ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ

қауіпсіздік ережелерін сақтаумен маңызды

Жылу беру маусымының басталуына байланысты аймақта өрттің және адам жарақатының, табиғи газдың улану фактілерінің алдын алып, келеңсіз жайттарға абай болған жөн. Бұл жөнінде Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінде өткен «дөңгелек үстелде» айтылды.

 

Жиында бүгінге дейін аймақта орын алған өрт оқиғалары сөз болып, оның алдын алу шаралары талқыға салынды.

Белгілі болғандай, мемлекеттік мекемелердің және шаруашылық объектілерінің өртке қарсы тұру жағдайын тексеру мақсатында 405 рет тексеріс жүргізілді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 49 пайызға артып отыр. Өткізілген тексерістің ішінде 376-сы жоспарлы болса, 291-і жоспардан тыс жүргізілген. Жалпы, барлық меншік нысанын тексеру кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 625 заң бұзушылық тіркелді. Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 205 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы бұл көрсеткіш саны 170 көрсеткенін ескерсек, биыл қауіпсіздік ережелеріне салғырт қараушылар саны артып отыр.  Оларға үш миллион теңгеден аса айыппұл салынған.

Ал, тұрғын үй секторында орын алған өрттің пайда болуына себепкер 21 адам кінәлі деп танылып, жалпы сомасы 168 мың теңге айыппұл өндірілді. Алты рет ескерту берілді. Өрттің алдын алу шараларын түсіндіру  бойынша тұрғындармен 232 рет кездесу ұйымдастырылған.

Айта кету керек, биыл дала өртінің саны азайып, бір ғана оқиға  орын  алды.  Абырой  болғанда, шығын болмады. Өткен жылы даланы шарпыған мұндай тоғыз оқиға тіркеліп, оның келтірген шығыны екі миллион теңгені құрады.

Бұл жайларды мәлімдеген департаменттің өртке қарсы қызмет басқармасының басшысы  полковник Сәлімғали Салықбаев жылу беру маусымы кезінде газ беру жүйелері мен құрылғыларының ақаулығынан орын алуы ықтимал өрттердің алдын алу қажеттігін баса айтты.

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз