«ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН» ауылдарға да жетті

small cells Жаңалықтар

Atr.kz/21 ақпан, 2020 жыл. Еліміздегі бірден бір байланыс операторы саналатын «Қазақтелеком» АҚ «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында республика аумағында ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда.

Солардың бірі – селолық елді мекендерге талшықты-оптикалық телефон байланысы желісін жүргізу жобасы болып табылады. Аталған жоба шеңберінде Атырау облысында өткен жылы 16 ауыл заманауи үлгідегі байланыс желісімен қамтылды. Нақтырақ айтқанда, Махамбет, Индер және Қызылқоға аудандарында 14 мектеп, 12 медицина мекемесі, 16 ауылдық округ әкімдігі мен жергілікті полиция бөлімшелері жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесіне қосылу мүмкіндігін иеленді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін өткізілген баспасөз турында баяндалды.

­- Одан бөлек, аудан орталығынан 300, ал облыс орталығынан 500 шақырым шалғайда орналасқан Құрманғазы ауданының Азғыр өңіріндегі Сүйіндік, Балқұдық, Жалғызапан ауылдары да қазіргі таңда осындай байланыс желісімен қамтылып отыр. Қашықтығына байланысты бұл елді мекендерді жоғары жылдамдықтағы әрі сенімді интернет желісіне қосу іргелес орналасқан Батыс Қазақстан облысының Сайхын ауылы арқылы тартылды. Айта кету керек, бұл жоба Атырау облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен жүзеге асты, – деді журналистерге берген шағын сұхбатында Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы Атырау жергілікті желілер техникалық торабының директоры Нұрлан Макулов.

Мысал келтірсек, Махамбет ауданының алты ауылында талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылған. Соның ішінде, көршілес Индер өңірімен шекаралас Ақжайық ауылындағы Қызылүй орта мектебі, селолық дәрігерлік емхана мен округ әкімдігі ғимаратына осындай желі жүргізіліпті.

Ауылдық округ әкімі Сайлаубай Жұмағалиевтің айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» ­- бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама. Оның сәтті жүзеге асырылуының нәтижесінде, мемлекеттік және бюджеттік мекемелер сапалы да сенімді цифрлық байланыспен қаматамасыз етілуде. Соған байланысты, олардың инновациялық қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндіктері кеңеюде. Нақтылай кетсем, цифрлық инфрақұрылымды құру «Электронды үкімет», «Азаматтарға арналған үкімет», «Ашық үкімет», т.б. мемлекеттік бағдарламаларға кіру қолжетімді болып отыр. Бұл пікірді мектеп директоры Қонысбай Аманиязов та қостады.

Баспасөз туры барысында телекоомуникация торабының өкілдері мен ауылдық округ әкімі онлайн байланысқа шығу арқылы Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылдық округіндегі әріптестерімен тікелей байланысқа шықты. Өз кезегінде, мектеп оқушылары информатика пәні мұғалімімен бірге қуаты көп, жоғары жылдамдықтағы интернеттің мүмкіндіктерін қалай үйреніп, игеріп жатқандықтарын көрсетті. Заманауи байланыс желісінің іске қосылуының арқасында селолық емханада, сондай-ақ ауылдық әкімдікте көрсетілетін қызмет түрлері де электронды форматқа көшіріліпті. Мұның өзі уақытты үнемдеп, жұмыстың жеделділігін арттыруға кепілдік беретініне куә болдық.     

Дәулетқали АРУЕВ

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-%d2%9bazba-zh%d2%b1mystaryna-zhergilikti-byudzhetten-10-mln-te%d2%a3ge-b%d3%a9lindi/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз