«Туған ер Исатай да ел бағына…»

Туған ер Исатай да ел бағына.jpg 2 Жаңалықтар

Қазақ халқының тарихында есімдері ойып тұрып орын алатын,  азаттық үшін алысқан батырлар аз болмаған. «Ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алған»  сол есіл ерлердің бірі – Исатай Тайманұлы. Ол  ХІХ ғасырдың бірінші жартысында-ақ егемендікті аңсаған қазақ батыры, 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі болды.  Міне, Ағатай батырдың ұрпағы Исатай Тайманұлының туғанына биыл  225 жыл толып отыр.

%d1%82%d1%83%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b5%d1%80-%d0%b8%d1%81%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%b9-%d0%b4%d0%b0-%d0%b5%d0%bb-%d0%b1%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bd%d0%b0-jpg-1

Өткен  жұма күні Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы және Исатай аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен Аққыстау селосында батыр бабамызға арналған үлкен мәдени, тарихи шара болып өтті. Айта кету керек, бұл күн ел Тәуелсіздігінің 25 және 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің 180 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр.

Мерекелік шара «Жалын» мәдениет үйі алдында орналасқан ұлт-азаттық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшы, халық батыры Исатай Тайманұлының ескерткішіне гүлдесте қою рәсімінен басталды. Алғашқы болып Атырау облыстық әкімдігі мен мәслихаты өкілдері ескерткішке тағзым етті. Бұдан кейінгі кезекті Ақтөбе облысының Қобда, Батыс Қазақстан облысынан Жаңақала, Бөкей, Маңғыстау облысынан Мұнайлы аудандары, Атырау облыстық  мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен тарихи-өлкетану мұражайынан келген мәртебелі қонақтар жалғастырды.  Исатай аудан әкімдігі мен мәслихаты, еңбек ардагерлері, батыр бабамыздың алыс-жақыннан келген ұрпақтары да бұл шарадан қалыс қалмады.

Тарих және тұлға

Осыдан соң  ауқымды шара қонақтары «Тарих және тұлға» тақырыбында ұйымдастырылған аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты.

%d1%82%d1%83%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b5%d1%80-%d0%b8%d1%81%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%b9-%d0%b4%d0%b0-%d0%b5%d0%bb-%d0%b1%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bd%d0%b0-jpg-2

Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев, облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов, Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай, Ақтөбе облысындағы «Исатай» қоғамдық қорының төрағасы Еркін Құрманбек және басқалары қатысты. Конференцияны аудан әкімі Тұрарабек Сұлтанбеков ашты.

– Құрметті мәртебелі қонақтар мен ауылдастар! Халық батыры Исатай Тайманұлының туғанына биыл 225 жыл толып отыр. Аталған дата үкіметтің мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы қаулысына сәйкес келеді. Соған байланысты Исатай батырдың бұл мерейтойы биылғы жылы аталып өтілетін оқиғалар тізбесіне енгізілген еді.

Бүгінгі шараға арнайы шақыртуымызды қабыл алып, Алматыдан арнайы келген белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы Сарай Әнес Төлендіұлы мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-домбырашы Үлкенбаева Айгүл Нариманқызына ризашылығымызды білдіремін.

Баршаңызға Исатай мен Махамбеттің ат тұяғы тиген, Құрманғазы мен Динаның күйі күмбірлеген, Хамит пен Фаризаның жырлары қанат бітірген киелі мекенге қош келдіңіздер дегім келеді.

«Қара қазан, сары бала қамы үшін» елінің азаттығы жолында күрескен, Исатай мен Махамбет бастаған 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің қазақ тарихында алатын орны бөлек. Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігін қамтыған азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлы Халелше айтқанда, «орынсыз мақтанның батыры емес, керек орында батыр» екендігін тарих дәлелдеп берді деп ойлаймын.

Батыр тұлғасын оның артында тұрған қалың жұртынан, сол елдің сан ғасырлық мәдениетінен бөліп алып қарау мүмкін емес. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Исатай азаттық қозғалысының қолбасшысы ғана емес, ұлтты ұйыстыра білер көшбасшы, көпті соңына ерте білген өз заманының озық ойлы қадірлісі, саяси көсемі екені анық.

Исатай көтерілісі қазаққа өзінің ел екенін білдірді, жұрттың ұлт сезімін қозғады, қазақтың бірігуіне себеп болды. Бабамыздың ерлігі мен қайсарлығы, жүректілікпен қол бастауы қазақ деген халықтың ұлт болып ұйысып, қажет кезінде бір мақсатқа жұмыла алатындығын көрсетті. Теңдікті аңсаған халықтың арман-тілегіне үміт отын жақты деп білеміз, – деді  Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков.

Есімі халық жадында

Аудан әкімі бұдан әрі ауданда жасалған жұмыстарға тоқталды.

– Қазақ – қашанда халқына қорған болған, еліне тіреу болған асылдарын ардақтаған ел. Тәуелсіздік жарияланған 1991 жылы алғаш рет Исатай Тайманұлының 200 жылдығы батырдың алғаш қол жинаған Манаш жерінде республикалық деңгейде аталып өтілді. Содан бері даталы мерейтойлары атаусыз қалған емес. Аудан басшысының айтуынша, өлкеде осыдан бес жыл бұрын батырдың  220 жылдығына арналған шаралар ұйымдастырылды.

Бұған дейін Новобогат деп аталып келген ауданға 1990 жылы Исатай атауы берілді. Бір ауылдық округ, мектеп, көшелердің аттары да батыр есімімен атала бастады. Аудан орталығынан Исатай Тайманұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Екі ауылда батыр бюстісі орнатылған.

«Исатай мен Махамбеттің аңсаған арман-мұраты – елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі, бірлігі мен ынтымағы болатын» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, тәуелсіздігіміздің мерейтойы тұсында ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған, асыл азаматтарымыздың арманы болған ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырғанымызды мақтаныш етуге тиіспіз. Елдігімізді саралау, ерлерімізді бағалау, олардың ерлік істерін кеңінен насихаттап, жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеу, бабалар аманатын болашаққа жеткізу, тәуелсіздік тұғырын биіктете түсу – қазіргі ұрпақтың міндеті.

Тәуелсіздік жылдарында Исатай батыр туралы көптеген кітаптар баспадан жарық көрді, деректі фильмдер түсірілді. Демек, батыр жайында толық мағлұмат барлығына ешкімнің күмәні болмасы анық. Нарын өңірінде орын алған тарихи оқиғалар мен тұлғалар өмірін кеңінен насихаттауға, олардың ерлік істерін паш етіп, жас ұрпаққа жеткізуге қызмет ету – біздің  міндетіміз.

Ауданымызда жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен И.Тайманұлы жүлдесі үшін республикалық деңгейде турнир ұйымдастыру дәстүрге айналды. Биыл 23-25 қыркүйек күндері жиырмасыншы рет мерейтой құрметіне өткізілген жарысқа 200-ден аса балғын спортшы қатынасты. Исатайдың әкесі Тайман зираты күтімге алынды. Тұщықұдық ауылдық округі Жалтыр көлі учаскесінде Бөкей Нұралыұлының патшадан рұқсат алып, Жайықтың бергі бетіне өткен кезде алғаш қоныстанған, анасының сүйегі жерленген жерге және Забурын ауылдық округіне қарасты «Саға» атанған төбеде батырдың немересі Өтепқали Дінбаянұлының  1916 жылғы патша жарлығына қарсы шығып, қол жинаған орнына стелла-белгілер орнатылды. Білім беру ұйымдарында 1836-1838 жылдардағы ұл азаттық көтеріліс туралы ашық сабақтар, жазба ақындар мүшәйрасы өткізілуде, – деді аудан әкімі.

Батыр тағылымы – ынтымаққа бастайды

Аудан әкімі Исатай батырдың мерекесі өңірлерді жақындастыра түскенін де атап өтті.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өңірлердің ынтымақтастық, іскерлік байланыс жасауы, өзара ақпарат алмасуы даму үрдісіне жол ашатынын айтып, міндеттер жүктеген болатын. Осы тұрғыдан біз 2013 жылы Исатай батырдың мәңгілік мекен тапқан жері Ақтөбе облысының Қобда ауданымен ынтымақтастық байланыс орнату мақсатында келісімге келіп, осыдан екі жыл бұрын Шейітсайда батырдың кесенесі тұрғызылды.

Бұдан бөлек Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарымен өткен жылдан бастап мәдени-іскерлік ынтымақтастық орнатып, Нарын өңірін жайлаған ата-бабамыздың арғы-бергі шежіресімен, ішкі орда тарихымен танысуға мүмкіндік алдық. Ал, биылғы жылы Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданымен де екі жақты байланыс орнаттық. Өйткені, біздің мақсатымыз ортақ, міндеттеріміз айқын, болашақ жоспарларымыз бір. Ол – осынау ұлан-ғайыр жерімізді қорғап қалған ата-бабаларымыздың, бостандық жолында күрескен батырларымыздың ерлік істерін насихаттап, халқымыздың әдет-ғұрпын, тілін құрметтеу, береке-бірлікке үндеу. Ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау, кейінгі ұрпаққа аманаттау бағытындағы жұмыстарды жетілдіру.

Жиында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Құрманғазы, Махамбет, Индер, Жылыой, Мақат аудандарынан келген делегация өкілдері де құттықтау сөз сөйлеп, игі тілектерін білдіріп, ескерткіш сыйлықтарын табыс етті. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов көршілес екі ауданның тарихи тамырластығы бұрыннан  жалғасып келе жатқандығын айтса, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев Исатай батырдың ұрпақтары мен атақты мүсінші Н.Шаяхметов туралы тарихи деректер мен  мағлұматтарды іздестіру ғалымдар мен кейінгі ұрпақтың  еншісінде екендігін сөз етті. Исатай ауданы әкімі халық жазушысы Әнес Сарайға және батыр ұрпақтарына зор құрмет көрсетті.

Конференцияның екінші бөлігін облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов жүргізді.

Халық жазушысы Әнес Сарай сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

– Исатай – арлан, көк бөрі сынды  тақырып екен. Соны отыз жыл болды, әні-міне жетем деп қуып келем, ақыры мені де шаршатты. Бұл тақырып әлі біткен жоқ, бітпейді екен де, оған көзім толық жетті. Ғарифолла Әнесұлына үзіп-үзіп болса да, кітап қылып шығара беруіне келісім бердім. Өйткені, келесі ұрпаққа жетуі керек қой. Ол да шығарып келе жатыр. Мен бұл тақырыпты қолға алғанымда алпыс жаста екенмін. Енді, міне, келесі жылы сексенге келемін. Осы екі батырды, яғни, аталарыңды зерттегенде бір нәрсеге көзім анық жетті. Бұл екі батырдың ар-намысында кіршіктей кінәрат жоқ. Кіршіктей дақ түспеген. Саф алтындай жарқырап тұрған адамдар.

Қозғалыс шырқап барып басылғанда, cертінен айнып, патшамен тіл табысып, орден алған  көтерілісшілер де болды. Ал, біздің екі батырымыз да ондай болған жоқ. Екеуі де еңкеймей тік тұрған күйі өлді де жүре берді. Міне, елге, Отанға деген шексіз махаббат осындай болу керек. Отаншылдық деген осы емес пе?!  Егер біз ұлт-азаттық көтерілісті дәріптемесек, келер ұрпаққа жеткізбесек, отаншылдық сезімі жоғалады, – деді Халық жазушысы Әнес Сарай. Ол  одан әрі Шейітсайда жерленген сарбаздардың айналасына қоршау орнату керектігін айтты.

Туған жері – Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылына Исатай атын беру, осы өңірдегі батырдың жүрген жерлеріне Борсаң мен Сарыкөлге белгі қою жөнінде де ұсыныс берді.

Барлық батырға ескерткіш орнатсақ…

ҚР Мәдениет қайраткері, Құрметті профессор, «Исатай» қоғамдық қорының төрағасы Еркін Құрманбек сөзін «Алаш» қозғалысының белсенді мүшесі, қудалауға түскен ақын Мағжан Жұмабаевтың: «Біз өлеміз, бірақ, бізді болашақ ұрпақ тірілтіп алады» деген көрегендік сөзімен бастады. Қоғамдық қордың не мақсатпен құрылғанына тоқтала келіп, Батыс Қазақстандағы көтерілістің басты үш кейіпкері және себепкері болғанын, олар – батыр Исатай, ақын Махамбет, хан Жәңгір екенін, бұл үш тұлға да қырық жастан ғана асып, елуге жетпей өмірден өткендерін, сүйектері Ақтөбеде, Атырауда, Батыс Қазақстан аймақтарында жерленгенін атап айтты.

«1836-1838 жылдардағы азаттық қозғалысын зерттеулердегі жаңа көзқарастар» тақыбында баяндама жасаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми кеңес мүшесі Лесқали Бердіғожин Отан тарихында ешуақытта өзектілігін жоймайтын тақырыптардың бірі ұлт-азаттық және әлеуметтік теңдік үшін қоғалыстар екенін айта келіп, Исатай батырдың неліктен көтеріліске шыққандығын, күрескерлік, көсемдік, би-шешендік, батырлық болмысын жан-жақты тарихи деректермен ашып берді. Сондай-ақ, ғылым докторы Исатайдың нағашы, қайын жұрты жағын зерттеу кемшіндеу болып жатқанын, батырдың екінші жары Несібелінің тағдыры орыс желтоқсаншылары әйелдерінің өміріне көбірек ұқсайтынын айтты.

Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы-өлкетанушы Аманкелді Шамғонов Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің кезеңдеріне, шығу себептеріне, қозғаушы күштеріне және мақсатына тоқталды. Сонымен бірге, көтерілісшілердің серіктерінің бірі Қабыланбай Қалдыбайұлының ерлігі жайында айтып, сарбаздарға ескерткіш қоюды ұсыныс етті.

Қазақстанның Құрметті журналисі, Журналистер одағы сыйлығының иегері, доцент Төлеген Жаңабай «Ұлт-азаттық көтеріліс тарихы – ақын-жазушылар деректерінде» атты баяндамасында Исатай-Махамбет көтерілісін жырлап, халық мұрасына айналдыруда Махамбет, Шернияз  Ығылман Шөрековтің және басқа да ақындардың қосқан көп үлестері бар екендігін поэтикалық жағынан көркем тілімен жеткізді. Конференцияда, сондай-ақ, көптеген құнды ұсыныстар қабылданды.

Түс мезгілінде алыстан-жақыннан келген қонақтарға «Бәйтерек» және теміржол вокзалы алдында тігілген киіз үйлерде қазақы дастарқан жайылып, құрмет көрсетілді. Астан соң қонақтар Исатай аудандық мұражайының жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты жаңа экспозициясының ашылу рәсіміне қатысты. Онда Атырау облысының және Құрманғазы, Индер, Исатай аудандарының Құрметті азаматы Жанай Беркалиев құттықтау сөз сөйлесе, облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев пен Халық жазушысы Әнес Сарай жаңа ғимараттың керілген лентасын қиды.

Қонақтар «Исатай ауданының тарихы», «Өлке тарихы», «Аудан ардақтылары», «Этнография, археология және өлке табиғаты» атты төрт экспозициялық залдан тұратын мұражайды аралап көрді.

Мұнда Исатай ауданының өткен кезеңдері мен бүгінгі көрінісін бейнелейтін фотосуреттер мен мұрағаттық деректер, 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің картасы, көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына қатысты мұрағаттық құжаттар, зергерлік бұйымдар, аң-құстар тұлыптары және тағы басқа жәдігерлер қойылған. Жалпы алғанда, экспозицияда 386 дана құжат пен фотосурет, 106 дана заттық бұйым мен 492 жәдігер орын алған.

Шараның соңы орталық стадионында Исатай Тайманұлының 225 жылдығына арналған «Туған ер Исатай да ел бағына» атты театрландырылған қойылымға ұласты. Исатай мен Махамбеттің бейнесін атыраулық әртістер шебер сомдаса, Нарын оркестрінің концерті қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

%d1%82%d1%83%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b5%d1%80-%d0%b8%d1%81%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%b9-%d0%b4%d0%b0-%d0%b5%d0%bb-%d0%b1%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bd%d0%b0-jpg-3

Аяпберген САЛИХОВ.

Суреттерді түсірген: Әбілмажан Шарапиденов,

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз