Тоғанға құлаған жылқы: Атырауда иесіз жүрген малға кім жауап береді?

0 14 Жаңалықтар

atr.kz/11 қыркүйек, 2020 жылОблыс орталығының іргесіндегі Еркінқала ауылдық округінің аумағында 100 үйір, яғни ұзын саны мыңға жуық жылқының бейсауат жүргені туралы хабар тарады.

Мәселенің мәніне үңілсек, Қамбар ата ұрпағы жайылымда шөптің жоқтығынан, жазық далада жауын жаумағандықтан, қуаңшылықтан қаланың аумағына кіріп кетіпті. Даладан қорек таппаған қылқұйрықты «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» тоғандарының маңында жайылып жүр екен. Шаруашылыққа залалын тигізіп, Еркінқала – Атырау тас жолы бойындағы көлік қозғалысына кедергі келтірген жылқылар туралы кеңірек баяндағанды жөн көрдік.

Қылқұйрықты неге қалада жүр?

Алдымен хабарласқанымыз Еркінқала ауылдық округінің әкімі Мұхтар Құмарғалиев болды. Ол бізге мән-жайды толығырақ айтып берді. – Жуырда Еркінқала ауылдық округіне қарасты аумақта шамамен 750-дей жылқының иесіз жүргендігі анықталды. Таңбасы бойынша нақтылай келгенде, бұлардың Исатай ауданы тұрғындарының иелігіндегі жылқылар екені мәлім болды. Олар теңіз бойын жағалап, Жайыққа келген. Ауылдағы «Атырау бекіре балық өсіру зауытының» аумағында 12 тоған бар. Иесіз жүрген жылқылар сол тоғанға келіп, түсуде.

Осылайша кәсіпорынның жұмысына айтарлықтай зиян келтіріп отыр, – деді округ әкімі. Құзырлы орындар қалалық ауыл шаруашылығы бөліміне шағым түсіріп, таңбасындағы нөмірі арқылы иелеріне хабарласқан. Соның нәтижесінде, кейбір шаруа иелері өздерінің жылқыларын кері әкетіпті. Десек те, мәселе мұнымен шешілмей тұр. Әлі күнге бос жүрген жылқылар жетерлік. Округ әкімінің айтуынша, елді мекенде қоқыс қалдықтарын шашып, көшедегі тал-теректерді жеп, қаланың көріктендіру жұмыстарына, жол қозғалысына зиян келтірген сиыр малы мен уақ жандықтарды уақытша оқшаулайтын шағын орын бар.

Алайда, ол жерге жылқы сыймайды және иесіз жүргендерін ұстау мүмкін емес. Еркін жүріп қалғандығы соншалықты, тіпті, маңына пенде жуытып, құрық салдырмайды. Тоғанда жүр топтасып Жүгенсіз жүрген жылқыдан зардап шеккен кәсіпорын қызметкерлері өз жұмыстарымен қатар, оларды қайта-қайта қайырып шаршаған. Құрылым өкілдерінің айтуынша, жұмыс екі ауысыммен жүзеге асады. Иесіз мал жұмысшыларды тасымалдайтын қызметтік көліктің өзіне қарсы шауып жүргізбейді екен. Кеңсенің алдын да «иеленіп» алған.

Айта кетейік, аталған кәсіпорын бекіре тұқымдас балық шабақтарын Жайық өзеніне жіберу жұмысымен айналысады. Зауытқа қарасты балық өсіретін, сақтайтын тоғандарда жүрген төрт түлік мал тоғандарды ластап, аумақтың қоршауларын бұзып, тіпті, айналдыра қазған шұңқырға да түсіп кеткен жағдай жиі кездеседі. Мұндайда кәсіпорын қызметкерлері барлық жұмысын қоя салып, жаны қиналған жануарды құтқарып алады. Бірде кішкентай құлын да осылайша құлап кетіпті.

Дегенмен, өзгелерден қызғанған бие құтқаруға келгендерге қарсы шауып, құлынға жуытпай қойған. Сонда да жұмысшылар ебін тауып, жас төлді аман-есен алып шығыпты. Қызметкерлердің шағымы да осыған қатысты болып тұр. Негізгі жұмыстарынан өзге, олар уақытын жылқы қуалап өткізуде. Иесіз екен деп, жануардың көз алдарында жазым болуына жол бере алмайды.

Зауыт басшылары бұл оқиғаның мемлекеттік тапсырысты орындау барысында бекіре тұқымдас балық шабақтарының өсуіне кедергісін келтіріп, зиян шектіріп , отырғанын баса айтты.

Жылқы – түздің малы

Мәселенің мәнісін білу мақсатында, Исатай аудандық кәсіпкерлік  және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегеновке хабарластық. Ол қазіргі қалыптасқан жағдай туралы хабардар екен. – Ауданда су тапшылығы жоқ. Десек те, биылғы қуаңшылыққа байланысты облыс орталығына жақын орналасқан Хамит Ерғалиев, Тұщықұдық, Аққыстау ауылдарының жылқылары қаланың аумағына кіріп кеткен. Шаруа қожалықтарының иелеріне түсіндірме, ескерту жұмыстары жүргізіліп, 10-ға жуық шаруа иесі үйірлерін әкетті. Жылқы – түздің малы. Оны байлап, қамап ұстау мүмкін емес. Бүгінде шаруа қожалықтары ғана емес, жекелеген тұрғындардың да жылқы ұстауға деген қызығушылығы басым, – деді ол.

Бөлім басшысының айтуынша, өңірде жыл сайын жылқы басы 10 пайызға артып келеді. Биылғы жартыжылдықтың есебі бойынша аудан халқының иелігінде 20 мыңнан астам жылқы бар. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі барлық мүмкіндікті пайдаланып, тиісті шаралар алуда.

Алайда, ол бүгінде аздық етіп тұр. Қуаңшылық қолды байлауда Елбасының Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігі баса айтылды. Ол үшін қай салада болмасын шикізат өңдеп, өнім өндіру басты назарда болуы керек. Міне, жетістігін тек малдың санымен ғана өлшейтін шаруаның бүгінгі жай-күйі осындай. Егер бие байланып, сатылымға саумал шығарып, қымыздың саудасын қыздырса, үйір-үйір жылқы былай жүгенсіз жүрмес еді.

Ендеше, оған не кедергі? Исатай ауданындағы қожалықтар негізінен малын өсіріп, оның басын көбейтіп, ет өнімдерін пайдаланады. Бие байлап, түйе сауып отырған осы азаматтардың айтатын өз уәждері бар болып шықты. Бізбен тілдескен «Исақұл» ш а руа қожалығының иесі Жәнібек Исақұлов – ата құрығын ұстап қалған жылқышы. Кәсібінің ұңғыл-шұңғылын жетік біледі. Оның жілігін шағып, майын ішеді десе де болады. Шаруа иесінің бейсауыт жүрген жылқылардан өзінің бір үйірін айдап әкетіп, екінші үйірін іздеп жүргеніне бірнеше күн болыпты.

 – Жылқылар каналдың бағытынан адасып, су іздеп Жайыққа кеткен. Мұның басты себебі, жайылымның қуаңшылығы. Адал еңбек, маңдай термен өсірген малымыздың 80 шақырымға дейін жайылып кетуі, шаруашылықтың бүкіл жұмысын тастап, шығынға ұшырап, оны іздеу бізге де оңай соғып отырған жоқ. Шағым түскен аумақта жүргеніме міне, төрт тәулік болды. Мұнда жүрген жылқылардың бәрі бірдей Исатай ауданына тиесілі емес. Ол жерде қаламен іргелес Махамбет ауданының, Таңдай ауылының жылқылары жүр, – деді қожалық иесі. Иелігінде 912 гектар жері бар шаруа қожалығы 1991 жылы тәуелсіздікпен қатар құрылған. Сол күннен бүгінге дейін туған жердің төскейін төрт түліктің төртеуіне толтырған. Күніне сатылымға 20-25 литр қымыз, 15-20 литр шұбат, 30-35 литр сиыр сүтін шығарады. Көкейіміздегі сұрақтың да жауабын шаруа иесінен білдік. Алғашқы құлындаған биені сауынға байламайды екен.

Себебі, оның сүті де, құнары да аз болады. Сондықтан, алғаш құлындаған бие төлімен еркін жайылыста жүреді. «Әрі толық қамтуға уақыт та, күш те тапшы» дейді шаруа. Ол келешекте өнім көлемін молайтуды басты мақсат етіп қойып отыр. Шаруагер алдағы күндері заманауи технология дамыған заманға сәйкес, малға GPS-құрылғы қондырылатынын да айтып қалды. – Жылқы – біз мекендеп отырған қазақтың жерін жаудан қорғаған жануар. Аяғы жеткен жерден жемін іздеп жүре береді. Оған тұсау да, тоқтау да сала алмайсың. Жер қуаң. Алдымыз қыс. Біздің басты уайымымыз да осы болып отыр. Қазір мәселе ушығып тұрса, қыста қайтеміз? Оны қамап айыппұл салса, ол да біздің қалтамызға түспей ме? Сондықтан, жылқы иесіне түсіністікпен қараса екен деген тілегіміз бар, – деді Жәнібек Исақұлов. Бүгінде шаруагердің де мәселесі шаш етектен. Олардың қазіргі басты мақсаты – малдың басын шығынға ұшыратпай, қыстан аман шығу.

P.S: Ойды ой қуалайды демекші, бір мәселеден бірнеше жайттың басы ашылып отыр. Тоғанды қорғаймын деп кәсіпорын тарапы шыр-пыр болса, төрт-түлік иелерін де қуаңшылық тұйыққа тіреуде. Құзырлы орындар түсіндірме жұмыстары мен әкімшілік шара алудан басқа іске дәрменсіз. Енді қайтпек керек? Өнім өндіріп, өзімізді сапалы табиғи өнімдермен қамтудың жолы қандай? Көкейдегі көп сұраққа алдағы күндері жауап тоспақ ойымыз бар. Пікіріңізді білдіре отырыңыз, оқырман.

 Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз