.

Бірыңғай қызмет көрсету орталығының басты міндеті – ресми қатысушыларға, секция комиссарларының кеңселеріне және олардың штаттық өкілдеріне қызмет көрсету болып табылады. Орталықта ішкі істер органы, Кедендік Одақ және салық органдарының да мамандары бар.

«Бұл орталықта визалық қолдау көрсету, көші-қон есебі, салық салу, кедендік істер, авторлық құқық, санитарлық-эпидемиологиялық  бақылау және Қазақстан Республикасының радиожиілікті спектрін қолдану саласындағы қызметтер көрсетіледі» деп атап өтті спикер Диас Әзбергенов.

Орталықта ресми қатысушыларды сақтандыру, логистикалық, консалтингілік, нотариалдық, аударма, әуе кассалары, экспресс-поштамен бірге банк қызметтері де күтіп тұр.

Ал, аккредиттеу орталығы келушілерге онлайн режімде тіркелу қызметін ұсынып отыр. Бірыңғай жүйеде тіркелу арқылы барлық қатысушылар еліміздің құқық қорғау органдарынан арнайы тексерістен өте алады.

Иордания королі келе жатыр!

Астанада өтетін халықаралық мамандандырылған көрмеге Иордания королі Абдалла II ибн Хусейн келеді. Бұл туралы «Астана ЕХРО–2017» ұлттық компаниясының Бас-қарма басшысы Ахметжан Есімовпен кездесу барысында Иорданияның ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Ахмед Идрис Инаб мәлімдеді.

«Біз Иордания павильонын көріп шықтық, көрме ұйымдастырушыларының атқарған ауқымды жұмысы көрініп тұр. Жақын арада павильонды безендіру жұмыстарына кірісетін боламыз» деген Иордания тарапы, баламалы энергия көздері бойынша тиімді жобаларды ұсынатындарын атап өтті.

Күні бүгінге дейін 10 елге павильон табысталды. Қазіргі таңда ЕХРО–2017  көрмесіне қатысатындығын 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым растап отыр.

Баян Жанұзақова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз