Тойдағы «тосттар» қазақ тілінің қадірін қашанғы түсіреді?

2 2 Жаңалықтар

« … Туған күнің құтты болсын! Бақытты бол, бақыттың ішінде бәрі бар», «Аға, апа, балаларыңыздың тойы құтты болсын, той тойға жалғассын, не айтамыз енді, келесіде бесік тойға келейік». Бұл сөздер бәріңізге де таныс болар, сірә? Әр аптаның соңындағы  үш күн бойы қазақтың тойының төрінде айтылатын «тост». Иә, бұл – «тост». Себебі, тілекті де «тост» деп жүрміз. «Тосттың да» өзін оқсататынымыз шамалы. Бір қолын қалтаға салып, бір қолына микрофон алып шалқайып тұрып, осы «шолақ» сөзді зорға айтатындарға  қарап қарыныңның ашатыны-ай…

2

Шешен сөйле демейміз, десек те, ортада салмақты сөз айта білудің өзі өнер емес пе?! Жастар ғана емес, аға буын өкілдерінің аузынан да мұндай жаттанды сөздерді жиі естіп жүрміз. Сонда сөздік қоры бай қазақтың басқа да сөздерін олар білмейді ме? Қазақ тілі – тамыры терең, тарихы бай тіл. Тым болмаса осы байлығымызды неге ұқсата, көрсете алмаймыз? Қолданыстағы бір-екі сөзді қайталай беруден өзің де жалығасың емес пе? Тілек айта алмаса, үйренуге неге талпынбайды?

Әрине, олар – көркем әдеби кітаптардың бетін де ашып көрмеген, оған ниет те білдірмейтіндер. Оны анықтап жатудың да, басқа сылтау айтудың да қажеті жоқ тәрізді. Бізді жаңа технологиялармен, заман ағымымен келген әзірге емі жоқ осы «дерттің» асқынып бара жатқаны алаңдатады. Компьютер, кейін телефонға қосылған ғаламтор ұлттың рухани байлығын азайтып, аздырып жіберді. Телефонды қолынан тастамай, компьютерге шұқшиятын адамдардың кітаптың бетін ашуға уақыты жоқ. Ал, ғаламторда кітаптан да басқа «қызықтар» жетерлік. Түптеп келгенде, бұл мәселе электрондық технологиялардың дамуымен байланысты болып отыр. Көшеде кетіп бара жатқан кез келген адамнан, мектеп жасындағы қай баладан сұрасаңыз да әдеби кітаптарды соңғы рет қашан оқығанын, тіпті қашан көргенін білмейді. Себебі, рухани құндылықтан гөрі, материалдық құндылықты қажет ететін уақытта кітаптың емес, ақшаның буы аспандап тұр. Алайда, солай екен деп асыл қазынамызға атүсті қарауға бола ма? Өйткені, дәл осылай жалғаса берсе ұлт сөйлеу мәдениетінен, тілінен айырылады.

Еліміздегі Ұлттық кітапхананың директоры Әлібек Асқаров бір сөзінде: «соңғы жылдары кітапханаға келушілер санының төмендеу үрдісі байқалып отырғанына байланысты «Төрт томнан тұратын «Соғыс және бейбітшілік» романын айфоннан немесе планшеттен оқу мүмкін емес, ол адамды соқыр етеді. Сондықтан да, уақыт өте келе әлем дәстүрлі кітап оқу үдерісіне қайта ден қояды деп ойлаймын» деген болатын. Ол электрондық технология қанша дамығанымен, қайтадан әлем кітап оқуға ден қойып, кітап оқу дәуірінің оралатынына тоқталған еді. Оның айтуынша, Ұлттық кітапханаға келетіндер саны жылына екі миллион оқырманнан асады. Деректерге сүйенсек, «виртуалды оқырман» миллионға жуық. Келушілердің 12,5 пайызы – ғалымдар, 5,5 пайызы – қызметкерлер,  77 пайызы  – студенттер, ал,  5 пайызын басқа санаттағы азаматтар  құрайды екен.

Немістің ұлы ақыны Гете: «Көкірегі ашық адам оқи білуді үйренудің қаншалықты қиын екенін біледі. Мен бұған сексен жыл өмірімді арнадым. Бірақ, әлі кітап оқуды толық үйрендім деп айта алмаймын» деген екен. Қоғам кітап оқудан қол үзіп қалмау үшін, біз, әсіресе, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруымыз керек. Қалай? Бұл орайда облыстық балалар кітапханасы басшысының орынбасары Перизат Өтеуғалиева кітапханаға балаларды көбіне кітаптарды насихаттау және мерекелік шаралар ұйымдастыру арқылы шақыратындарын айтты. «Біздің 127 мыңға жуық кітап қорымыз болса, сегіз мыңнан астам тұрақты оқырманымыз бар. Атап айтсақ, Атырау қаласындағы №2, №5, №15, №11, №18 орта мектеп оқушыларының белсенділігі жоғары. Жаңа оқу жылы басталысымен «Ашық есік» күнін ұйымдастырамыз. Шара аясында 1 сынып оқушыларын кітапханаға шақырып, кітаптармен таныстырамыз. Жыл бойына өтетін өзге де шаралар аясында балаларға оқып шыққан кітабы туралы суреттер салғызып, ынталандыру үшін марапаттап та қоямыз», – дейді ол.

Оның айтуынша, ұрпағының болашағына алаңдайтын кей ата-аналар балаларын кітапханаға өздері жетектеп әкеледі екен. Сондай-ақ, олардың арасында ұстаздары тапсырма беріп міндеттеген соң, амалы жоқтықтан келетін оқушылар да бар. Иә, баланы қанша бақылап отырсаң да кітап оқыта алмайсың. Оқығанымен, өзі қаламаған соң нәтижесі болады деу қиын. Сондықтан, кітапханашылардың көздегені алдымен балалардың қызығушылығын ояту болып отыр.

P.S.

Жақсы кітапты оқу арқылы адамның білім көкжиегі кеңейіп, ішкі жан дүниесі байып, есте сақтау, ойлау қабілеті артып, сөздік қоры көбейе түседі. Оған өз тәжірибеңізде де көз жеткізе аласыз. Бұл ойым күмән туғызса, жазушылардың кітабын оқып шығыңыз. Кез келген адам өз ойын жеткізе алатындай анық нәтиже көрер еді.

Қазақ тілі – сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлылығы жағынан – үшінші орында. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал, испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен. Ал, қытайлар болса 87019 иероглифті қолданады. Демек, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің төрінен орын алады. 

Динара ІЗІМОВА,

И.Тайманов атындағы орта мектептің оқушысы:

– Сабақтан қолым босай қалса, мектептегі және облыстық балалар кітапханасына барып тұрамын. Бірақ, балалардың көпшілігі кітапханаға жиі бармайды. Тек ғаламтор және әлеуметтік желілердегі қызықтар, соңғы жаңалықтар туралы әңгімелеп жүреді. Оқығанда өзіңді бірден баурап алатын «Ер Төстік», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Қаңбақ шал», «Тазша бала» секілді балаларға арналған кітаптардың қатары көбейе түссе екен деймін. Себебі, мұндай кітаптарды балалар қызыға оқиды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз