«Туған жерді түлету – парызым»

Рухани жангыру Қазақстанның 100 жаңа есімі Жаңалықтар

Бұл – белгілі кәсіпкер, меценат Ибрагим Ақдрашевтың ұстанымы

Рухани жангыру Қазақстанның 100 жаңа есімі

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық рухымызды көтеру,  ел болып заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірге қадам басу, қазіргі дамып келе жатқан қоғамның өмір сүру қағидасының жағымды жақтарын бойға сіңіру, мемлекет және қоғам тарапынан төл мәдениемізді өркендету, ұлттық құндылықтарымызды нығайтудағы басым бағыттарды белгілеп берген болатын.

Жақында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев  бір топ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен «НефтеСтройСервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Оларды облыстағы іргелі ұжымның бүгінгі өндірістік ахуалы, атқарылып жатқан істер, жұмысшы-қызметкерлердің жағдайы, компанияның аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлесі қызықтырды. Бұл туралы компания  басшысы  Ибрагим Ақдрашев жан-жақты әңгімелеп берді.

Ол бизнестегі алғашқы қадамын 1997 жылы 27 қызметкермен шетелдік компанияларға жергілікті жұмыс күшін ұсынушы шағын ұжымды құрудан бастаған-ды. «НефтеСтройСервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – бүгінде  бес мың жұмысшы-қызметкері бар, батыс аймақтан мұнай-газ өндіретін ТШО, «ҚазМұнайГаз», «ҚазТрансОйл», «Жайық Мұнай» «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», NCOC N.V, тағы басқа да отандық және шетелдік ірі кәсіпорындардың кен алаңдарына құрылыс, энергетика және тұрмыстық сала бойынша сервистік қызметтің ондаған түрін көрсететін алпауыт құрылым.

Қазір экономиканың әр саласының өркендеуіне үлес қосу үшін өндірісте заманауи жаңа технологияларды көптеп қолдануды қолға алып, жаңа жұмыс орындарын молынан ашуға негіз қалады. Аталған компанияның еншілес кәсіпорындары – «Дәулет нан», «Карат»  ЖШС арқылы өндірген нан-бөлке өнімдерінің, сиыр, жылқы етінен дайындалған консервілерінің, таза ауыз суы, арнаулы маман киімдері жоғары сапалылығымен, табиғи тазалығы және бағасының қолжетімділігімен тек облыста ғана емес, еліміздің батыс өңірінде тұтынушылардың жоғары сұранысына ие болып отыр.

«ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірігіп, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Ибрагим Шияпұлының да есімі  ұсынылғандығын да хабардар етті.

– Сіз басқаратын «НефтеСтройСервис ЛТД» серіктестіктің ауқымды істеріне, туған жерді түлетуге қосып отырған қайырымдылық шараларыңызға көпшілік атынан ризашылығымды  білдіремін. Өңірдің әлеуметтік саласының дамуына, әсіресе, халықтың әлжуаз санатына жататын бөлігіне көрсетілетін қолдау туралы ойыңызды, алдағы жоспарыңызды  біле отыралық, – деді Жасұлан Орақұлы.

– Әкем де, атам да Доссорда қарапайым мұнайшы болған адамдар. Біз сол үлкендер салған сара жолды бүгінгі заман талабына сай жалғастырып келеміз, – деп әңгімеге қатысты мәселені әріден қозғаған Ибрагим Ақдрашев компанияның көрсеткен демеушілік көмектерін әңгіме өзегіне айналдырды.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» туралы мақаласы өз Отанын, халқын сүйетін қай азаматты да бейжай қалдырмауы тиіс деп ойлаймын. Әсіресе, «Туған жерге туыңды тік» деген бағыт маған қатты ой салды. Өзімнің туып-өскен Доссорыма тигізер көмегім болсын деп, тұрғындардың кешкілік демалып, серуендейтін саябақ құрылысын бастадық. Жалпы құны 50 млн. теңге болатын демалыс саябағында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға ескерткіш тұрғызылып, олардың есімдері мәрмәр тасқа жазылады. Жасыл-желекпен, гүлзармен көмкерілген бұл нысан күзде пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар, Доссордан Адай ата зиратына баратын ұзындығы екі шақырымдық жолға асфальт төселді. Ақтөбе облысының Алға қаласындағы мектеп-интернатқа, «Мектепке жол» акциясы аясында Атыраудағы С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің әлеуметтік әлсіз топтағы балаларына демеушілік көмегімізді көрсеттік.

Компаниядағылар Ибрагим Шияпұлының Бекет атаның кіндік қаны тамған, әке-шешесі жерленген киелі Ақмешітке жаңа техника сатып алып беруге атымтай жомарттық танытқанын  айтады.

Итальяндық велошабандоз, «Аstana Pro team» велокомандасының бұрынғы мүшесі, марқұм Микеле Скарпонидің велосипеді жуырда Бурабайда қайырымдылық велошеруі аясында ұйымдастырылған аукционда 20 млн. 500 мың теңгеге сатылғаны туралы хабарды естігенбіз.  Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры бастамасымен өткен бұл аукционда велосипедті осыншама қаражатқа сатып алған Ибрагим Шияпұлы болып шықты. Қайырымдылық велошеру мен аукционнан жиналған қаржы Петропавл, Талдықорған, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының ауруханалары мен емдеу-сауықтыру орталықтарындағы сырқат, мүгедек сәбилердің емделуіне жұмсалады.

Біздің компания кеңсесіне бас сұққан сәтіміз тағы бір қуанышпен орайлас келді. Бұл жолы Ибрагим  бокстан ел біріншілігі мен халықаралық сайыстардан олжалы оралып жүрген Ержан Ордабаев пен Амандық Манашевқа өз жомарттығын көрсетті. Атақ-даңқы төрткүл дүниеге жайылған Геннадий Головкин, Қанат Ислам сынды ағаларының кәсіпқой бокстағы жеңісті жолын  жалғастыруды армандайтын Ержан мен Амандық таяуда АҚШ-қа аттанғалы отыр. Олар Лос-Анджелес, Лас-Вегас қалаларында екі апталық кәсіпқой бокстың жаттығу жиындарына қатысады. Мықты боксшылармен былғары қолғап түйістіріп, тәжірибе жинап қайтпақ. Осы сапардың барлық шығынын көтеріп  алған Ибрагим саңлақ спортшыларға сәттілік пен ақ жол тіледі.

P.S. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бүкіл әлемде белсенді және табысты түрде жүзеге асырылуда. Компаниялар өз қаржысын білім беру, медицина, ғылым және өндірістің  дамуына инвестиция ретінде салады. Сөйтіп, қоғамның проблемасын шешіп қана қоймайды, әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарды қаржыландырып, белгілі бір дәрежеде тиімділікке ие болады.

Аймаққа танымал кәсіпкер, меценат Ибрагим Ақдрашевтың осы жауапкершілікті жете сезінуі, «Туған өлкеме қандай көмегімді тигіземін, мен не бере аламын?» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдыруы өзге де шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдарындағы мыңдаған әріптестерінен қолдауын тауып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Бақытжан Жұмат

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз